Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми онкология орталығының білікті мамандары – профессор, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас тамыр хирургі Ирлан Сагандыков пен тамыр хирургі Ербол Джусубалиев арнайы келіп, тәжірибелерімен бөлісті. Олар жамбылдық дәрігерлермен бірге күрделі оталарды орындап, кәсіби шеберліктің жаңа деңгейін көрсетті. Шеберлік сабағы тек теориямен шектелмей, нақты клиникалық жағдайлар негізінде өтті. Алғашқы науқас – 64 жастағы ер адам. Оның басының жиі ауыруы, бас айналуы, жүрісінің бұзылуы және тепе-теңдіктің сақталмауы секілді шағымдары болған.
Тексеру нәтижесінде сол жақ ұйқы артериясының толық бітелгені анықталып, дәрігерлер күрделі операция жасап, миға баратын қан айналымын қалпына келтірді. Ал екінші науқаста ішкі ұйқы артериясының патологиялық иілуі тіркелген. 62 жастағы ер адамды мазалаған бас ауруы, құлақтағы шу мен бас айналу белгілері хирургиялық араласудан кейін жойылды. Мамандар зақымданған тамыр бөлігін алып тастап, артерияны қалпына келтіріп, қан ағымын тұрақтандырды. Екі операция да сәтті аяқталып, науқастардың жағдайы айтарлықтай жақсарған. Бұл – отандық медицинадағы нақты нәтижеге бағытталған жұмыстың айқын көрінісі. Облыстық көпбейінді ауруханасының хирургия және инновациялар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Асқар Садықовтың айтуынша, мойын мен бастың ірі қан тамырлары аурулары инсульттің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Бұл дерттер көбіне қан тамырларының тарылуы, бітелуі немесе тамыр ішінде қауіпті түйіндердің пайда болуымен байланысты. Ең басты қауіп – мидың қанмен толық қамтамасыз етілмеуі.
Осындай шеберлік сабақтары дәрігерлердің тәжірибе алмасуына ғана емес, өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға да үлкен ықпал етеді. Заманауи тамыр хирургиясы әдістерін меңгеру – инсульттің алдын алуға, науқастарға дер кезінде әрі тиімді көмек көрсетуге жол ашады. Бұл бастамалар заманауи медициналық технологиялардың өңірлерге кеңінен еніп жатқанын көрсетеді. Соның арқасында тұрғындардың денсаулығын сақтау мен өмір сапасын жақсарту мүмкіндігі артып келеді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Мақсат – науқастарды қабылдау сапасын жақсарту
- Бүгін, 16:23
Таразда өңір хирургиясының келешегі талқыланды
- Бүгін, 16:14
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




