«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ішкен асыңның денсаулығыңа зияны бар ма, жоқ па – осыған назар аудар

Ішкен асыңның денсаулығыңа зияны бар ма, жоқ па – осыған назар аудар
Автор
Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, адамдағы байлықтың негізгісі – денсаулық. Деннің саулығы – мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің арқауы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік саясаттағы басым бағыттарының бірі де – халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет ұсыну. Осы мәселелер бойынша өңірімізде бүгіндері нендей шаралар атқарылып жатыр?

Облысымыздағы ірі медициналық ұйымдардың бірі – облыстық көпсалалы ауруханасы бүгінде облыс тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін заманауи медицина орталықтарының қатарында. Халыққа сапалы, қауіпсіз әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету, сондайақ кәсіби мамандардың әлеуетін дамыту арқылы емдеу сапасын арттыру – 150 жылдан астам тарихы бар, «облыс емдеу мекемелерінің қара шаңырағы» атанған ұжымның басты міндетіне айналған. Облыстық көпсалалы аурухана – тек емдеу ғана емес, білім мен тәжірибе алмасу орталығы. Мұнда жергілікті медицина колледждерінің студенттері мен жас мамандар тәжірибе жинап, жоғары деңгейлі дәрігерлер өз біліктілігін арттырып отырады.

Аурухана заманауи талаптарға сай материалдықтехникалық базаға ие. Ауруханада 340 төсек қоры, бірнеше клиникалық, диагностикалық бөлімшелер бар. Құрамында терапия, хирургия, проктология және іріңді хирургия, нейроинсульттік-нейрохирургия, реанимация, реабилитация, кардиология, кардиохирургия, рентгеноэндоваскулярлық бөлімше, гинекология, гематология, эндокринология сынды бөлімшелер жұмыс істейді. Жыл сайын 12 мыңнан астам пациент стационарлық ем қабылдап, жанына дауа табады. Өткен жылы 2860 науқасқа әр дәрежедегі хирургиялық оталар жасалды. Олардың арасында 80-ге жуық кардиохирургиялық күрделі ота, қан тамырларына 578 ота жүргізілді. Оларға қоса диагностикалық бөлім мен ревматология және ішек аурулары орталығы қызмет етуде.

Жоғары технологиялы оталар жасауға мүмкіндік беретін заманауи операциялық блоктар, эндоскопиялық және лапароскопиялық жабдықтар, соңғы үлгідегі КТ, МРТ, ангиограф қондырғысы және ультрадыбыстық диагностикалық аппараттар орнатылған. Лабораториялық база толық автоматтандырылған, нәтижелер электронды жүйе арқылы тіркеледі. Өткен 2025 жылы «Клиникалық фармация» бөлімі ашылды. Жаңа құрылым емдеу үдерісін цифрландыру мен бақылауды қатаңдату арқылы медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттырады. Бөлімде төрт фармацевт, бір провизор, екі медицина қызметкері, екі курьер еңбек етеді. Ұжымды С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алған, 10 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер Құралай Ақылбайқызы басқарады. Жаңа бөлім дәрігерлердің барлық тағайындауын орталықтан бақылай алады. Дәрілік заттар бір жерде сақталып, жүйелі түрде бөлінеді.

Бұл дәрі-дәрмектердің жоғалуына, тиімсіз қолданылуына жол бермейді. Бөлім медициналық ақпараттық жүйеде жұмыс істейді. Емдеуші дәрігерлердің тағайындаулары тікелей клиникалық фармакологтің «сақтау қорына» түседі. Ол тәулік бойы рецептерді «бес алтын қағида» бойынша тексереді. Мұнда дәріні дұрыс тағайындау, дозаны сырқаттың жағдайына сай қолдану, ем-шараны қауіпсіз жасау, қабылдау жиілігі, емдеу курсының ұзақтығы талапқа сай белгіленеді. Қазірде фармация бөлімінің жүйесіне терапия, хирургия, жұқпалы аурулар, босану, балалар бөлімдері, күндізгі стационар қосылған. Клиникалық фармация бөлімін құру медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттырады. Цифрлық шешімдер аурухана жұмысын жүйелеп, науқастарды тиімді емдеуге мүмкіндік береді. Бұл – медициналық қызмет сапасын арттырып, дәрігер мен пациент арасындағы байланысты жеңілдетуге септігін тигізді, – дейді аурухананың бас дәрігері

Марат Жұманқұлов. Ауруханада 725 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 98-і дәрігер және 304 орта буын медицина мамандары – мейіргерлер. Медициналық құрамның басым бөлігі – тәжірибелі, жоғары санатты дәрігерлер. Олардың арасында медицина ғылымдарының кандидаты мен докторы, магистрлер мен халықаралық тағылымдамадан өткен мамандар бар. Кадр саясатының негізгі бағыты – үздіксіз білім алу және кәсіби өсу. Дәрігерлер мен мейіргерлер отандық және шетелдік оқу орталықтарында біліктілігін арттырып, халықаралық стандарттарға сәйкес тәжірибе жинақтап отыр. Аурухана ішіндегі тренингтер, шеберлік сыныптары мен тәжірибелік с еминарлар мамандардың кәсіби дайындығын күшейтуге септеседі. Биылғы жылы емдеу мекемесінде бірқатар жаңа жоба жүзеге асырылып, қызмет көрсету деңгейі жаңа сатыға көтерілген.

Атап айтсақ, хирургиялық бағытта жоғары технологиялық оталар жолға қойылып, нейрохирургиялық оталар жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында тегін жасалып, көптеген науқасқа қайта жүру мүмкіндігін сыйлаған. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары орт алығы жаңартылған жаңа ангиографиялық кешен іске қосылып, жедел инфаркт кезінде стент қою, кардиохирургиялық араласулар жасау мүмкіндігі артқандығын атағанымыз жөн.

Диагностикалық қызмет кеңейтіліп, зертханалық базаның жаңартылуы, биохимиялық және генетикалық зерттеулердің жаңа түрлерінің енгізілуі медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыра түскен. Оңалту орталығында инсульт, жарақат және отадан кейінгі науқастарға арналған қалпына келтіру бағдарламалары жаңартылған. Сондай-ақ әлеуметтік жобалар үздіксіз жүзеге асырылуда. Аурухана базасында «Денсаулық фестивалі», «Ашық есік күндері», «Жүрек айлығы», басқа да акциялар ұйымдастырылып, нәтижесінде мыңдаған тұрғын тегін кеңес пен тексеруден өткен. Осының барлығы тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін, медициналық қызмет сапасын, қолжетімділігін арттыру үшін жасалып жатқан жұмыстар. Алдағы уақытта да өңір халқының өмір сапасын арттыруға арналған кешенді жұмыстар жалғасады, – дейді аурухана басшысы.

– Қазақ халқында «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Көпшілік тарапынан денсаулық сақтау барысында қандай кемшіліктерге жол беріледі? Азаматтарға қандай кеңес айтар едің? – деген сұрағымызға Марат Сейтбекұлы:

– Рас, бізде денсаулыққа салғырт қарайтын азаматтар аз емес. Кез келген дерттің алдын алуға болады. Дегенмен оған немқұрайдылық танытып, сырқат жанына қатты батқанда дәрігерге жүгінеді. Кейбір сәтте бәрі кеш болып жатады. Біз мейлінше, науқастың дертіне дауа іздеп, адам жанының арашашысы боламыз. Көпшілікке «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді тағы бір мәрте ескерткім келеді. Оның жолы қандай? Ең бастысы, құнарлы тамақтану мәселесі. Әрбір ішкен асыңның денсаулығыңа зияны бар ма, пайдасы қандай дегенге назар аудару қажет. Өкініштісі, қазір оған мән бермейтін азаматтар көп. Соның салдарынан түрлі ауруға душар болып жатады. Сондай-ақ спортпен шұғылдану үнемі сергек жүруіңе оң әсерін тигізеді. Аурухана ұжымында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірнеше штаттан тыс бас мамандары қызмет етеді. Солардың бірі денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургі Нұрлан Жайынбаевпен жолығып, бірнеше сұрақ қойдық:

– Еліміздегі хирургия саласының дамуы жөнінде не айтасыз? Әлем бойынша қандай деңгейде деп бағалайсыз?

– Еліміздің хирургия саласының даму деңгейі әлемдегі дамыған елдермен шамалас. Ол жақтарда да жасалып жатқан ота түрлері бізде де жасалуда. Облыстағы хирургия саласының даму деңгейін республикада алдыңғы орындарда деп санаймын. Қазір біздің ауруханада алыс-жақын шетелде білім алып, көптеген жаңа ота түрін меңгерген тәжірибелі дәрігер мамандар қызмет атқарады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыс хирургиясы тың серпін алды. Нәтижесінде жаңа ота түрлерін сатылы түрде енгізіп жатырмыз. Жергілікті дәрігерлер Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы ҰХҒО, шетелдік ауруханалармен тығыз байланыста еңбекетіп келеді. Аталған әріптестермен тәжірибе алмасып, жан-жақты жасалған күрделі ашық ота, эндоскопиялық және кіші инвазивті жолмен жасалатын ота түрлері ауруханаға батыл енгізілуде. Бүгінде күніне орташа есеппен 10-12 ота жасалуда. Ол аптасына шамамен 60-70 отаға жетеді. Олардың 80 пайызы кіші инвазивті және лапароскопиялық жолмен жасалуда. Бұл – үлкен жетістік.

– Қазір ауруханада нендей жаңашыл жобаларға мән беріліп келеді. Олардың денсаулық сақтау саласын дамытуға ықпалы бар ма? – деген сұрақ қойдық.

– Ауруханада науқастарға кіші инвазивті технологияны пайдаланып, лапароскопиялық оталар жасау кеңінен орындалуда. Қазіргі таңда лапароскопиялық аппендэктомия, холецистэктомия, асқазан және 12 елі ішек тесілген ойық жарасын лапароскопиялық тігу, панкреонекроз кезінде лапароскопиялық кіші шарбы майды ашу, холедохолитиаз, яғни өт жолдарына тас пайда болып, механикалық сарғаю жағдайында папиллосфинкертотомия, бауыр абсцессінде лапароскопиялық тәсілдер секілді жаңашыл істерді қолға алып отырмыз.

Оған қоса дренаждау, механикалық сарғаю кезінде лапароскопиялық бауыр арқылы холецистостома орнату, өңеш пен асқазан жараларынан қан кеткен жаңдайда эндоскопиялық жолмен қан ағуын тоқтату және қан тамырын байлау, УДЗ және ИОХГ бақылауымен тері-бауыр арқылы холангиостомия, лапароскопиялық бауырдың эхинококэктомиясы, жатырдан тыс жүктілік кезіндегі лапароскопиялық тубэктомия, жатыр экстрпациясы және туботомия жасалады. Одан басқа да көптеген отаны орындаймыз. Санитарлық авиация арқылы аудандық ауруханаларда жоспарлы және қажет болып жатса қысқа мерзімде жетіп жедел ота жасаудамыз. Қажет болған кезде телемедицина көмегіне жүгініп, қажетті дәрігерлік кеңес беру де оңды жолға қойылған. Заманауи жетістіктерге қарамастан, аурухана алдында шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Қазіргі басты проблема – орын тапшылығы. Халық санының артуы мен қала маңы тұрғындарының ауруханаға жиі жүгінуі салдарынан жоспарлы емделушілер үшін орын аздығы айқын көрініс табуда. Оған мысал, емдеу мекемесіне жылына шамамен 40 мыңға жуық науқас келсе, тәулігіне 150-ге жуық адамға қызмет көрсетіледі екен.

Науқастар санының көптігі кейде аурухананың нақты қуатынан асып түседі. Оның қиындығын дәрігерлермен қатар, емделушілер де көріп отыр. Алдағы жылдары ауруханаға 450 төсек-орындық жаңа ғимарат құрылысы бастау алады деген жоспар бар. Оның орналасатын жері де белгіленіп қойылыпты. Әрине, ол ой іске асса, заман талабына сай медициналық көмектің сапасы едәуір жақсарады, жаңа диагностикалық және емдік аппараттар, инновациялық технологиялар іске қосылады, медицина қызметкерлерінің жұмысы жеңілдене түсіп, ем-домның тиімділігі артады. Осы күні шектен тыс жүктеме мен кадр тапшылығы да түйінді мәселеге айналып отырғанын жасыруға болмас. Әсіресе кіші медицина қызметкерлері біраз бөлімшелерде жетіспейді. Оның басты себебі – айлықтары тым төмен. Басқа мамандар жеткілікті болғанымен, жұмыс көлемі өте жоғары. Бір дәрігер күніне ондаған науқас қабылдайды. Бұл физикалық және психологиялық тұрғыда үлкен жүктеме. Аурухана әкімшілігі бұл бағытта нақты жоспарлар жасап, жаңа инвестициялар мен серіктестік жобаларды қарастырып отыр. Бұл бастама медициналық сала қызметкерлеріне де ерекше серпін берген.

Сайып келгенде, Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасы – сапалы медициналық көмек пен адами капиталдың үйлесімін көрсететін үлгілі мекеме. Мұнда кәсіби шеберлік пен жаңашылдық қатар өрбіп, басты құндылық – адам өмірі мен денсаулығына қалтқысыз қызмет көрсетуде табандылық танытып келеді. Қиындықтарға қарамастан, ұжым халық сенімін ақтап, жаңа биіктерге ұмтылуда. Алдағы уақытта аурухана төсек қорын ұлғайтып, диагностикалық және хирургиялық қызметті кеңейтіп, цифрлық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруді көздеп отыр.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар