«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жедел жәрдем қызметінде не өзгерді?

Жедел жәрдем қызметінде не өзгерді?
Ашық дереккөз
Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл медициналық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобасын әзірлеп, ол құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған. «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізу жобасын түсіндірген жазбасына сәйкес, бұл өзгерісте Қазақстан Республикасының жедел медициналық көмек көрсету, оның ішінде медициналық авиациясы қағидаларына қойылатын талаптарды белгілеу мақсат етілгені айтылған.

Аталған құжатқа сәйкес, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының мобильдік бригадасы қызмет көрсетуге жататын жеделдік 4 санатқа және шақыруға бөлінеді.

Яғни, жеделдіктің бірінші санатындағы шақыру – шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап ететін, өмірге тікелей қатер төндіретін пациенттің жай күйі.

Ал, екінші санаттағы шақыру – медициналық көмек көрсетусіз өмірге ықтимал қатер төндіретін пациенттің жай-күйі.

Үшінші санаттағы шақыруға медициналық көмек көрсетусіз денсаулыққа ықтимал қатер төндіретін пациенттің жай-күйі жатады.

Төртінші санаттағы шақыру – пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қатер болмаған кезде, ағзалар мен жүйелердің кенеттен және айқын бұзылуынсыз, жіті аурудан немесе созылмалы аурудың шиеленісуінен туындаған пациенттің жай-күйі.

Міне осы санаттардағы шақырулардың ішінде төртіншісі көпшіліктің алаңдаушылығын тудырды. Министрлік өз тарапынан бұл өзгерістерге нақтылап түсіндірме де берді.

Ал, біз өз облысымыздағы жедел медициналық жәрдем стансасына хабарласып, ондағы жұмыстар жөнінде сұрадық.

– Енгізіліп жатқан өзгерістер емханаларда ұйымдастырылған мобильді топтардың жұмысына қатысты. Тұрғындар бұдан былай да 103 нөміріне тәулік бойы қоңырау шалу арқылы жедел жәрдем шақыра алады. Енді бұрынғы 35 мың емес, 25 мың адамға бір бригададан келеді. Жедел жәрдемнің келуін ұзақ күту туралы шағымдарға байланысты және қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында емханаларда 4-санаттағы жедел жәрдем шақыруларына жұмыс уақытында жауап беретін мобильді топтардың санын көбейту туралы шешім қабылданды. Өз кезегінде, жедел аурудың немесе созылмалы аурудың өршуінен туындаған, ағзалар мен жүйелердің функцияларының кенеттен және айқын бұзылуынсыз, науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қатер болмаған кезде науқастың жағдайы жеделдіктің 4-санатына шақырудың себебі болып табылады. 5 Сондай-ақ, балаларға көмек көрсету үшін шақырылған жағдайда педиатр, ал ересектер үшін – ауру бейіні бойынша мамандар, яғни кардиологтар, неврологтар және тағы басқа дәрігерлер жіберіледі. Мобильді бригадалардың жұмысы емханалардың жұмыс кестесімен үндестірілетін болады. Сағат 20:00-ден 8:00-ге дейін, сондай-ақ демалыс күндері қоңыраулар әдеттегі жедел жәрдем бригадаларына қызмет көрсетуді жалғастырады, – дейді облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы Ақпараттық жедел диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Бекзат Абитаев.

Бекзат Асылбекұлының айтуынша, жедел жәрдем стансасының жұмысы бұрынғы қалпымен жалғаса береді. Сонымен аталған өзгеріс бойынша жақында, яғни 1 мамырдан бастап емханалардағы мобильді бригадалардың жұмыс тәртібі жаңарды. Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанындағы жеделділіктің 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсететін мобилдік бригадалар жұмысының қағидаларына енгізген өзгерістер жедел жәрдемнің келуін ұзақ күтуге қатысты шағымдарды реттеу мен шұғыл қызмет жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылды.

Осы өзгерістерге нақты тоқталсақ, енді емханалардағы мобильді топтар жұмыс уақытында – сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Өмірге қауіп төндірмейтін 4-санаттағы жедел жәрдем шақырулары, мысалы, жоғары қан қысымы, дене қызуы, жеңіл жарақаттар үшін емханалардың жұмыс уақытында мобильді алғашқы медициналық-санитариялық көмек бригадаларына қайта жіберіледі.

Сағат 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыруларды, соның ішінде 4-санаттағы шақыртуды да жедел жәрдем бригадалары бұрынғыдай қабылдайды.

Осы өзгерістерге қатысты ақпарат алаңында өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем шақыруларының 50 пайыздан астамы шұғыл 4-ші санатқа жататынын және созылмалы аурулардың өршуімен байланысты екенін мәлімдеген болатын.

«Мұндай қоңыраулар шұғыл көмек көрсетуді қажет ететін, өміріне қауіп төндіретін жағдайы бар науқастардан ресурстарды басқа жаққа аударатынын мойындауымыз керек. Өзгерістер жұмыс жүктемесін оңтайландыруға, күту уақытын қысқартуға және жедел медициналық көмектің бүкіл жүйесінің тиімділігін арттыруға көмектеседі», – деген еді министр Ақмарал Әлназарова.

 Енді мобильді алғашқы медициналық-санитариялық көмек бригадалары шақыртулар бойынша шығып, науқастарды үйлеріне жоспарлы түрде қарауды жүзеге асырады. Осы өзгеріс арқылы азаматтардың денсаулық жағдайын уақтылы бақылауға, әсіресе созылмалы аурулары бар науқастардың жағдайының нашарлауына дер кезінде көңіл бөлуге мүмкіндік туады.

Сонымен қатар, өзгеріс нәтижесінде жылжымалы алғашқы медициналық санитариялық көмек бригадалары 25 мың адамға бір бригада есебінен құрылды. Олар тіркелгеніне қарамастан науқастың тұрғылықты немесе нақты тұрған жері бойынша жұмыс істейді. Егер қажеттілік туса, мобильді топтарға арнайы мамандар ілесіп жүре алады. Яғни, балаларға педиатрдың қатысуымен, ал ересектерге науқастың сырқатына және ауырлығына қарай мамандандырылған мамандардың, мәселен кардиолог, невропатолог және басқа да дәрігерлердің қатысуымен көмек көрсетіледі.

Мұндай әдіс жоғары сапалы, мақсатты медициналық көмекті қамтамасыз етеді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобилдік бригадасының шақыртуға келу уақыты 60 минутқа дейін. Барынша шұғыл санаттар үшін мынадай нормативтер белгіленген, яғни 10 минут – бірінші, 15 минут – екінші және 30 минут – үшінші санаттағы шақыртулар үшін көзделген.

Биылғы бірінші тоқсанда Қазақстанда жедел жәрдем қызметі 2,1 миллионнан астам шақыртуға қызмет көрсеткен. Ең көп өтініштер жеделділіктің 4-санаты бойынша тіркеліпті, яғни 763 463 шақырту. Оның 518 мыңнан астамына медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобилдік бригадалары қызмет көрсеткен. 1-санат бойынша шақыртулардың саны 104 443 болса, 2-санат бойынша 642 312, ал 3-санат бойынша 574 580 шақырту тіркелген. Осы кезеңде сәтті реанимация көрсеткіші 55,6 пайызға дейін өскен, бұны мамандар шұғыл көмек көрсету ретіндегі оң динамиканың көрсеткіші деп бағалайды.

Айта кетелік, кейінгі уақытта жедел жәрдем қызметіне қауіп төндіретін жайттар да кездесіп жүр. Кейде жол бергісі келмеген көлік жүргізушісі шабуыл жасаса, енді бірде жедел жәрдем қызметкерлеріне науқастың жақындары айбат шеккен оқиғалар болған. Осындай жағдайларда оларды қауіп-қатерлерден қорғау мақсатында енді жедел жәрдем қызметі бейнежетонмен қамтылмақшы.

«Қорғауға қатысты біз бейнежетондарды тағуды енгіземіз, олар болып жатқан барлық жағдайды тіркейді. Біз осы норманы тиісті бұйрықпен енгіздік. Ал облыстар мен қала әкімдіктері қаржы бөлуді қамтамасыз етуі тиіс. Менің ойымша, осы жұмыс жыл соңына дейін кезең кезеңімен жүзеге асырылады», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамту бағытындағы жұмыстарды мәлімдегенде.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар