«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Өнер, әдебиет – рухани дүние тоқтаса, асағаның ақ май болса да, қоғам өледі»

«Өнер, әдебиет – рухани дүние тоқтаса, асағаның ақ май болса да, қоғам өледі»
Автор
Жалпы өркениеттік мәдениет үш жолмен өрбиді. Оны біз тарихтан жақсы білеміз. Бірі – жаулап алу арқылы, екіншісі – отарлау арқылы, үшіншісі – рухани жұғыстық, яғни өзара байланыс, дипломатиялық, сауда-саттық немесе саяси-мәдени қарым-қатынас арқылы дамып, өркениеттің өзегіне нәр беріп, адамзат баласын рухани құндылықтармен байытып отырады. Қазақ елінің тарихында жоғарыда біз келтірген мәдениеттің дамуындағы үш жолдың болғаны саналы оқырманға мәлім.

Өркениеттің басты белгісі – мемлекет. Қазақ мемлекетінің бай тарихымен қатар, әлемдік өркениетке үлес қосқан бай мәдениеті бар. Үш мың жылдық дала өркениетінің ядросы болған халқымыз Шығыстан Батысқа дейінгі кең сахараны жайлап, өзіндік мәдениетін қалыптастырған. Демек, Отан тарихының сүбелі бөлігі – мәдениет тарихы. Біз көбінде «мәдениет» деген ұғымды қарабайыр түсінеміз. Қазіргі жұрттың санасында «мәдениет» деген тек ән айту, би билеу деп қабылданатын ұғым қалыптасқан. Ал шын мәнінде мәдениет – өркениеттің символы, руханияттың күретамыры. Алланың жаратқан дүниесінен, яғни табиғаттан басқа, адам баласының қолынан туындағанның бәрі – мәдениет жемісі. Бұны бір сөзбен мәдениет дейміз. Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Тіршілік-тірнектің жан азығы – мәдениет. Рухани өмір азығы – ғылым, білім; өнер азығы – мәдениет бұлағы».

Байыппен қарап отырсақ, өнер мен біліміңіз, рухани құндылығыңыз, салт-дәстүріңіз, тарихыңыз бен әдебиетіңіз, ұлттық санаңыз – бәрі-бәрі руханият деген құдіретті күштің ықпалымен мәдениеттің мәйегін құрайды. Демек, мәдениет пен руханият – егіз ұғым. Өркениеттің оң қолы мәдениет болса, сол қолы – руханият. Егер осы екеуінің бірі болмаса, өркениет деген құдіретіміз мүгедек болмақ. Иә, әр облыстың келбеті мен айнасы саналатын мәдениет саласында бірнеше мекеме мемлекетіміздің тірегі саналатын ұлттық идеологияның дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Атап айтар болсақ, руханият орталығы, кітапхана, музей, филармония, театр, тілдерді дамыту және халық шығармашылығы орталықтары сияқты тағы да бірқатар мекемелер баршылық. Осындай мекемелердің бірі – Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы.

Былтырғы жылы мен осы орталыққа басшылыққа келіп, өзіміздің шамашарқымызша бірқатар мәдени жобаларды әріптестерімізбен бірге жүзеге асыруға талпынып, жұмыс жасап көрдік. Әрине, ұжымның бұл жұмыстарының нәтижесін жергілікті жұртшылық өздері бағамдап жатар. Біздің міндет – мемлекеттік мекемеге келген соң, мемлекеттің тірегі – халыққа қалтқысыз қызмет ету. Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы 2025 жылы Жамбыл облысы әкімі Ербол Шырақпайұлының қолдауымен біріншіден «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын айтарлықтай жүзеге асырды. Мәселен, осы жоба аясында руханият орталығы «Мөп-мөлдір көздің қарасын...» «Менің анам», «Әулиеата аңыздары» «Шер», «Таңбалы тарих», «Шерағаның шекпенінен шыққандар», «Ерлік ешқашан ұмытылмайды», «Той – дәстүр діңгегі» атты кітаптарды шығарып, оқырман қауымға ұсынды. Екіншіден, облыстағы ардагерлер кеңесінің және өңірдегі зиялы қауымның ұсыныстары бойынша «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» жобасын қолға алдық.

Осы жобаны бастапқыда жүзеге асырмас бұрын өңірдегі ардагерлер кеңесі мен зиялы қауымның басын қосып, олардың келісімімен Мемлекет басындағы бас идеологтарға ұсыныс хат жолдадық. Ондағы мақсатымыз – Ұлттық құрылтайда еліміздегі той мәдениетін қалыптастыруды, қазақы дәстүрді сақтауды, ысырапшылдықты азайтуды, ұлттық тойымыздың төрін сайқымазаққа айналдырмауға, мәдениетімізді жат қылықтармен ластамауға шақыруды, сондайақ асабалар қоғамын үйлестіруге қозғау салу болатын. Алайда бұл ұсынысымыз мемлекеттік идеологтардың назарынан тыс қалмай, Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайда қозғалды.

Десек те, Ұлттық құрылтайда қозғалды екен деп біз де қол қусырып қарап отырмай, облыстық деңгейде өз жұмысымызды ілгерілету мақсатында бұл жобаны әрі қарай жалғастыруға бел будық. Біз қазақ қоғамындағы өзекті мәселелердің біріне айналған той мәдениетіне қатысты облыстағы танымал асабалардың басын қостық. Осы жиында ұлттық тойдағы мәселелерді ұлт болып, қоғам болып бірге шешу мақсатында «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің құрылуын үйлестірдік. «Асабалар алаңы» деген атпен құрылған қоғамдық бірлестік елімізде алғаш рет біздің облыста құрылып отыр.

Осы басқосудан кейін біз өңірдегі барлық танымал асабаларға қоғамдық бірлестіктің мүшелерін анықтап, төрағасын сайлауға мүмкіндік жасадық. Нәтижесінде осы жоба төңірегінде былтырғы жылы облысымыздағы барлық аудандарда жоғары деңгейде жұмыс жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижелі болуына облыстық және аудандық ардагерлер кеңесі мен зиялы қауымның, қоғам белсенділері мен саналы асабалардың, мемлекетшіл азаматтардың ықпалы зор болды. Бұл жобамыз биылғы жылы да аймақта өз жұмысын жалғастыра бермек. Үшіншіден, «Даналық мектебі» және «Шаңырақ шуағы» атты жобаларымыз бар. Бұл жобалар аясында ақсақалдар институтын қолдау, әжелер мектебін нығайту, «Әжемнің ертегілеріне саяхат» экспедициясын ілгерілету жұмыстары жолға қойылды.

Жоғарыда айтқандай, «Той мәдениеті – ұлт мәдениеті» жобасында ақсақалдарымыздың қаншалықты атсалысып, ықпал еткенін атап өттік. Енді өңіріміздегі әжелеріміз де дәл сол сияқты «Әжемнің ертегілеріне саяхат» атты жобамыз аясында қарқынды түрде халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Даңқты қаһарман Бауыржан атамыз қорқатын үш нәрсені атап айтса керек. Батыр: «Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші – баласына бесік жырын айтпаған анадан, екінші – немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшінші – бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан», – десе керек. Руханият орталығы Баукеңнің алдыңғы қорқатын нәрсесін облысымыздағы «Анаға тағзым» орталығының, соңғысын «Тілдерді оқыту» орталығының еншісіне қалдыра отырып, ортаңғы, яғни немересіне ертегі айтпайтын әжелер мәселесін қолға алуда. Осы мәселе бойынша «Әжемнің ертегілеріне саяхат» жобасын жүзеге асырудамыз. Бүгінде облысымыздағы барлық аудандар мен қалаларда ерікті әжелердің топтары құрылып, балабақшаларда ертегілер айтылып, бүлдіршіндердің санасы ұлттық құндылықтармен толығуда. Бұл да ел ертеңі үшін жасалып жатқан рухани дүниелердің бірі.

Бұл жобамыз биылғы жылы да қарқынды жүргізілуде. Төртіншіден, руханият орталығының қабырғалы жұмыстарының бірі – «Әулиеата аңыздары» атты жоба. Бұл жоба Жамбыл облысының жер-су атауларының шығу тарихы мен аңыздарына байланысты зерттеулер негізінде жүзеге асырылып келеді. Мәселен, осы жоба аясында орталықтың тарихшылары мен әдебиетшілері облыстағы барлық аудандарға экспедицияға шығып, тарихи, киелі елді мекендер мен жер-су атауларын аралап, олардың шығу тарихы мен аңыздары туралы мәліметтер жинастырды. Олар жергілікті тұрғындардан, көзі қарақты қариялар мен тарихшылардан, сол өңірдегі өлкетанушылардан жан-жақты сұрастырып, мол ақпарат жинады. Жиналған материалдар орталықта сұрыпталып, өңделіп, екі тілде (қазақ және ағылшын) «Әулиеата аңыздары» атты жинақтың І томы жарық көріп, оқырманға ұсынылды. Бұл кітаптың басты ерекшелігі – екі тілде және заманауи форматта әзірленуі. Мысалы, белгілі бір атауға байланысты аңыздың бірнеше нұсқасы болса, кітапта соның бір ғана қысқа әрі нұсқа нұсқасы берілген. Ал оқырман аңыздың толық әрі бірнеше нұсқасын кітап бетінің төменгі жағындағы QR-код арқылы оқи алады. Сондай-ақ, турист болсын, жергілікті тұрғын болсын, аңыз бойынша сол жерді барып көргісі келген адам кітапта берілген (Galaxy) карта арқылы оны оңай таба алады. Бұл жобаны да биылғы жылы жалғастырып, «Әулиеата аңыздары» атты ІІ томын шығаруды жоспарлап отырмыз. Бесіншіден, «Жасанды интеллект ғаламаты».

Біз былтырғы жылдың басынан бері облыстағы мәдениет саласындағы мекемелер арасында алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект мүмкіндіктерін руханият саласына енгізуді қолға алдық. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, барлық жобаларымызда тиімді пайдаланып келеміз. Оны көпшілік қауым біздің орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларынан да көріп, біліп жүр. Тіпті Мемлекет басшысы да жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін күн тәртібіне қойып, бұл салада бәсекенің күшейіп келе жатқанын жиі атап өтуде. Сондықтан біз де осы бағытта жобаларымызды жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз.

Атап айтқанда, жоғарыда аталған «Әулиеата аңыздары» кітабындағы жер-су атауларына қатысты аңыздарды жасанды интеллект көмегімен анимациялық фильмдерге айналдыру жұмыстарын жасаудамыз. Бұл – облысымыздағы бүлдіршіндер үшін үлкен рухани азық болмақ. Біріншіден, балалар туған жердің тарихы мен аңыздарын санасына сіңіріп өссе, екіншіден, туған өлкесіндегі жерсу атауларын географиялық тұрғыдан жадына тоқып өсетін болады. Сондай-ақ, жасанды интеллект арқылы «Тұлғалар сөйлейді» атты жобамызды да жүзеге асыруды күн тәртібіне қойып отырмыз. Бұл да алдағы уақыттың еншісінде. Алтыншы, «Елеулі есімдер» атты жобамыз. Бұл жоба аясында біз облысымыздан шыққан белгілі жазушылар, ақындар, әдебиетшілер, тарихшылар, өнертанушылар, ғалымдардың мерейтойларына байланысты әртүрлі кештер мен кездесулер өткізіп келеміз.

Мұндағы мақсат – осындай белгілі зиялы қауым мен шығармашылық өкілдерінің еңбектерін жастарға насихаттап, ұлт пен халық алдындағы қызметтерін дәріптеп, көпшілікке үлгі ету. Былтырдан бері бастау алған бұл жобамыз биыл да жалғасып келеді. Мысалы, былтырғы жылы біздің руханият орталығы Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай «Шерағаның шекпенінен шыққандар» атты үлкен әдеби кеш өткізді. Бұл кеш жазушының шаңырағы орналасқан, туыпөскен жері – Жуалы ауданындағы Талапты ауылында, бүгінде біздің орталыққа қарасты әдеби-мемориалдық үйде өтті. Бұл әдеби кешке кезінде Шераға бас редактор болып қызмет еткен жылдары жұмысқа қабылдаған, бүгінде өздерін «Шерағаның шекпенінен шыққанбыз» деп санайтын қаламгерлер тегіс шақырылды. Алдыңғы буыннан Бексұлтан Нұржекеұлы, Жанат Елшібек, Кәдірбек Сегізбайұлы, Қайырбек Асанов, Мағира Қожахметова, кейінгі буыннан Қайнар Олжай, Әмірхан Меңдеке, Нұрғали Ораз, Көсемәлі Сәттібайұлы, Гүлзейнеп Сәдірқызы сынды тағы да басқа бүгінде елге белгілі қаламгерлер бас қосты. Бұл қаламгерлердің естеліктері жинақталып, бүгінде баға жетпес құнды еңбекке айналған «Шерағаның шекпенінен шыққандар» атты кітап жарыққа шықты. Одан кейін орталық өңірімізге белгілі қаламгерлер мен мәдениет қайраткерлері Бекет Момынқұлдың, Көсемәлі Сәттібайұлының және Асқарбек Сейілханның кітаптарының таныстырылымымен қатар мерейтойлық әдеби және бенефистік кештерін өткізді. Жыл соңында «Әжемнің ертегілеріне саяхат» атты жобамыз аясында балабақшалардағы бүлдіршіндерге ұлттық негізде ертегі айтқан үздік әжелерді орталыққа шақырып, ерекше құрмет көрсетіп, арнайы марапаттады. Мұның бәрі, түсінген адамға, руханият орталығының өңір мәдениетіне қосқан өзіндік үлесі ретінде бағаланары сөзсіз.

Біз тілге тиек етіп отырған бұл атқарылған рухани ісшаралар – орталықтың тек ауқымды жобалары ғана. Ал жоспардан тыс атқарылған жұмыстар да аз емес. Қорыта айтқанда, руханият орталығы бүгінгі күнге дейін барлығы 235 мәдени және әдеби іс-шара өткізіп, газет беттерінде 120 мақала, 61 телехабарға қатысып, 191 ақпаратты сайттарда материал жариялады.

Биылғы жылы қосылған тағы үш ерекше жобамыз бар. Оның бірі – руханият орталығы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты орта білім беретін бірнеше мекемемен өзара меморандум жасап, ондағы жас оқушыларға «Тұлғатану», «Руханият» сағаттарын өткізіп, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр, тарих пен әдебиет бағытында дәрістер ұйымдастыруда. Екіншісі – «Наурыз Quiz» танымдық ойыны. Бұл – жыл сайын 22 наурыз мерекесінде көпшілікке арналған ойын. Жоба елдің тарихына, әдебиетіне, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарына, мақал-мәтелдері мен жұмбақтарына негізделген викториналық сұрақтар арқылы жүзеге асады.

Бұл жобаны біз осы жылдың Наурыз мерекесінде алғаш рет орталық алаңда өткізіп, көпшіліктің көңілінен шықтық. Үшінші жобамыз – «Руханият» атты бағдарлама. Бұл бағдарламаны орталық қызметкерлері өздері жүргізіп, өңірдегі мәдениет, өнер, әдебиет саласындағы тұлғалармен, сондай-ақ зиялы қауым өкілдерімен сұхбаттар ұйымдастырып отырады. Сондай-ақ, орталық жуырда ғана жоғарыда біз атап өткен «Елеулі есімдер» жобасы аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Талас ауданының құрметті азаматы, ақын Нарша Қашағанұлының 75 жылдығына орай «Рақмет саған, туған ел» атты еске алу әдеби кешін өткізді. Руханият орталығы алдағы уақыттарда да өңіріміздің мәдени әрі әдеби бағытын дамытудағы жобаларын жүзеге асыра беретіні ақиқат. Сондықтан да біз қазақ руханиятының өркендеуіне әрқашан өз үлесімізді қосуға талмай еңбектене бермекпіз. Қысқасы Халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқандай: «Өнер, әдебиет – рухани дүние тоқтаса, асағаның ақ май болса да, қоғам өледі».

Демек, біз рухани дүниені ілгері дамыту жолындағы жұмысымызды ешқашан тоқтатпаймыз, тоқтатуға қақымыз да, қылған қызметіміз үшін қол жайып сұрайтын ақымыз да жоқ. Бұл біріншіден халық алдындағы біздің парызымыз, екіншіден ата-баба аруағының алдындағы қарызымыз.

 

Жасұлан ӘБДІХАЛЫҚ

Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры

Ұқсас жаңалықтар