«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өзіңді дамытудағы өзгерісті қалай бастау керек?

Өзіңді дамытудағы өзгерісті қалай бастау керек?
Автор
Күн сайын біздің санамыздан мыңдаған ойлар мен идеялар тізбегі өтеді. Оның басым бөлігі — жаңа өмір бастау, білім алу, денсаулықты түзеу сияқты ізгі ниеттер. Бірақ іске келгенде, көбіне «уақыт жоқ» деген сылтау алдымыздан шығады. Шындығында, уақыт қайда кетіп жатыр? Біз байқамайтын, бірақ өміріміздің ең қымбат сәттерін ұрлайтын әлеуметтік желідегі шексіз видеолар, мақсатсыз ойындар мен бос әңгімелер жастық шақтың алтын уақытын сарп етуде. Бір күні «Қалай дамимын? Осы тұрған орнымнан қалай қозғаламын?» деген сауал туындаған сәтте, шешім біз ойлағаннан әлдеқайда қарапайым екенін түсінеміз.

Кішкентай қадамдар – тұрақтылықтың негізі

Дамуды бірден тау қопарудан бастау міндетті емес. Үлкен мақсаттар көбіне адамды сескендіріп, бастамай жатып шаршатып тастайды. Ал кішкентай қадам – бұл күнделікті өмірде еш қиындықсыз орындай алатын, бірақ жүйелі түрде жасалатын әрекет. Кез келген өзгерістің артында үлкен мақсат тұруы тиіс. Өзіңізден сұраңыз: «Мен не үшін дамығым келеді?». Мүмкін, бұл алдағы маңызды емтихандардан сүрінбей өту шығар? Немесе жаңа тілді меңгеріп, әлемді тану, жаңа орта қалыптастыру мақсаты болар? Егер сізде нақты «Не үшін?» деген жауап болса, кішкентай қадамдарды орындау ерік-жігерді қажет етпейтін жағымды әдетке айналады. Әрбір кішкентай жеңіс – «Менің қолымнан келеді» деген сенімді нығайтатын кірпіш.

Әдет өзгерсе – өмір өзгереді

Бір күні артқа қарағанда, сіз өзіңіздің бұрынғы болмысыңыздан мүлде басқа, тұлғалық тұрғыда өскен адамға айналғаныңызды байқайсыз. Бұл өзгеріс бір түнде болған керемет емес, бұл – күн сайын жасалған дұрыс таңдаулардың жемісі. Біздің тағдырымыз–біздің әдеттеріміздің жиынтығы. Егер біз бос уақытты пайдалы іске алмастыра алсақ, болашағымызды бүгіннен бастап құра аламыз. Қоғамның өзгеруі әр адамның өзін тәрбиелеуінен басталады.

Білімді, саналы әрі жауапкершілігі бар жеке тұлғалар көбейген сайын, мемлекет те, ұлт та алға жылжиды. Өзіңді дамыту – тек өзіңе ғана емес, айналаңа, еліңе жасаған ең үлкен жақсылығың. Біле білсеңіз, бүгін жасаған кішкентай ғана қадам – ертеңгі үлкен жеңістің іргетасы. Сол қадамды дәл қазір жасаудан қорықпаңыз. Өзгеріс – сіздің қолыңыз.

 

Әмина ЕЛШІБЕК

А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы.

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар