
Азаматтық қорғау жүйесінде 20 жылдай қызмет етіп келе жатқан подполковник Ертай Райымбеков күн сайын өз ісіне адалдығын дәлелдеп жүрген жан. Ертай Құрманбекұлының қайсарлығының жарқын мысалдарының бірі ретінде 2023 жылғы қаңтарда Тараздағы «Ақсай» базарында орын алған құтқару операциясын айтуға болады.
Өрт кезінде қара түтін айналаны жауып, температура қауіпті деңгейге көтерілгенде, газ-түтіннен қорғау қызметі буынын басқарған Ертай мен оның командасы өз өмірлерін тәуекелге тігіп, жанып жатқан ғимараттан екі әйелді алып шығып, түтін тұтқынына түскен мүмкіндігі шектеулі азаматты құтқарып қалды.
Сондай-ақ былтыр Ақмола облысындағы су тасқыны кезінде оның басшылығымен 200-ден астам адам эвакуацияланып, суға батқан автокөліктің жүргізушісі құтқарылды. Денсаулығына қауіп төнгеніне қарамастан, Ертай бейтаныс адамның өмірін сақтап қалу үшін мұзды суға өзі секірген. Бұл оның батылдығының тағы бір дәлелі болды. Осылайша қызметтік міндеттерін атқару және адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін азаматтық қорғау подполковнигі Ертай Райымбеков Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
«Біздің мамандығымыз әр минутты бағалауға және жылдам әрекет етуге үйретеді, өйткені әрбір секунд – біреудің өмірі», – дейді подполковник Е.Райымбеков.
Бүгінде облыстық департаменттің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы химия және металлургия өнеркәсібін мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы қызметін атқаратын Жайық Жасұланұлы жастайынан техникалық ғылымдар мен қауіпсіздік мәселелеріне қызығушылық танытқан. Профильді білім алып, өзінің кәсіби қызметін аса маңызды бағыт – қауіпті өндірістік нысандардағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арнады. Өз жұмысында Жайық апаттардың алдын алуға, нормативтік талаптардың сақталуына және химия мен металлургия салаларындағы кәсіпорындардың қауіпсіз пайдалануына ерекше мән береді.
Жас болғандығына қарамастан, Жайық өзін білікті маман әрі ұжым жұмысын үйлестіре алатын, кәсіпорындармен тиімді байланыс орната білетін тәжірибелі басшы ретінде көрсетіп келеді. Ол тек қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау мен кәсіби шеберлікті үнемі жетілдіру ғана өнеркәсіп саласының тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ете алатынына сенімді. Жайық Жасұланұлын әріптестері өз ісіне адал, заманауи көзқарас пен бастамашылдықты ұштастыра білген жаңа буын мемлекеттік қызметшілердің жарқын үлгісі санайды.
Апаттар медицинасы орталығындағы фельдшердің жұмысы – бұл жәй ғана мамандық емес, бұл дегенің төзімділік, жедел әрекет ету және терең білімді талап ететін күнделікті сын-қатер. Ол көбінесе адам өміріне байланысты, яғни өмірлерді құтқару әрекеттерін атқарады. Орталықтың шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінің фельдшері Қуаныш Күнғабылов 8 жылдан бері бұл міндетті абыроймен атқарып келеді.
Осы уақыт аралығында күрделі төтенше жағдайларда көмек көрсетуге әрқашан дайын жоғары білікті маман ретінде танылған Қуаныш Амангелдіұлы құтқару операцияларына, төтенше жағдайлар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге қатыса отырып, жоғары деңгейдегі дайындық пен жанқиярлықты көрсетіп жүр.
«Адамдарға ең қиын кезде жанынан табылу – менің жұмысымның мәні осы», – дейді Қуаныш Күнғабылов.
Бұл сөздер оның өз ісіне деген шынайы ықыласын айқын білдіреді. Қауіпсіздік жүйесіндегі еңбек жолын 2007 жылы бастаған Самат Өсербаев жауапты әрі маңызды сала – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жүйесін таңдады. Содан бері Самат Жолдасұлы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау ісіне өзінің ғұмырын арнап, техникалық және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жоғары кәсібилікті, табандылықты және терең білімді көрсетіп келеді. Бүгінде ол облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасына қарасты қазандық, газ шаруашылықтары және көтергіш құрылыстар объектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы қызметін атқаруда.
Бұл бағыт аса жоғары құзыреттілікті және дәлдікті талап етеді, себебі мұнда техногендік тәуекелдердің алдын алу және қауіпті өндірістік объектілердің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылады. Өзінің тәжірибесі, көшбасшылық қабілеті және жұмысқа деген мұқияттылығы арқылы әріптестері мен басшылық тарапынан лайықты құрметке ие болған Самат Жолдасұлын өз миссиясын сенімділікпен және жауапкершілікпен атқарып жүрген, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және төтенше жағдайлардың алдын алу мәдениетін дамытуға зор үлес қосып жүрген кәсіби маманның жарқын үлгісі деуге болады. Облыстың азаматтық қорғау саласында шымыр денелі, білек күші мығым қызметкерлер өте көп. Солардың бірі әрі бірегейі – Байсұлтан Дәулетов.
Ол небәрі 11 жасынан спортпен белсенді айналысып, 2017 жылы бокстан «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атанған. Байсұлтан өзінің әріптестерімен бірге түрлі сипаттағы өрттер мен төтенше жағдайларды жою жұмыстарына белсене қатысып, талай жанды ажал тырнағынан арашалап қалған. Тіпті өртке оранған тұрғын үйлердегі ыстықтан әбден ісінген, жарылуға шақ қалып тұрған газ баллондарын сыртқа алып шығып, қауіпсіздендірген. Ол сондай-ақ былтыр Ақмола облысының Атбасар қаласы маңындағы су тасқыны салдарын жою жұмыстарына белсенді қатысып, Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хатымен марапатталған.
Бүгінде ол Тараз қаласының №3 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқаруда. Салауатты өмір салтын ұстанып, халық игілігі жолында аянбай тер төгіп жүрген Байсұлтан секілді жастар барда, еліміздің одан әрі өркендей түсері анық.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Білімді, тәрбиелі жастар – ел болашағы
- 22 мамыр, 2025
Отан үшін от кешкен Оразбек ата
- 20 мамыр, 2025
Ақпарат
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді