«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Иммундау – салауатты келешектің кілті

Иммундау – салауатты келешектің кілті
Автор
Адам ағзасының түрлі ауруға бастау болар вирустарға қарсы тұратын бірден бір күші иммунитет екені баршаға белгілі. Әрине, оны күшейту үшін сапалы ас-ауқатпен тамақтанып, дене қимыл белсенділігін тұрақты ұстану маңызды. Сонымен қатар иммундаудың да атқарар рөлі орасан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аумақтық бюросының ұсынысы бойынша 2005 жылдан бері сәуір-мамыр айлары аралығында иммундау апталығы өткізіледі. Биыл облыста бұл апталық «Барлығы үшін иммундау – адамның қолынан келеді» (#HumanlyPossible) ұранымен ұйымдастырылып отыр.

Апталықтың мақсаты – балаларды, жасөспірімдерді, ересектерді вакциналармен басқарылатын жұқпалы аурулардан қорғау ауқымын кеңейту. Сонымен қатар тұрғындарды иммундаудың маңыздылығы жөнінде хабардар ету, вакциналардың тиімділігі бойынша білімдерін жоғарылату көзделеді. Мамандардың айтуынша, балалар мен ересектер арасындағы вакцинациялаудың тиімді бағдарламаларының нәтижесінде облыста көптеген екпемен басқарылатын инфекциялар айтарлықтай азайған.

– Иммундау ауыр асқынулардың алдын алып, мүгедектікке алып келетін полиомилиттің мүлдем жойылуына ықпалын тигізді. Қызамықпен аурушаңдық 100 пайызға төмендеді, мысалы, 2001 жылы 410 жағдай болса, 2024 жылы мүлдем болған жоқ, дифтерияның соңғы жағдайы 2002 жылы тіркелген. Ал «В» вирусты гепатитінің аурушылдығы 95 пайыз кеміді, мысалы, 1998 жылы болған 4283 жағдайдан 2024 жылы 2 жағдайға дейін азайды. Алайда қазір вакцинациядан бас тартқан адамдардың өсуіне байланысты халықтың денсаулығына қауіп төндіретін алаңдаушылық тенденциясы байқалады. Оның негізгі тәуекелдері мен салдарын атап айтсақ, қауіпті инфекциялардың оралуы – вакцинация деңгейі 95 пайыздан төмен түскенде, «ұжымдық иммунитеті» жоғалады. Бұл қызылша, дифтерия, көкжөтел, қызамық, полиомиелит сияқты меңгерілетін аурулардың оралуына әкелуі мүмкін. Соңғы жылдары әртүрлі елдерде, соның ішінде Еуропа мен Орталық Азияда вакцинациямен қамтудың төмендеуіне байланысты қызылшаның өршуі тіркелді. Біздің елде қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі 2019 жылдан, көкжөтелмен 2023 жылдан бастап байқалады. Вакцина алмаудың тағы бір салдары – осал топтарға қауіп төндіреді. Медициналық себептерге байланысты вакцинацияланбайтын адамдар, яғни жаңа туған нәрестелер, онкологиялық науқастар, иммун тапшылығы бар кісілер қорғансыз қалады. Олар, әсіресе, осал және олардың денсаулығы қоршаған ортаның қаншалықты егілгеніне байланысты. Өлім мен асқынулардың өсуі вакцинациясыз инфекциялардың ауыр асқынуларға жеткізуіне сеп болады. Мысалы, пневмония, энцефалит, паралич секілді аурулар туындайды. Бұл ауруханаға жатқызудың жоғарылауына, өлім-жітімнің артуына, денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық әкелуі мүмкін. Ал вакцинадан бас тартудың экономикалық салдары – науқастарды емдеу және ауруханаға жатқызу шығындарын өсіріп, оқу процесін тоқтатып, саяхатқа шектеулер және білім беру мекемелеріне қолжетімділікті үзеді. Елімізде алдын ала екпелер толығымен мемлекеттің қаржыландыруымен өткізіледі. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, жоспарлы екпелерден басқа, эпидемиялық көрсеткіштер бойынша жүргізілетін екпелер де ақысыз түрде жүргізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар аясында ұйымдастырылатын қосымша иммундау компаниялары да ақысыз түрде жүргізіледі. Елімізде вакцинаны пайдалану алдында арнайы зертханалық зерттеулер арқылы мемлекеттік тіркеуден өтеді, вакцинаның әр партиясына зертханалық бақылау орнатылып, тасымалдау мен пайдалану кезінде «салқындатқыш тізбегі» ережесінің сақталуы, екпеден кейінгі қолайсыз жағдайларға мониторинг жүргізу жүйесі бақыланады. Әрбір ата-ана өз баласының денсаулығына алаңдайды. Сондықтан иммундаумен аурудың алдын алуға деген оң көзқарас салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі кілті екенін ескеру керек. Ата-ананың вакцинацияға деген сенімділігі мен медициналық қызметкерлермен өзара жұмысы ғана иммундаудың маңыздылығына көз жеткізуге көмегін тигізеді, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликова.

Апталық аясында тұрғындармен вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстары, иммундауға оң көзқарас қалыптастыру үшін Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, алдын ала екпелермен қамту деңгейін жоғарылату жұмыстары ұйымдастырылған. Барлық медициналық мекемелерде ашық есік күндері, мектептерде оқушылармен спорттық шаралар, викториналар, дебаттар өткізілген. Балабақшаларда сурет салу конкурсы, «Мен екпеден қорықпаймын!», «Айболитпен кездесу» тақырыптарында иммундау сабақтары, ал студенттермен «Бізбен бірге екпе ал! Өз денсаулығыңды қорға» тақырыбында флеш-моб ұйымдастырылған.

– Вакциналарды ойлап табу – миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалған адамзаттың ең үлкен жетістіктерінің бірі. Соңғы 50 жылда ең маңызды вакциналарды қолданудың арқасында кем дегенде 100 миллионнан астам адамның өмірі, яғни әр минут сайын 6 адамның өмірі сақталды. Бұл жетістіктерді өмірді одан әрі сақтау мүддесі үшін дамыту қажет. Болашақта иммундау вакцинаның бір дозасын алмаған миллиондаған балаларды қамтып ғана қоймай, аға буын мен жүкті адамдарды тұмаудан, пневмониядан және басқа да қауіпті жұқпалы аурулардан, қыздарды адам папилломавирусынан және жатыр мойны обырынан, онкологиялық аурулардан қорғауы керек. Қазақстанның профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесі үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес келеді, 21 жұқпалы ауруға қарсы вакцинациялауды көздейді. Елімізде жыл сайын шамамен 5 миллион адам, оның ішінде 1,3 миллион балаға вакцинация жүргізіледі. Облыста екпе жұмыстары вакциналарды сақтауға және тасымалдауға арналған 685 термоконтейнермен, 711 тоңазытқышпен, 700-ден астам шокқа қарсы дәрілік препараттармен және медициналық бұйымдармен, қажетті вакциналармен, қысқыштармен және егу жүргізу үшін қажетті басқа да құралдармен жабдықталған медициналық ұйымдардың 281 екпе пункттері бар. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының 343 медициналық пункттері де қызмет көрсетеді. Оларда егу жұмыстарын жүргізуге рұқсаты бар оқытылған дәрігерлер мен орта медициналық персонал вакцинация жүргізеді, олардың саны 2 мыңнан асады. Шалғайдағы елді мекендерде, малды ауылдардағы учаскелерде егу жұмыстарын жүргізу үшін облыстың барлық 10 ауданында 75 көшпелі егу бригадалары, жылжымалы медициналық кешендер құрылды. Мемлекет профилактикалық егулердің қолжетімділігіне, оларды денсаулық сақтау жүйесі ұйымдарында тегін өткізуге кепілдік береді. Азаматтар вакцинация жүргізу кезінде вакцина туралы толық және объективті ақпарат алуға және профилактикалық егулердің қажеттілігіне, олардан бас тартудың салдарына және вакцинадан кейінгі ықтимал асқынуларға, профилактикалық егулердің алдында медициналық тексеруге құқылы. Арнайы апталық кезінде вакцинацияның өзекті мәселесі бойынша іс-шаралар облыстың барлық денсаулық сақтау мекемелерінде ұйымдастырылып, халық арасында, ересектер мен жастар, қарт адамдар арасында жүзеге асырылады. Жұқпалы аурулар денсаулық сақтау жүйесінің дамуына, нығаюына және жетілдірілуіне қарамастан, емдеу мен алдын алу үшін жаңа дәрі-дәрмектерді алу, анықтау және диагностикалау әдістері адамның жанында болады. Вакциналар бізді кез келген жаста, өмір бойы қорғайды. Азаматтар дәрігерден өзінің немесе балаларының екпелерді қалай және қашан алуға болатынын біле алады. Вакцинацияны кейінге қалдыру арқылы біз ауыр ауруға шалдығу қаупіне ұшыраймыз. Әр адамның өз таңдауын жасауға құқығы бар, яғни екпе алу немесе екпеден бас тарту, бірақ ата-аналар вакцинациядан бас тарту арқылы балаларының денсаулығына зиян келтіретінін білуі керек. Екпе алмаған жағдайда ата-аналар баласын қорғаудан ғана айырып қоймай, басқа балаларға қауіп төндіреді және қоғамда жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етеді. Қазіргі заманауи медицинада жұқпалы аурулардың алдын алудың вакцинациядан басқа тиімді құралы жоқ екенін атап өту маңызды, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев.

Дәрігерлер екпе алу арқылы түрлі инфекциялардан қорғану мүмкін екенін үнемі ескертеді. Иммундау инфекциядан қорғалатын салауатты және толыққанды өмір сүре алатын әлем құруға мүмкіндік береді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар