«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Днепрден Берлинге дейінгі қанды жорық

Днепрден Берлинге дейінгі қанды жорық
Автор
Кешегі ел басына күн туған сұрапыл жылдарда қолына қару алып, алғы шепте жүріп Отанын қорғаған ержүрек азаматтарымыз аз болған жоқ. Солардың бірі – қан майданға Шу ауданынан аттанған Қалмаханбет Данияров болатын. Бұл күнде бақилық болған ақсақалдың майдан шебінде де, бейбіт еңбек шебінде де атқарған істерін шулықтар есінен шығарған емес.

Қалмаханбет Данияров Ұлы Отан соғысы нағыз қызған 1941 жылдың 8 желтоқсаны күні Қызыл Армияның қатарына шақырылады. 1942 жылдың ақпан айына дейін Жамбыл облысында құрылған 105-ші ұлттық атты әскер дивизиясының сапында, қазіргі Ресей Федерациясының Иванова облысындағы Горький қаласының маңында әскери дайындықтан өтеді. Командирлер оның алғырлығы мен зеректігін ескеріп, жас жауынгерді Ставканың резервіндегі 4-ші гвардиялық Кубань атты әскер корпусы құрамындағы 152-ші гвардиялық танкіге қарсы жойғыш полктің 122 миллиметрлік гаубица дивизионына жібереді.

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында Жоғары Бас қолбасшының аталған әскери құраманы ұдайы соғыс тағдыры шешілетін шешуші учаскелердегі ұрыс қимылдарына бағыттап отырғаны жазылады. Сол үшін корпус 1944 жылы «Қызыл Ту», екінші дәрежелі Суворов және Ленин ордендерімен марапатталды. Ал 1945 жылдың 17 мамырында Берлинде болған ұрыстардың жемісті аяқталғанына қосқан үлесі үшін құрама екінші дәрежелі Кутузов орденімен марапатталды. Ұлы Отан соғысы тарихына атауы алтын әріппен жазылған даңқты атты әскер корпусының танкіге қарсы жойғыш полкі гаубица дивизионының барлау бөлімшесінің барлаушысы, гвардия аға сержанты Қалмаханбет Данияров та Сталинград маңында жауды талқандауға, Қырымды, Одессаны және Қара теңіз жағалауындағы өзге қалаларды, сондай-ақ Праганы, Венгрияны, Польшаны және Германияның бірқатар қалаларын азат етуге қатысады. Қалмаханбет жаратылысынан сабырлы әрі ұстамды азамат болатын. Оның үстіне періштесі қаға ма, бетпе-бет келген талай ажалдан аман қалды.

Украинаны азат ету кезінде болған мына бір оқиғаны ол отбасына тәптіштеп айтып беруден жалықпайтын. Ірі елді мекенді жаудан тазарту үшін қиян-кескі ұрыс болды. Немістерді тықсырып, көшелерді аралап келе жатқан жауынгерлер бір үйде тағамға толы жайылған дастарқанды көрді. Бірнеше күннен бері аш сарбаздар оны жеуге таласа-тармаса бас қойды. Қалмаханбет те көппен бірге әуелі ас атасы – нанға қол созған. Алайда дәл осы сәтте оның ойына: «Бұл айдалада неғып жатқан батпан құйрық?» деген ой сап ете қалады.

Нанды орнына қойып, қолын сумен шайып келсе, майдандастары бірінен кейін бірі ауыздары көпіріп, сілекейлері сорғалап, қисайып, құлап жатыр. Фашистер кезінде осылай асқа у қосып, талай жанды о дүниеге аттандырған болатын. Тағы бірде жауынгерлер Кубандағы бір хуторды жаудан азат ету кезінде де дастарқан толы тағамды кездестіреді. Қалмаханбеттің тыйым салуымен талай сарбаз тірі қалады. Соғыста болған үш жыл тоғыз айға жуық уақыттың 1248 күні мен түнін қауіп-қатермен өткізгенмен оның жадында төртінші Украина майданының сапында ені үш километрге дейін жететін асау Днепр өзенінің төменгі сағасынан өту кезіндегі ұрыстар жадында берік сақталып қалыпты.

Ұлы Отан соғысы барысында ерекше маңыз атқарған Мелитополь әскери операциясын жеңіспен аяқтап, қарсыластарды айтарлықтай шығынға ұшыратқан армия генералы Ф.И.Толбухин басқаратын төртінші Украина майданының құрамаларына 1943 жылдың қарашасында Никопольск бағытындағы теңдесі жоқ табиғи бекініс саналатын Днепрден өтіп, фашистер бекінген плацдармды талқандауға бұйрық беріледі. Соған сәйкес, жойғыш артиллериялық полкі шабуылға шыққан әскери бөлімдердің бірінші легінің құрамында шағын қалашықтың тұсында түнделетіп өзеннен өтуі тиіс болатын. Ал ауыр салмақты гаубицалар мен оқ-дәрілерді қарша бораған жау өтінде тросты керіп жасаған көпір арқылы өзеннің екінші бетіне өткізу оңай емес.

Тапсырманы орындау кезінде талай жауынгер оққа ұшады. Өзеннен өткен кеңес әскерлерін жойып жіберу үшін танктердің тасасымен қарсы шабуылға шыққан фашистермен жойқын ұрыс басталады. Осы сұрапыл шайқастан қалай тірі қалғанына Қалмаханбет ақсақал талай таңғалып жүретін. Кескілескен ұрыста көп техника қирады, көп адам өлді. Кеңес әскері жанкештілік танытып, жауды шегінуге мәжбүр етті. Бұл кезде күн батып, қас қарайып қалған. Жауынгерлер енді дамыл алған кезде немістерге тың күш қосылады да Днепр өзеніндегі көпірдің тас талқанын шығарып қиратады. Күші басым жау сарбаздарды шегіндіріп, асау өзенге қойдай тоғытты. Талай боздақтар таудай толқынмен арпалысып, қақпақыл болып ағып кете берді. Ол да осы жерде өмірмен іштей қоштасып қойған.

Әйтсе де бұл өзенге түскен жер қираған көпірдің тұсы екен. Жаудан шегінген біраз жауынгер көпірдің бойына тартылған жуан сымтемірді жағалап, ажал аранынан әрең аман қалған еді. Днепр өзені-нен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін аға сержант Қ.Данияров «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Қырымды азат ету кезінде Севастополь қаласының маңында барлау бөлімшесінің құрамында «тіл» әкелуге жау тылына өтіп, неміс әскерлері тобы штабында лауазымды қызмет атқаратын штурманфюрер шеніндегі офицерді дерегі мол құнды құжаттармен қолға түсіріп, өз бөліміне жеткізгені үшін «Ерлігі үшін» медалін тақты.

Бірінші Белорусь майданының құрамында жауға жойқын соққы берілген Берлин бағытындағы сұрапыл соғыстарда көрсеткен ерлігі үшін полк командирі, Кеңес Одағының Батыры Е.Костылевтың ұсынысымен екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Ұрысты Берлин қаласынан 18 километр қашықтықтағы Одер өзенінің жағасында аяқтаған Қ.Данияров 1945 жылдың қыркүйек айында ғана әскер қатарынан босатылады.

Туған жері – Шу өңіріне оралған соң Шу аудандық салық басқармасында аға инспектор болып қызмет атқарады. Кейін ұзақ жылдар бойы «Ақтөбе» кеңшарында бригадир, комендант болып жұмыс істеп, 1982 жылы зейнет демалысына шығады. Зайыбы Зейнеппен бірге Ерғали, Жұмағали есімді ұлдары мен Ғалия, Ләйла, Гүлмира, Шарбану, Гүлдана атты қыздарын өсіріп, тәрбиелеп, олардың жоғары білім алып, өмірден өз орындарын табуға барын салды. Олардан ондаған немере-шөбере сүйген қария ағайынға сыйлы, еліне елеулі болды. Кеудесі орден-медальға толы майдангерді Жеңіс күні қарсаңында ауданда алқалы жиындарға, мектептерге кездесулерге жиі шақыратын. Ол онда соғыстың адамзатқа алапат қасірет әкелетінін, сондықтан да әрдайым бейбіт күннің қадірін біліп жүру керектігін жалпақ жұртқа жар салудан жалықпайтын. Мереке қарсаңында соғысқа аттанған сарбаздар құрметіне Ақтөбе ауылы Ысқақ қожа мешітінде ас беріліп, Құран бағышталмақ.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар