«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шегірткелер «шеруіне» қарсы қандай шаралар атқарылып жатыр?

Шегірткелер «шеруіне» қарсы қандай шаралар атқарылып жатыр?
Ашық дереккөз
Шырылдауық шегірткенің егістікке әкелетін зияны орасан зор. Былай қарасаң, кішкентай ғана жәндіктің қандай зияны бар деп те ойлайсың. Алайда егістік алқапты жылқы жүріп өткендей жайпағанда, тіршілігін осы егістікпен байланыстырған шаруалардың өкініштен өзектері өртенетіні рас. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Уақытын өткізіп алса, жетіліп алған шегірткелер үйірімен жүріп, өсімдіктер мен егістіктерге көп көлемде залал келтіреді. Сондықтан бұл жәндіктермен дер кезінде күрес жүргізу өте маңызды әрі қажетті іс.

Облыс аумағындағы егістік жердің көпшілігі ірі агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтардың меншігінде. Облыс территориясында 18 294 агроқұрылым мен шаруа қожалығы тіркелген. Тұрақты 38 стационарлық шаруашылықтарда (стационарные хозяйства) және одан бөлек барлық ауылшаруашылық тағайымдарында 81 зиянкес, 75 өсімдік аурулары, 108 арамшөп түрлерінің дамып таралуына тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Ауылшаруашылық дақылдарында кездесетін барлық зиянкестердің фенологиясы бақыланып, зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, өнім өндірушілерге ҚР облыстық, аудандық аумақтық инспекциясына, ауыл шаруашылығы басқармасына, ауылдық округ әкімшілігіне дабылдық хабарлама таратылады. Аталған жұмыстар әр агроқұрылым мен шаруа қожалығы жетекшілерімен бірлесіп атқарылады.

Бұл жерде бір мәселе ортақ. Ол – егістік алқабын және жайылымдық жерлерді шегірткелерден сақтау.

Осы орайда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітековтен шегірткелерге қарсы күрес жұмыстарының барысын сұраған едік.

– Біздің инспекторлар сеніп тапсырылған аумақта өсімдіктерді қорғау саласындағы заңдар мен ережелердің сақталуына және өсімдік қорғау жөніндегі фитосанитарлық мониторинг пен фитосанитарлық іс шаралардың орындалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады. Жамбыл облысында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету үшін жылда мониторинг тексеру жұмыстары 5 907,940 гектар көлемінде жүргізілді. Оның ішінде: ерекше қауіпті зиянды организмдерге – 2 720 000 гектар, зиянды организмдерге – 651 940 гектар, карантиндік нысандарға –336 000 гектар, жүйелі бақылау жұмыстарына – 2 200,0 гектар. Инспекция басшысының айтуынша, 2025 жылғы үйірлі шегірткелерге қарсы 107 630 гектар алқапқа республикалық бюджет есебінен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуі болжамдалған. Оның ішінде 35 200 гектар әуе ұшақтарымен, 69 609 гектар жерүсті бүріккіш техникалармен, 2 821 гектар арнайы бүріккіш дрондар арқылы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде: Марокко шегірткесіне қарсы – 26 434 гектар, жерүсті бүріккіш техникаларымен 18 534 гектар, әуе ұшақпен 7 200, дрондармен 700, итальяндық прус шегірткесіне қарсы 57 508, оның ішінде, жерүсті бүріккіштерімен 45 787, әуе ұшақ тәсілімен өңдеу 9600, дрондармен 2 121 гектар алқапқа, ал азиат шегірткесіне қарсы барлығы 23 688, жерүсті бүріккіштерімен 5288, әуе ұшақ тәсілімен өңдеу 18 400 гектар алқапқа шегірткеге қарсы дәрі себілуде. Бұл жұмыстарға барлығы 36 бірлік арнайы бүріккіш техникалар, оның ішінде 2 ұшақ, 31 бірлік жерүсті бүріккіштер және 3 дана дрондар жұмылдырылған. Шегірткеге қарсы күресті жыл сайын ұйымдастырып, мол тәжірибе жинаған кісінің бірі – Байзақ аудандық инспекциясының басшысы Кенен Дүйсенбеков.

Ол 1999 жылдан бері осы салада еңбек етеді.

Шегірткелердің санын білмесе де, қай ауылдық округке қанша көлемде қауіптілігі бар екенін жақсы бағамдай алады.

«Байзақ ауданы бойынша 19 800 гектарға дәрілеу жұмыстарын жүргізу белгіленген. Біз қазіргі таңда марокко шегірткесіне қарсы 6223 гектар алқапты залалсыздандырдық. Енді итальяндық прус шегірткесіне қарсы 13 700 гектар алқапқа дәрі себеміз. Бұл жұмысқа бір ұшақ, 5 жерүсті бүріккіш техникалары жегілген. Жұмыс уақытында кешікпей атқарылып жатыр. Егер уақытынан кешіксе, шегірткелер жетіліп кетеді. Жетілген шегірткелер өте қауіпті. Оның зардабын кей жылдары шаруалар көріп те жүр», – дейді ол.

Ал Жамбыл ауданында да бұл жұмыс қызу қолға алынған. Аудан бойынша 13 435 гектар алқап жоспарланып, қазіргі таңда 6 655 гектар залалсызданған. Ол туралы мәлімдеген аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қыдыр Нұрбеков бұл жұмысқа бейжай қарап отырған жоқ.

«Өзге белгіленген алқапты да дер кезінде дәрілеуге мүмкіндік бар. Биылғы жылдың ерекшелігі дрон аппараты қосылды. Дронның қазіргі таңда бірқатар олқылықтары кездесті. Бірақ өте қолайлы аппарат екен. Келешекте егістік жердің көп бөлігі осы дронмен залалсызданатын шығар», – дейді инспекция басшысы Қ.Нұрбеков.

Шалғай аудандардың бірі Талас ауданында да шегірткеге қарсы жұмыстар жоспардан кешікпей жүргізілуде.

«Бізде аталған шегірткенің үш түрінің үшеуі де бар. Қазіргі таңда 5 298 гектарға марокко шегірткесіне қарсы залалсыздандыру жүргізілді. Шегірткенің бұл түрі Ақкөл, Аққұм, Бостандық, Ойық, С.Шәкіров ауылдық округтері аумағында кездеседі. Атап айтқанда, «Шатура» мал жайылымында ұшырасады. Ал итальяндық прус шегірткесіне қарсы 1 950 гектарды дәрілеу жоспарланған. Ол жұмысты атқаруға техникамыз жеткілікті, барлық мүміндік бар. Азиат шегірткесі судың жағасында көбірек болатындықтан, кештеу шығады. Ол шегірткеге де қарсы жұмыстарды дер кезінде жүзеге асырамыз. Шаруа қожалықтарға ешқандай залал болмайды», – дейді Талас аудандық аумақтық инспекциясының басшысы міндетін атқарушы Бақытжан Тұрмағанбет.

Ал Ойық ауылының тұрғыны Бидәулет Жуасбай жекеменшік көлік иесі.

«Шегірткеге қарсы дәрілеу жұмысы өте маңызды. Егістік алқапты жайпап өтеді. Сондықтан бұл жұмысқа мұқият болған жөн», – дейді.

Шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жылда жүргізіледі. Тиянақты жүргізілсе, шаруа қожалықтарына да жақсы. Былтыр агроқұрылым, шаруақожалық басшыларынан ешқандай арыз-шағым түспеген. Биыл да мамандардың айтуынша, жұмыс табысты жүріп жатқан сияқты.

«Балапанды күзде сана» дегендей, бұл жұмыстың сапасы егістік шыққан кезде көрінеді. Аталған инспекция өкілдерінің сөзіне сенсек, биыл да шегірткеден еш қауіп жоқ. Алдағыны уақыт көрсетеді. Лайым қауіп-қатер жоқ болғай. Әйтпесе, шырылдауық шегірткенің ешкімді аяйтын ниеті жоқ.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Ұқсас жаңалықтар