
Қоғамда қаншама адам қиналып жүр. Оларға бір ауыз жылы сөздің өзі соншама қуаныш сыйлайды. «Өмірде түрлі сынақтар болады. Кейде алданып қаласың. Мен де екі жыл бұрын бір алаяқ топқа 400 мың теңгеге алдандым. Бұл қаражатты жоғалтуым мен үшін біраз соққы болды. Сол кезде психологтар мен дін өкілдері сабырға шақырды. Сабыр сақтау арқылы өзіме өзім келдім.
Қазір ол қиындық ұмытылды» деп, бізбен ойын бөлісті білім саласында еңбек ететін тараздық Гүлнар Алдабергенова. Қазіргі таңда ғылым мен технология қарыштап дамығанымен, қорғансыз жандардың қатары азайған жоқ. Керісінше, заманауи өмір салты кейде адам мен адамның арасын алыстатып жіберді.
Әлеуметтік желіде мыңдаған «досы» бар адамның шынайы жан сырын бөлісетін, жанына демеу болатын жалғыз да шынайы досы болмауы әбден мүмкін. Бұл – рухани жалғыздық, ішкі күйзелістің көрінісі. Рухани жалғыздық – бұл тек материалдық немесе физикалық тапшылық емес, ол көбіне адамның ішкі жан дүниесінің күйін, оның рухани әлсіздігін, өзін жалғыз сезінуін білдіреді. Психологияда мұндай жағдайлар көбінесе «эмоционалдық жалғыздық», «интрапсихикалық күйзеліс» немесе «әлеуметтік оқшаулану» деп сипатталады.
Қорғансыз жандардың көбі айналасындағы әлеммен сенімді байланыс орната алмайды. Олар үшін «мен маңызды емеспін», «мені ешкім тыңдамайды», «ешкімге керек емеспін» деген теріс сенімдер қалыптасуы мүмкін. Бұл өз-өзіне сенімсіздікке, депрессияға, тіпті өмірден үміт үзуге әкелуі ықтимал. Сондықтан қорғансыз жанды көмекке мұқтаж адам ретінде емес, ең алдымен ішкі жанайқайын ести білетін тұлға ретінде қабылдаған жөн. Кейде қорғансыз жанға тек бір сенім білдірген жан, жүректен шыққан жылы сөз немесе үнсіз жанашыр көзқарас жеткілікті болуы мүмкін.
Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, адамдар ең қиын сәттерде жанында болған бір ғана жанашыр адамның арқасында өмірге қайта үмітпен қараған. Қазіргі таңда психологиялық сауаттылық та аса қажет. Қоғам қорғансыз жандарға тек материалдық тұрғыдан ғана емес, психологиялық қолдау көрсетуге де дайын болуы керек. Бұл ретте әрбір адам өз деңгейінде психологиялық қолдау көрсете алатын, түсіне білетін тұлға болуға ұмтылғаны жөн.
Жанна ҚАЛДЫБЕКОВА,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының психологы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді