
Семинар жұмысын облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев ашып, іс-шараға сәттілік тіледі.
«Әр жылы семинар аясында түрлі тақырыпты таңдауға тырысамыз. Биыл әлеуметтік желідегі заманауи коммуникация, шешендік өнер, дін мен дәстүр, дін мен мәдениет мәселесін көтермекпіз. Біздің еліміз, соның ішінде облысымыз – көпұлтты, көпконфессиялы аймақ. Мәселен, елімізде 18 конфессия болса, оның 11-і біздің өңірде қызмет етеді. Сондықтан, толерантты диалогты дамыту – біздің геосаяси басым бағытымыз. Қазіргі технологиялық заманда адамгершілік құндылықтардың төмендеу қаупі байқалады. Дін мамандарының басты мақсаты – осы мәселелерді халыққа жеткізу. Мемлекеттік дін саясатын жүзеге асыруда тиімді құралдарды дұрыс қолдану қажет», – деді Сәкен Сәрсенұлы.
Оқыту семинарына облыстың барлық аудандарынан ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелері, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мешіт имамдары мен теолог мамандардан құралған 150-ге жуық адам қатысты. Семинар барысында қатысушыларға арнайы шақырылған республикалық деңгейдегі лекторлар дәріс оқыды. Олардың қатарында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің, Түркістан қаласынан келген дінтанушы ғалымдар мен теологтар, сондай-ақ кәсіби психологтар бар. Кез келгенінің сабағы маңызды, айтқан ойы, терең білімдері көңілге қонымды. Тыңдаушының жандүниесін байытатындай әсерлі.
Семинардың бірінші күні М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Толқын Өмірбаева «Көпшілік алдында сөйлеу – шеберлік пен сенімділіктің үлгісі» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды. Толқын Шәкенқызы көпшілік алдында сенімді сөйлеу деңгейінен бастап, ақпарттық, демонстративті сөйлеу бағыттарына терең тоқталды.
«Мемлекет басшысы ашықтық қағидатын басты орынға қойып отыр. Бүгінгі таңда пікіріңді жеткізе білу, ойыңды дамыту аса маңызды. Сіздер мемлекеттік қызметші болғандықтан, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін меңгергендеріңіз жөн. Ол үшін қабілет, шешен сөйлеуге машықтанумен қатар, білім де аса қажет», – деді ол.
Сонымен қатар, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының бөлім меңгерушісі Фариза Кенжебаева мемлекеттік ұйымдарда әлеуметтік желілерді пайдалану жөніндегі тәжірибесімен бөлісті. Қазір уақыт басқаша. Барлық салада әлеуметтік желінің рөлі артты. Дін өкілдерінің де әлеуметтік желіні меңгеруі маңызды. Дін саласына қатысты мемлекеттік қызметшілер де заман ағымына ілескендері дұрыс. Сондықтан, Ф.Кенжебаеваның да семинар сабағы үйлесімді әрі сәтті өтті.
Психология ғылымдарының магистрі Гүлмира Сарытай «Коммуникация әдістері және олардың түрлері» тақырыбында баяндама жасады. Психолог маман қазіргі жаһандану үрдісі жайлаған қоғамда түрлі тосын жағдайлар болып жатқанын айта келіп, ер мен әйел адамға қатысты мәселелерге тоқталды.
«Қазір қоғамда көп нәрсе өзгерді. Осы кезге дейін бізге бейтаныс болып келген жағдайлар шыға бастады. Мәселен, ажырасудың көбеюі – жақсы нышан емес. Өмірге жаңа келген сәбиге ананың ғана емес, әкенің де тәрбиесі керек. Сондықтан, ажырасу деген қоғамның қасіреті. Осы тұста сіздердің ықпалдарыңыз керек. Сіздер айтқан сөз әр жас отбасына әсер етеді. Оны мысалмен өрнектеп айтсаңыз тіпті әсерге толы болады. Сіздер мыңдаған тұрғынды тәрбиелеп жүрсіздер. Сол тәрбиеде біліммен бірге ойды жеткізу, нақты мәселені түсіндіре білу аса маңызды» деді Гүлмира Сарытай. Семинардың екінші күні «Діни толеранттылық – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының оқытушысы, философия ғылымдарының докторы Гүлнар Жұманова сөз өнері бойынша семинар өтіп, жиналғандарды тереңдік әлеміне жетеледі. ҚМДБ Ғұламалар және сарапшылар кеңесінің мүшесі, философия және исламтану саласының маманы Мұхитдин Паттеев ислам дініне қатысты бәтуалар және тұрғындардың көзқарасы туралы ой қозғады. Сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай мазмұнды дәрістер өткізді. 6 «Имамдарға мәдениетті білу өте қажет. Мәдениеттің өзі 18 бағытқа бөлінеді. Оның барлығы ізгілік пен жақсы қасиетке, парасатқа негізделген. Біз сол бағыттарды терең түсіндіруге келдік. Ислам діні – анық дін. Оны тану – зор бақыт. Осы жолда имамдардың ісіне бағдар беріп, ойларына ой қосуға келіп отырмыз», – деді Досай Кенжетай.
«Имам болу қызметі тек намазхандарға уағыз насихат айту ғана емес. Имам қызметін атқару үлкен білімді қажет етеді. Біздің бүгінгі алған біліміміз діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда өзінің оң әсерін береді. Оқыту семинары барысында өте білімді, тәжірибелі мамандар арнайы шақырылғанын байқадық. Олардан көп тәжірибе ала отырып, семинар жүргізген мамандарға сұрақтарымызды да қойып, пікір алмастық. Оның баршасы біздің ой өрісімізді арттыра түседі. Әр ауылдың имамдарымен бас қосып, бірқатар мәселелерді талқыға салдық. Осы семинарды ұйымдастырған облыс әкімдігі дін істері басқармасына көп рахмет. Бұл жиын бізге үлкен сенім мен серпіліс сыйлады. Енді жұмысымыздың барысында осы семинардан жиғанымызды пайдаға асыратын боламыз. Білгенімізді мешіт жамағаттарымен бөлісеміз. Көпшілік алдында сөйлеу, шешендік өнер бойынша да көп жағдайды көңілге түйдік. Қазақтың сөзі терең мағыналы десек, елдің алдында сөйлей білудің де маңызы зор. Кезінде бір ауыз сөзбен дауды тоқтатқан, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан, сөз мәдениетін дамыту, ұлағатты және үлгілі сөз сөйлеуге дағдылану өте өзекті. Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмайды. Біз аталған семинар барысынан күнделікті атқарып жүрген кәсібімізді дамытуға қатысты көптеген бағдарлар алдық», – дейді Жуалы ауданы, Қайрат ауылындағы «Қайрат» мешітінің бас имамы Сауранбек Бекәділұлы.
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, шара жоғары деңгейде қорытындыланды. Мұндай семинарлар дін саласы мамандарының кәсіби деңгейін өсіретіні, ауыл имамдарының тұрғындармен жұмысын шебер үйлестіру жолында оң бағдар беретіні анық.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді