
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында қазақ елін шарлаған ашаршылық Рыспеков әулетін айналып өтпеді. Зейіт жастайынан ата-анасынан ерте айырылды. Інісі Момбек екеуі біріне бірі көз бола жүріп, балалар үйінде тәрбиеленді. Еселі еңбекпен ақ адал нан табуды ойлаған Зейіт бозбала шағында шоферлік курсты аяқтап, техникаға деген қызығушылығының арқасында автокөлік жүргізуші болып еңбек жолын бастайды.
1940 жылдың 15 қаңтарында Жамбыл аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған. Отан алдындағы борышын Закавказье әскери округінде атты әскер құрамында бастайды. Бұл әскери құрама негізі Қырғыз елінде жасақталған болатын. 1941 жылдың жазында әскер қатарынан соғысқа аттанады. Сұрапыл жылдарда ол 1942 жылы 26 қыркүйектен 1943 жылғы 10 сәуір аралығында Калининград майданына, 1943 жылғы 10 сәуірден 1943 жылғы 20 маусым аралығында Батыс майданда, 1943 жылғы 15 маусымнан 1 қарашаға дейін Оңтүстік-Батыс майданда, 1943 жылғы 1 қарашадан ІІІ Украин майданы құрамында және 1944 жылғы 21 ақпаннан Батыс Украин майданында зұлым жауға 120 мм миномет батареясының командирі бола жүріп тойтарыс береді. Ол бұл әскери мамандықты соғыс басталар алдында арнайы дайындық мектебінен өтіп, игерген. Ол соғысты Праганы азат етумен аяқтады.
Қан майдандағы қаһармандығы үшін қол бастаған командир, гвардия лейтенанты Зейіт Рыспеков екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Будапештті алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
1944 жылы 31 қазан күні 1290-атқыштар полк командирі, майор Пивиков 120 мм миномет батареясының взвод командирі, гвардия лейтенанты Зейіт Рыспековті шайқас алаңындағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне марапатқа ұсынып, марапат қағазын толтырып, өз қолын қойған және полк мөрін соққан. Құжатта Зейіт Рыспековтің гвардия лейтенант шенінде, 113 Нижнеднестров атқыштар дивизия, 1290-атқыштар полкінің 120 мм миномет батареясында взвод командирі екені, 1916 жылы туылғаны, ұлтының қазақ екені, 1942 жылдан ВКП (б) мүшесі екені, тіпті партиялық билетінің №4956476 нөмірі, әскерге Жамбыл аудандық әскери комиссариатынан шақырылғаны жазылған. «Гвардия лейтенат Рыспеков Зейіт 120 милиметрлік минометтер батареясының взвод командирі. 1290-атқыштар полкінде 1944 жылғы 15 маусымнан. Югославия қалалары үшін шайқастарда Рыспековтің батареясы жақсы жағынан көрсетті. Атыс позицияларын өзгерте отырып, ерекше маневр көрсетіп, Рыспеков шайқас барысында өзінің жеке құрамын сақтап қалды, қарсыласын үлкен шығынға ұшыратты.
Жаудың 20-ға дейін отты нүктелерін жойды. Жаяу әскеріміздің Крагуевац қаласының шабуыл шебіне қарай ілгерілеуіне қатты кедергі жасаған жаудың 1 миномет батареясын және 5 пулемет нүктесін қала үшін шайқаста жойып жіберді. Осы атыс нүктелері жойылғаннан кейін батальон қалаға аз шығынмен сәтті кірді. Гвардия лейтенанты З.Рыспеков «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатқа лайық» деп жазылған.
1944 жылы 2 қарашада 113 Нижнеднестров атқыштар дивизиясының артиллерия қолбасшысы, полковник Гуртовенко З.Рыспековті «Қызыл Жұлдыз» орденіне марапатқа лайық деп қолын қойған. 1944 жылы 28 қараша күні 113 Нижнеднестров атқыштар дивизиясының штаб бастығы, гвардия майоры Щербаков З.Рыспековтің 1944 жылы 18 қарашада №046/Н бұйрықпен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын растап құжатқа қолын қойған.
1945 жылы 8 сәуір күні атқыштар полк командирі, гвардия подполковнигі Косянец 120 мм миномет батареясының взвод командирі, гвардия лейтенанты Зейіт Рыспековті ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне марапатқа ұсынып, марапат қағазын толтырып, өз қолын қойған және полк мөрін соққан. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін оған кадрлік офицерлер дайындайтын арнаулы оқу орындарына жолдама берілгенімен бейбіт еңбекке араласу мақсатында елге оралды. 1946 жылы Луговой (қазіргі Құлан) ауданы, Ақыртөбе ауылында 1924 жылы дүниеге келген Дана Жақыпбекқызымен отау құрады.
Майдангер Зейіт Рыспеков 1948-1950 жылдары Жамбыл облыстық мал шаруашылығы шикізатын даярлау мекемесінің басшысы қызметін абыроймен атқарды, 1950-1954 жылдары Талас ауданы, Түгіскен кеңшарының (қазіргі Сарысу ауданы Тоғызкент ауылы) Досбол фермасын басқарып, одан кейін Луговой ауданының жылқы зауыты және Подгорный шаруашылықтарында жұмысшы комитетінің басшысы болып еселі еңбек етті.
Әскери өмірдің қатал тәртібіне үйренген Зейіт Рыспеков еңбек еткен жылдары талапшыл бола білген. Ол еңбек ете жүріп білім деңгейін көтеру мақсатында Сарыағаш ауданындағы «Капланбек» мал дәрігерлік техникумына оқуға түседі. Оқу орнын бітіргеннен кейінгі еңбек өтілі Жамбыл ауданындағы «Бірлесу-Еңбек» ұжымшарында партия коми тетінің хат шысы, одан кейін Талас ауданы, Үшарал кеңшарында кадр бөлімінің басшысы қызметтерімен жалғасты. Зейнетке шыққаннан кейін Жамбыл қаласына, одан Орал қаласына баласы Тұяқбай Зейітұлының қолына қоныс аударды. Орал қаласында Шаған су деңгейін бақылаушы ретінде облыстық су басқармасында жұмыс істеді. Соғыс және еңбек ардагері Зейіт Рыспеков 1997 жылы 19 ақпан күні өмірден өтті.
– Әкем қай жұмыста болса да маңдай терін төгіп, адал еңбек еткен. Әрқашанда әділ, талапшыл болды. Жемқорлыққа, руға бөлінушілікке жаны қас болды. Ұлы Отан соғысы туралы, өзінің жауынгерлік жорықты жолдары, ерліктері жөнінде көп әңгіме айтпады. Әкем тек қысқа ғана: «Балам, біз ерлік үшін емес, ортақ Отан алдындағы қасиетті борышымызды атқару үшін жан аямай соғыстық» деуші еді, – деп әкесі туралы белгілі тарихшы ғалым Тұяқбай Зейітұлы еске алады.
Майдангер Зейіт атаның ұрпағы Тұяқбай Рысбеков – Жамбыл өңірінің тумасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, Халықаралық және ҚР Жоғары Мектеп ҰҒА Академигі, «Парасат» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, Орал қаласының және Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Құрметті азаматы. Сол бір ел басына қара бұлт төнген кезде қолдарына қару алған майдангерлер соғыс туралы айтқылары келмейтін-ді. Тілдескенде, тек «Енді соғыс болмасын, бейбіт өмір сүргенге не жетеді!», – дейтін майдангерлер. Оқ пен оттың ортасынан шыққан, секунд, минут сайын қарулас жолдастары оққа ұшып жатқан кездерді естеріне алу ауыр, әрине.
Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
«Үздік өлкетанушы төсбелгі» иегері.
Батыс Қазақстан облысы,
Орал қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Патриотизмнің парасатты символы
- Бүгін, 09:10
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді