«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаңғыбас иттер біздің дәрменсіздігімізді біліп қайқаңдап жүргендей

Қаңғыбас иттер біздің дәрменсіздігімізді біліп қайқаңдап жүргендей
Қазір ауылда да, қалада да не көп, иесіз қаңғып жүрген ит көп. Тобымен жүрген ит біткенді соңғы кездері қала көшелерінен жиі ұшырастыратын болып жүрміз. Күнде көріп жүрмін, «Жеңіс» саябағына жақындағаннан бастап, қаңғыбас иттер ұшыраса бастайды. «Даңқ залы» тұсынан өткен сәтте оның ту сыртындағы тоғай арасында үйірімен алысып-жұлысып жатады. Топ итті көргенде тоғайды кесіп өтер-өтпесіңді білмей бөгеліп тұрып қаласың. Дәл осындай көріністі Жамбыл даңғылы бойында орналасқан «Халық банкі» тұсындағы жанармай құю бекетінің алдынан да кездестіресің.

Жалпы, ит талап ауруханаға түскен оқиғалар бүгінде ел бойынша азаймай тұр. Теледидарды қосып қалсаң да осы тақырып. Мәселен, Атырау қаласында 8-сынып оқушысы мен студентті, Семейде №44 мектептің оқушысын қаңғыбас иттер жабыла талап жатқан жерінен үлкендер әзер арашалап қалған видео тараған. Мұндай жағдай өзіміздің қала іргесіндегі Құмшағал алабында да орын алды. Дегенмен бүгінгі күні қалада ғана емес ауыл аймақтарда да ит қауып, ауруханаға қайырылғандар аз емес. «Қаңғыбас иттер неге көбейіп кетті?» деген сұрақ әрбіріміздің көкейімізде тұрғаны анық.

Әсіресе қаңғыбас иттер көпқабатты үйлердің арасындағы қоқыс жәшіктері маңайын төңіректейтіні белгілі. Ит біткен балаларға үйір. Көп жағдайда иесіз күшіктерді балалар қызық көріп тамақтандырады. Қала берді көпқабатты тұрғын үй тұрғындары тамақ қалдықтарын арнайы контейнерге тастамай, «обал болмасын» деп иттерге беріп жатады. Бірақ олар өскеннен кейін мәселе басталады. Шын мәнінде, иттер мен мысықтарда құтыру ауруы болған кезде тіптен қауіпті болатындығы белгілі. Мамандардың айтуынша, былтыр Байзақ ауданынан 3 ит және Талас пен Мойынқұм аудандарында бір-бір мысықтан құтыру ауруы тіркелген. Жалпы, облыс бойынша өткен жылы 3 310 адам иттен зардап шексе, оның 1 453-і 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Ал биыл 257 адам иттен зардап шекті, оның 113-і иесі бар ит болса, 144-і қаңғыбас иттер. Жылда қаңғыбас, иесіз қалған иттер мен мысықтардың көзін жоюға миллиондап қаржы бөлінеді. Бірақ одан нәтиже шамалы секілді.

Мәселен, өткен жылы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға және жансыздандыруға 20 385 мың теңге, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды егу және зарарсыздандыруға 7 890 мың теңге, уақытша ұстауға 3 980 мың теңге, сәйкестендіруге 3 990 мың теңге, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіруге 390 мың теңге, барлығы 36 635 мың теңге бөлініп игерілген. Ал биыл қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға және жансыздандыруға 30 миллион теңге, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды егу және зарарсыздандыруға 9 миллион 998 мың теңге, уақытша ұстауға 5 миллион теңге, сәйкестендіруге 5 миллион теңге, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіруге 525 мың теңге, барлығы 50 523 мың теңге бөлінген. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Сәкен Жұманқұлдың айтуынша, былтыр 30 269 қаңғыбас ит, 375 мысық ауланса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 7 513 қаңғыбас ит ауланып, 9 110,5 мың теңге игерілген.

«Мемлекеттік сатып алу конкурсында облыста қаңғыбас иттерді аулау қызметін ұтып алған облыстық ветеринариялық станциясының 12 аулау бригадалары халықтан және «Жамбыл 109» диспетчерлік орталығына келіп түскен өтініштер бойынша жұмыстар атқаруда. Иесіз жануарларды аулау заңдылықтарға сәйкес гумандық әдістерді, атап айтқанда, құрық және торларды қолдану арқылы жүргізілуде. Мойынқұм, Жуалы, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Талас аудандарында және Тараз қаласында уақытша ұстау орындары қолданысқа берілді. Сарысу ауданында жеке панажай жұмыс істеуде.

Т.Рысқұлов, Шу, Қордай аудандарында әкімшілік тарапынан жалға алған уақытша ұстау орындарында ұстауда. Басқарма тарапынан жануарларды есепке алу ақпараттық жүйесі «IT-COR» порталымен 6 миллион теңгеге келісімшартқа отырып, 2024 жылы «IT-COR» дерек қорына барлығы 4 111 ит тіркелді, оның 618-і жеке тұлғалардың, 346 сы иелері осал топқа жататын тұлғалардың және 3 147-і қаңғыбас ит. Оның ішінде 1 414 итке вакцинация, стерилизация және кастрация жасалып, ережелерге сәйкес 1 379 ит қайтадан табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Ал биыл «IT-COR» дерек қорына 54 ит тіркелді», – дейді бас маман. Қаңғыбас иттерден зәрезап болған қала тұрғыны Орынбасар Тоқберген мектепке таңертең барып, кеш қайтатын балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді. Өйткені көше толы қаңғыбас иттер жалғыз жарым балаларға тап беретін көрінеді.

– Ит – жеті қазынаның бірі деп жатамыз. Десе де, одан қоғамға, адамдарға қаншалықты зиян келетінін де ұмытпаған жөн. Біздің Құмшағал шағынауданында бұл мәселе әлі де толық жойылған жоқ. Бүгінде ауылда қаңғыбас иттер көп. Иесіз иттер қазір адамдарға қауіп төндіріп тұр. Осыны біле тұра қам-қарекетсіз отырған ветеринарлардың қамсыздығына таңғаламыз. Айтсақ, «атуға болмайды, заң талабына сай аулаймыз» дейді. Ол иттер оңай ұстата қоятын қой емес, байқамасаң қауып алады. Осы заңды шығарғандардың өзіне ит аулатып қойса, көрер едім әуселесін... Біздің талап – балаларымыздың қауіпсіздігі, қаңғыбас иттерді атып көзін жоймаса, соңынан тор алып қуып жүріп ештеңе өндіре алмайсың, – дейді ол.

Атап өтерлігі, жалпы қала және ауыл тұрғындары ветеринарларды ау алып, итті қуып жүріп ұстаймыз деген дәрменсіздігіне наразы. Оның үстіне қазір қаңғыбас ит тұрмақ, аулада күні бойы бас көтермей жататын жалқау төбеттердің өздері күйлеп, төбесін көрсетпей тентіреп кететін беймаза шақ туған. Айтқанына көніп, айдауына жүретін тәртіпті төбеттердің өздері осындай кезде көздері қанталап, жүйкелері жұқарып, тіпті шақырып, қайтармақ болған егесінің өзіне бағынбай, қарсы шабуылдаудан танбайды.

Осындай қауырт шақта қызғаншақ иттер алдына келсе ешкімді де аямасы белгілі. Дәл осы тұста төбетті аумен ұстауға әрекеттенген ветеринарыңның өнімсіз ісін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Аудандарда әлі де болса мұндай мәселе жоқ. Ау алып әуре болмай-ақ, мылтықпен қаңғыбас иттердің көзін жойып жатыр деп естиміз, рас болса... Халық та оны құптап отыр. Өйткені өңкиген төбеттен келер қауіп көп. Қарғыбауы жоқ ит – қаңғыбас ит. Ал қалада халықтың да көзқарасы әртүрлі. Ветеринарлар да атып салуды білмей отырған жоқ, бәле салатындардан қаймығады ғой...

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар