«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аурушаңдық азайып келеді, бірақ арқаны кеңге салуға болмайды

Аурушаңдық азайып келеді, бірақ арқаны кеңге салуға болмайды
Ашық дереккөз
Жұқпалылығымен де, денсаулыққа тигізер зиянымен де қауіпті туберкулез дерті Mycobacterium tuberculosis бактериясын жұқтыру арқылы туындайды. Жұғу жолы да жылдам, науқастанған кісіден сау адамға ауа арқылы жұғып, тарала береді. Қазіргі таңда тиімді емнің болуына қарамастан, туберкулез бүкіл әлемде өлім-жітімнің жетекші себептерінің бірі болып отыр. Денсаулық сақтау саласының алдында тұрған үлкен сынақ – бұл жаһандық дәріге төзімді туберкулез мәселесі.

Соңғы 10 жылда облысымызда туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 1,8 есеге төмендепті. Облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Дабыл Шымыровтың айтуынша, 100 мың тұрғынға шаққанда 2014 жылы бұл көрсеткіш 58,9 болса, өткен жылы 32,6-ға азайған. Абсолюттік санмен алғанда туберкулездің жаңа жағдайларымен тіркелгендер саны 643 адамнан 399 адамға дейін кеміген. Өлім көрсеткіші 4,9 есеге азайып, 2014 жылы 5,4 болса, өткен жылы 1,1-ге дейін төмендеген. Туберкулезден қайтыс болғандардың саны 47-ден 13-ке дейін азайған.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымызда туберкулез аурушаңдығы 2023 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға төмендеді. 100 мың тұрғынға шаққанда 2023 жылы көрсеткіш 34,2 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 32,6 ны құрады. Өлім-жітім көрсеткіші өткен жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 1,1 болып, 2023 жылмен салыстырғанда бір деңгейде қалды. Туберкулездің таралу көрсеткіші, яғни аурушаңдық пен қайталану жағдайларының қосындысымен есептелетін бұл көрсеткіш 2024 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 42,5-ті құрады. Ал 2023 жылы туберкулездің таралуы 6,8 пайызға түсті. Облыстық фтизиопульмонологтар орталығында «Ахуалдық орталықтар» жұмысын қарқынды жалғастыруда. Электронды денсаулық паспортындағы мәліметтерді дұрыс енгізу және флюорографиялық жоспарды цифрландыру бойынша белсенді жұмыстар мен оқытулар жүргізілуде. Флюорографиялық жоспарды цифрландырудың пайдасын осы көрсеткіштен байқауға болады. Ересектер мен жасөспірімдер арасында өкпе туберкулезін анықтап, тіркеу барысында облыс бойынша өкпе деструкциясымен анықталған науқастардың үлес салмағы 30,1 пайызды құрады. 2023 жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 43,9 пайызды құраған. Демек, науқастарды аурудың ерте сатысында анықтау жақсарып келеді, – дейді Дабыл Омарұлы.

Ең қауіптісі – дәріге төзімді туберкулез. Мұндай туберкулезге шалдыққан науқастарды емдеудің тиімділігін анықтау үшін 36 айға дейін мониторинг жүргізіледі. 2021 жылы тіркелген барлық дәріге төзімді туберкулез науқастарының сауығу көрсеткіші 81,9 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш 2020 жылы тіркелген науқастармен салыстырғанда жақсарғанын байқатады. Себебі 2020 жылы ол 74 пайыз болған.

Дәріге төзімді туберкулездің пайда болуының негізгі себептерінің бірі – туберкулезді емдеу үшін тағайындалған дәрілерді жүйелі түрде қолданбау немесе толық курс алмау. Бұл жағдайда, егер адам туберкулезбен бұрын емделмеген болса да дәріге төзімді түрімен науқастанған пациенттен жұқтыру мүмкіндігі жоғары. Қазіргі қолданыстағы бұйрыққа сәйкес, дәріге төзімді туберкулезді жаңа тәсілмен емдеу 6-9 ай ішінде жүзеге асырылуы мүмкін. Бұрын бұл емдеу кезеңі 36 айға дейін созылатын.

Облыста туберкулез дертінің эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылып, 2025-2027 жылдарға арналған туберкулез инфекциясымен күреске арналған кешенді іс шаралар жоспары құрылып, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің бекітуімен жүзеге асырылуда.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар