«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Той ма, шоу ма?

Той ма, шоу ма?
Автор
Қазақ үшін той – тек қуаныштың көрінісі ғана емес, ұлттың болмысы мен мәдениетінің айнасы. Халқымыз «Той десе, қу бас домалайды» деп бекер айтпаған. Алайда бүгінгі тойлардың сипатына қарап отырып, бір сәт қалың ойға шомасың. Біз осы шынымен қуаныштың қадірін арттырып жүрміз бе, әлде даңғаза мен дарақылықтың жетегінде кетіп барамыз ба?

Кешегі қазақтың тойы қандай еді? Сөздің қадірі бар, үлкеннің батасымен басталып, әзілдің өзі астарлы, тәрбиелік мәнге толы болатын. Қазіргі кейбір тойлардағы көрініс мүлдем бөлек. Әсіресе, асабалардың рөлі өзгеріп, өнер мен мәдениеттің орнына арзан күлкі мен орынсыз әрекеттер басымдық алып бара жатқандай. Ұлы Абайдың «Әзілде шек болу керек» деген ойы бүгінгі күнге дөп келетіндей. Өкінішке қарай, кейбір асабалар мен шоумендер сол шектен әлдеқашан асып кеткен. Күлдіреміз деп бүлдіріп, көпшілікті ыңғайсыз жағдайға қалдыру, адамның арнамысына тиетін сөздер айту – бұл өнер емес, бұл – жауапсыздық.

Осы орайда, біз асабалық қызметте 20 жылдан астам тәжірибесі бар Асхат Қылышбектің пікірін білген едік: «Шынында да, нағыз асаба – жай ғана жүргізуші емес. Ол – көпшілікке бағыт-бағдар беретін тұлға. Оның сөзі – тәрбие, әрекеті – үлгі. Сондықтан асабаның әрбір қадамы жауапкершілікпен өлшенуі тиіс. Тойды анайы сөзсіз-ақ, ешкімді ұятқа қалдырмай-ақ, сүбелі сөзбен, астарлы, орынды әзілмен жоғары деңгейде өткізуге болады. Қызықты ойындар арқылы да кештің сәнін келтіру өз қолымызда. Бірақ бүгінде кейбір асабалар жұртты күлдіреміз деп, шектен шығып кетеді. Ұятты сөздер айтып, орынсыз әрекеттерге барады. Бұл – той мәдениетіне жат нәрсе», – дейді ол. Қоғамда қызу талқыға түскен мысалдардың бірі – әлеуметтік желіде тараған видео. Бір тойда бес ұлы әкесін үстелге отырғызып, төбеге көтеріп, жұртты күлкіге қарық қылған. Бір қарағанда, бұл қызықты көрініс секілді.

Алайда тереңіне үңілсек, бұл – әке беделін ойыншыққа айналдыру емес пе? Қазақ «Әке – асқар тау» деп құрметтеген халық. Ал сол асқар тауды көпшіліктің алдында көтеріп, күлкіге айналдыру – қаншалықты дұрыс? Бірі мұны заманауи тренд деп қабылдаса, енді бірі ұлттық құндылықтарға қайшы әрекет деп бағалады. Міне, қоғамдық пікірдің екіге бөлінуінің өзі-ақ бұл мәселенің өзектілігін көрсетеді. Тағы бір жиі кездесетін жағдай – қонақтарды ортаға шығарып, түрлі «ойындар» арқылы келемежге салу. Әсіресе үлкен кісілерді, атааналарды, ұстаздарды ыңғайсыз жағдайға қалдыру – бұл тек әдепсіздік емес, бұл – тәрбиенің әлсірегенінің белгісі.

Ыбырай Алтынсариннің «Адамға ең керегі – тәрбие» деген сөзі дәл осындай сәттерде ерекше маңызға ие. Сондықтан тәрбиені тойда да көрсету керек. Осы мәселе төңірегінде қоғамда пікір білдіріп жүрген ардагерлер де аз емес. Солардың бірі, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Райхан Бесбай былай дейді: «Қазіргі тойларда үлкенге құрмет азайып бара жатқандай көрінеді. Біз бұрын тойға барғанда бата тыңдап, өнеге алатын едік. Қазір кейбір тойларда ұятты әзіл, орынсыз ойындар көбейіп кетті. Бұл – қазақы тәрбиеге жат. Той – тәрбиенің ордасы болуы керек, күлкі қуған жақсы емес», – дейді ол.

Бұл сөздердің астарында үлкен шындық жатыр. Себебі той – тек бір отбасының қуанышы емес, ол – бүкіл қоғамның мәдени деңгейін көрсететін алаң. Шоқан Уәлихановтың «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен сана керек» дегені бар. Бүгінгі той мәдениеті – сол сананың айнасы. Егер біздің тойымызда әдеп пен шекара болмаса, онда қоғамымыздың да деңгейі туралы ойлануға тура келеді. Қазақта «Арсыз күлкі – ақылдың дұшпаны» деген сөз бар. Қазіргі тойларда сол арсыз күлкі көбейіп бара жатқандай. Әзілдің де жөні, жолы бар. Ол ешқашан адамның абыройын төкпеуі керек.

Әрине, заман өзгерді, талап өзгерді. Бірақ қандай өзгеріс болса да, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қағидалар сақталуы тиіс. Біз жаңашылдықты қабылдай отырып, өз тамырымыздан ажырап қалмауымыз керек. Той – ұрпаққа үлгі болатын үлкен мектеп. Бүгінгі бала ертең сол көргенін қайталайды. Егер ол тойда әкесін көтеріп күлгенді көрсе, ертең ол да соны қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Ал бұл – болашаққа жасалған қателік.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Тойдағы дарақылық – бір сәттік күлкі сыйлағанымен, ол ұлттың болмысына көлеңке түсіреді. Біз тойды даңғазаға емес, мәнге, күлкіге емес, мәдениетке негіздеуіміз керек. Әзіл – әдептен аспауы тиіс, ойын – ардан озбауы керек. Сонда ғана қазақтың тойы өзінің шынайы биігінен түспейді деген ойдамын.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар