«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайраткерлер есімі ескірмейді

Қайраткерлер есімі ескірмейді
Автор
Тараз қаласының «Ұлан» стадионында Мемлекет және қоғам қайраткерлері, майдангерлер Асанбай Асқаров пен Мұқатай Жұрмұхамедовты еске алуға арналған іс-шара ұйымдастырылды. Шара аясында футболдан 2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ашық облыстық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.

Турнирді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, аталған қайраткерлер туралы естеліктерімен бөлісті.

«Асанбай Асқаровтың қазақ еліне, оның ішінде біздің облысқа сіңірген еңбегі өте зор. Үш облысты басқара жүріп, тек ғана рухани байлықты мұрат тұтты. Шымкенттен көшкенде бір «Камаз» кітаппен көшкені – бәрімізге үлгі. Социалистік Еңбек Ері атанды. Ел есінде үлкен тұлға болып қалды. Мұқатай Жұрмұхамедов туралы да көп жылы сөздер айтуға болады. Ол кісі де осы өңірге қызмет еткен, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған тұлға. Олардың рухына қанша құрмет көрсетсек те артық емес. Есімдері мәңгі есімізде сақталады», – деді.

Сондай-ақ жиында А.Асқаровтың келіні Ермеккүл Олжабаева, ағайыны Ескендір Жүнісов, ізбасар шәкірті Жетен Медеуов, мемлекеттік қызмет ардагері Светлана Қанапина мен М.Жұрмұхамедовтың ағайыны Әбдіраман Өтемісов және облыстық спорт саласы ардагерлерінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі сөз сөйледі. Жарыстың демеушісі – кәсіпкер Әбдіраман Өтемісов екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар аталған тұлғалар рухына дастарқан жайылып, рухтарына Құран бағышталды.

«Туған жердің туы биік болсын деп, Жері егінге, қыры малға толсын деп. Еңбек еттім жанымды бір аямай, Ел басына бақыт құсы қонсын деп», – деп жырлаған Асанбай Асқаров шын мәнінде елдің жүрегінен орын алған дара тұлға.

Жарысқа бір команда Жұрмұхамедовтың алтын бесігі – Қостанай облысынан келіп қатысуда. Турнир 18 мамырда аяқталып, жеңімпаздарға диплом, медаль және ақшалай сыйлықтар табысталады деп жоспарлануда.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар