«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Татулықтың арқасында биіктерді бағындырып келеміз

Татулықтың арқасында биіктерді бағындырып келеміз
Автор
Жамбыл облысы – еліміздегі полиэтникалық өңірлердің бірі. Өңірде 87 этнос пен этникалық топ өкілдері өмір сүреді және этнос саны бойынша республикада екінші орындамыз. Сонымен қатар, дүнген, күрд, түрік этностары жинақы орналасқан аймақтар бар. Бүгінде облыста 38 өкілдігімен 41 этномәдени бірлестік тіркелген. 2025 жылдың қаңтар айында қоғамдық аккредиттеуден өткен 33 этномәдени бірлестік республикалық реестрге енгізілді.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылымисараптамалық топ, Ақсақалдар және Аналар кеңестері, этномедиация орталығы, журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы, «Ассамблея жастары», «Жас ғалым», «Қолөнер шеберлері» және «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубтары, сондай-ақ этнос жастары қатысатын «Достық» театры жұмыс істейді. Этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында «Бейбітшілік пен келісім» және «Достық керуені» жобалары жүзеге асырылуда. «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы этносаралық мәселелерді дер кезінде анықтап, тиімді шешуге мүмкіндік беріп, бес жыл ішінде оң нәтижесін көрсетті. Қазіргі таңда бұл бағыт «Елтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында жалғасуда. Сонымен қатар, соңғы үш жылда этносаралық тәуекелдердің алдын алу мақсатында облыстық «Достық керуені» жобасы жүйелі түрде іске асырылып келеді.

Жалпы, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өңірдегі этносаралық ахуал тұрақты, зерттеулер оң динамиканы көрсетуде. Көші-қон, халыққа қызмет көрсету, саяси көңілкүй және жұмыспен қамту мәселелері зерделеніп, тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар берілді. Өңірде этномәдени бірлестіктер жанынан 30-дан астам шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олардың қатарында вокалдық, би, аспаптық, театр және фольклорлық ансамбльдер бар. Сонымен бірге Достық үйінде «Zaman dance», «Infinity» би ансамбльдері және «Вдохновение» би тобы тұрақты жұмыс істейді. Мәдениағартушылық бағытта «Елтану» жобасы аясында «Музыкалық аспаптар әлемі» экспозициясы ашылып, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» көрмесі ұйымдастырылды. Жастар бағыты да назардан тыс емес.

2025 жылы өңірдегі оқу орындарында студенттік ассамблеялар ашылып, «Еңбек – елдің ертеңі» жобасы аясында «Жомарт жан» орталығы 30 колледж студентінің 4,3 миллион теңге көлеміндегі оқу ақысын төлеуге қолдау көрсетті. Сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «КӘСІПday» жобасы арқылы еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметі де мазмұндық тұрғыда жаңа бағыттарға бейімделеді.

Ең алдымен, өңірдегі өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды саралап, нақты ұсыныстарды тиісті деңгейге жеткізу жұмысы күшейтіледі. Яғни, біз тек ұйымдастырушылық қызметпен шектелмей, халықтың сұранысы мен ұсынысын жүйелі түрде жинақтап, оны шешім қабылдау алаңдарына шығаратын маңызды буын болуымыз қажет. Сонымен қатар, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау бағыты негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайту – кез келген реформаның табысты жүзеге асуының басты кепілі. Осы ретте Ассамблея институттарының әлеуетін тиімді пайдалану арқылы қоғамдық келісімді одан әрі дамытуға басымдық беріледі.

Тағы бір маңызды бағыт – ашықтық пен кері байланысты күшейту. Халық кеңесінің мәні – халық үніне құлақ асу болса, біз өңірлік деңгейде осы қағидатты нақты іске асыруымыз керек. Ол үшін қоғамдық қабылдаулар, диалог алаңдары, сараптамалық кездесулердің форматын жаңғыртып, олардың нәтижелілігіне баса мән беріледі. Жалпы, алдағы кезеңде орталықтың жұмысы халық пен билік арасындағы сенімді арттыруға, қоғамдық пікірді ескеруге және өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталады. Облысымызда 38 аналар кеңесі жүйелі әрі мазмұнды жұмыс жүргізіп келеді. Кеңестердің негізгі қызметі – отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы тәрбиелік бағыттағы бастамаларды қолдау. Бүгінде республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында өңірдегі аналар кеңінен қамтылып, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Анаммен бірге кітап оқимын», «Ана көрген», «Анамның әні» сияқты жобалар табысты жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы негізінде «Балам, заңнан аттама» жобасы, ал «Салауатты сана» бағыты аясында «Барыңды бағала» атты вандализмге қарсы бастама қолға алынған.

Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес, жастар арасындағы лудомания, есірткіге тәуелділік, буллинг, вандализм және ысырапшылдықтың алдын алу мақсатында «Салауатты сана» жобасы білім беру және денсаулық сақтау салаларымен тығыз байланыста іске асырылуда. Аналар кеңесінің қызметі халықаралық деңгейде де көрініс табуда. Атап айтқанда, өткен жылдың қараша айында Қазақстан халықтары ассамблеясының Аналар кеңесінің делегациясы Анкара қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы алаңында өткен «Аналар: дәстүр және заманауилық» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысып, «Түркі әлемінің аналары» ұйымын құру бастамасын қолдады.

Аталған бастаманың жалғасы ретінде 2026 жылдың мамыр айында Тараз қаласында осы халықаралық ұйымның құрылтай құжаттарына қол қою мақсатында арнайы форум өткізу жоспарланып отыр. Біз – ортақ тарихы, тілі мен мәдениеті бар біртұтас халықпыз. Сондықтан да татулық пен өзара түсіністік арқылы ғана биік мақсаттарға жетіп, болашағы кемел мемлекет құра аламыз. Этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау – еліміздің өркендеуінің берік негізі. Сөз соңында айтарым, «Қоғамдық келісім» КММ алдағы уақытта да бейбітшілік пен келісімді нығайту жолында ауқымды істерді жүзеге асыра бермек. Баршаңызға жарқын болашаққа деген сенім, ынтымақ пен бірлік тілеймін!

 

Мубарак ЖИНАҚБАЕВА

облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы

Ұқсас жаңалықтар