«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аналарға қолдау көрсетіп, тегін кеңес берді

Аналарға қолдау көрсетіп, тегін кеңес берді
Автор
Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Қамқор қоғам» атты ашық есік күні өтті. Іс-шара репродуктивті денсаулық апталығы мен аналар күніне орай ұйымдастырылды. Аталған шара қоғамдағы ана мен бала денсаулығына назар аудару, әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек көрсету, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және азаматтардың құқықтық, психологиялық, медициналық сауатын арттыруды мақсат етті.

Іс-шараға қала тұрғындары, аналар мен бойжеткендер, әлеуметтік қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласының мамандары, ғалымдар, психологтар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шараның ресми ашылуында облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Ермек Қорабаев және «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілектерін арнады. Олар қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтудың, әлеуметтік әріптестікті дамытудың және азаматтарға көрсетілетін жан жақты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Ашық есік күні аясында заңгер кеңесі, психологиялық қолдау, әлеуметтік көмек және дәрігер алаңы жұмыс істеп, психологтар мен заңгерлер, Отбасы банкі қызметкерлері мен гинеколог мамандары тегін кеңес берді. «Басты байлық – денсаулық» тақырыбында өткен психологиялық қолдау алаңын Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының аға оқытушысы Тәтті Орынтай жүргізді. Қатысушылар облыстық заң консультанттар палатасының заң консультанты Бақытжан Оразымбетов, адвокаттар алқасының адвокаты Айнұр Кененбаева, жеке сот орындаушысы Алтынбек Дильжанов, облыстық Әділет департаменті құқықтық түсіндіру жұмысы және заң қызметін көрсету бөлімінің бас маманы Еркебұлан Джумажанов, Тараз қаласы полиция басқармасы отбасы тұрмыстық зорлық зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Аяулым Байшора сияқты тәжірибелі мамандардан құқықтық көмек алды. Олар отбасылық құқық, алимент мәселелері, әлеуметтік жеңілдіктер мен сот шешімдерін орындау тәртібі бойынша кеңес берді. Белгілі акушер-гинеколог, медицина саласының үздігі, «Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі асыл жар, аяулы ана» кітабының авторы Ақерке Тоқбергенова қыз-келіншектерге репродуктивті денсаулық туралы пайдалы ақпарат ұсынып, ашық сұхбат өткізді.

Әлеуметтік көмек алаңында азаматтарға жұмыспен қамту, тұрғын үй бағдарламалары мен мемлекеттік жеңілдіктер туралы кеңестер берілді. Тараз қаласы бойынша «Мансап» орталығының бөлім басшысы Ерлан Байұзақов және «Отбасы банкі» АҚ кеңесшісі Аяна Койбакишева өз салалары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында «Анамның қолы» атты фотожоба аясында жасалған шығармашылық байқау қорытындыланып, үздіктерге алғыс хаттар табысталды.

Шығармашылық байқауға орталықтың үйірме қатысушыларынан барлығы 50-ге жуық фото келіп түсті. Соның ішінен 7 қатысушының жұмысы үздік деп танылып, көрмеге қойылды және қатысушылар аналарымен бірге марапатталды. Бұл жоба арқылы ана қолының мейірімі мен еңбегінің қадірі көпшілікке насихатталды.

«Қамқор қоғам» ашық есік күні – бұл тек бір күндік іс-шара емес, қоғамдағы аналар мен отбасы мүшелеріне жан жақты қолдау көрсетуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Ұйымдастырушылар мұндай іс шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатынын жеткізді.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар