«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«ZHAMBYL INVEST»-тің жұмысы мен жоспары қуантады

«ZHAMBYL INVEST»-тің жұмысы мен жоспары қуантады
Автор
«Тараз» ӘКК» АҚ-ның 2025 жылдың ІІ жартыжылдығында атқарған жұмыстары және 2026 жылға арналған жоспарларына қысқаша шолу жасап өтсек, «Тараз» ӘКК» АҚ үшін нақты шешімдер мен айқын нәтижелерге толы кезең болды.

«Тараз» ӘКК» АҚ облыс экономикасының нақты қажеттіліктеріне бағдарланған тиімді даму институты ретіндегі рөлін кезеңкезеңімен күшейтті. Негізгі назар инвестиция тартуға, өндірістік жобаларды дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға аударылды. Іске асырылған әрбір жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, салық базасын кеңейтіп, өңір үшін ұзақ мерзімді тиімділік әкелуі үшін жүйелі жұмыстар жүргізілді.

«Тараз» ӘКК» АҚ-ның басты міндеті– облыстың әлеуетін толық ашу арқылы тұрақты экономикалық орта қалыптастыру. Ашықтық, жауапкершілік және нәтижелілік – қызметіміздің негізгі қағидаттары болып қала береді. Егер өткен жылдың қорытындыларын таныстырып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды атап өтсек, қаржылық көрсеткіштер бойынша корпорация 2025 жылды 134 миллион теңге көлеміндегі пайдамен аяқтады. Қоғамның активтері 31,3 миллиард теңгені құрады. Бұрын қоғам құрылымында жұмыс істеген «Zhambyl Invest» дирекциясы инвестиция тартудың тиімді әрі дербес құралы ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті.

Міндеттер көлемінің артуын ескере отырып, аталған құрылымды жеке заңды тұлға ретінде бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қадам басқару тиімділігін арттыруға, операциялық икемділікті күшейтуге мүмкіндік берді. Бүгінде «Zhambyl Invest» облыстың инвесторларға арналған өңірлік фронт-офисі. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, жобаларды келіссөздер кезеңінен бастап өндірісті іске қосуға дейін толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. 2025 жылы инвесторлармен және бизнес өкілдерімен 495 кездесу өткізілді, нәтижесінде 26 екіжақты құжат – меморандумдар мен ынтымақтастық туралы ниет хаттамаларына қол қойылды.

«Zhambyl Invest»-тің қолдауымен 8 экспорттық келісімшарт жасалып, өңір кәсіпорындарының өнімін сыртқы нарықтарға шығару қамтамасыз етілді. Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар екі инвестициялық келісімге қол қойылды. Олар – жылына 3 миллион тоннаға дейін өнім өндіруге арналған металлургиялық зауыттың және жылына 3 миллион тоннаға дейін терең өңделген жүгері өнімдерін шығаратын зауыттың құрылыстары.

Аталған жобаларды іске асыру өңірді индустрияландыруға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жыл қорытындысы бойынша жалпы құны 3,4 триллион теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылып, сүйемелденеді. Бұл жобалар металлургия, агроөнеркәсіп кешені, химия, энергетика және басқа да салаларды қамтиды. 2026 жылы құны 700 миллиард теңге құрайтын химиялық кешен құрылысын салу бойынша жаңа инвестициялық келісімге қол қою жоспарлануда. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және жоғары технологиялы өндірісті дамытуға бағытталған.

Қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жобасы пысықталуда. Әлеуетті инвестор тартылды, жоба негізгі параметрлерін талқылау кезеңіндегі бастапқы сатыда қарастырылуда. Аталған жобаны іске асыру өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға, қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Zhambyl Invest» тартқан және сүйемелдеген бірқатар инвестициялық жобаларды іске қосу күтілуде. Бұл – өңірдің инвестициялық портфелін жүйелі түрде қалыптастыру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі.

Негізгі жобалардың қатарында – облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуда маңызды рөл атқаратын жүгеріні терең өңдеу зауытының бірінші кезеңін іске қосу межеленіп отыр. Сондай-ақ бірінші кезеңде бу-газ электр стансасын пайдалануға беру көзделуде. Өнеркәсіптік секторда ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жобасын іске қосу күтілуде. Бұдан бөлек, су үнемдеу және аграрлық секторды жаңғырту үшін өзекті болып табылатын тамшылатып суару жүйелерін өндіру жобасы да іске қосылады.

Осылайша, «Тараз» ӘКК» АҚ бүгінгі таңда өңірді ілгерілетудің жүйелі тетігіне айналып, ұзақ мерзімді инвестициялық күн тәртібін қалыптастыруға және облысымыздың тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге ықпал етуде. Алда облыстың экономикалық әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жаңа міндеттер мен ауқымды жобалар тұр. «Тараз» ӘКК» АҚ болашаққа сеніммен қарап, жауапкершілік, нәтижелілік және ашықтық қағидаттарына сүйене отырып, даму жолын жалғастыра беретін болады.

 

«Тараз» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар