- Advertisement -

Ми ажалы – менингит

243

- Advertisement -

Кішкентай күнімізде үлкендер «қыста жалаңбас жүрсең, менингит боласың» деп отыратын. Содан кейін бе, «менингит – тұмаудың асқынған түрі» деп келгеніміз жасырын емес. Әлі күнге дейін солай ойлайтындар бар. Алайда, менингиттің – мидың қабынуы екенін, оның халық арасында кең тарағанын және жыл сайын елімізде осы инфекцияға шалдығатындар жиі кездесетінін айтып, мұқым елді сақтандырып отырмасақ, дәрігер атымызға сын болар еді. Сонымен, менингит деген не? Оны болдырмаудың амалы қайсы? Қалай сақтанамыз?

Бұл ауру салдарының тым ауыр болуы ауа райына байланысты да болуы мүмкін. Себебі, ұзақ уақыт бойы күннің бірде жылып, бірде салқын болуы инфекцияның өршуіне әкеледі. Әсіресе көктем мен күзде адамның иммундық жүйесі әлсіз болады. Осы уақытта түрлі инфекцияны жұқтырып алады. Оның ішінде балалар ауруға төтеп бере алмайды. Менингиттің ауыр түрінде бірден ем қабылдамаса, адам өліп кетуі мүмкін. Былтыр облысымызда вирусты менингитпен 14 жасқа дейінгі 6 бала ауырды. Қуаныштысы сол, ауруға шалдыққандардың барлығы дер кезінде емделіп, құлан-таза айығып кетті.

Менингит ауруы кенеттен басталады. Күтпеген жерден адамның басы қатты ауырады, құсады, бес-алты сағаттан кейін денеде бөртпе пайда болады. Дене қызуы 39-40°С-қа жетеді, адам қалтырайды. Тері бозарады. Науқас әлсіреп, арқа және аяқ-қол сырқырайды. Көзі бұлдырап, бір нүктеге қарай алмайды, алдындағы зат қосарланып көрінеді. Науқас адам шөлдейді, тәбеті нашарлайды. Кейде ауру жеңіл түрде өтеді. Менингит тұмау, баспа, суық тию, тонзиллит және тағы басқа ауруларға ұқсас болғандықтан, адамдар мән бермейді. Иммунитеті әлсіз ересектер мен балалар ауруға жиі шалдығады. Салқын тиіп қатты ауырғанда менингококк инфекциясы бас миының қабығына тез өтіп, қабындырады. Сондықтан халық арасында бұл ауруды «миқұрт» деп атайды.

Инфекция ауа тамшылары арқылы жұғады. Науқас адам түшкіргенде, жөтелгенде ауаға инфекция таралады. Қоғамдық орындарда, адам көп жиналатын ғимараттарда инфекция тез тарайды. Науқас адам маска киіп жүру керек және оны жиі ауыстырып тұрған дұрыс.

Аурудан сақтану үшін қарапайым тазалық ережелерін сақтап, саламатты өмір салтын ұстану керек. Мүмкіндік болса, адамдар көп жиналатын жерлер мен сауда, ойын-сауық кешендеріне, мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін жерге сирек барған дұрыс. Күн салқын кезде жылы киініп жүру керек. Жеке бастың гигиенасы сақталуы керек. Әсіресе, балаларға қолды мұқият жууды үйреткен дұрыс. Тамақ ішер алдында қолды міндетті түрде сабындап жуу керек. Суық тисе, адам өзін жайсыз сезінсе, бір реттік маска киген дұрыс. Бөлмені жиі желдетіп, тазартып отырған жөн.

Аталған ауруға көбінесе бес жасқа дейінгі балалар шалдығады. Себебі, олардың иммундық жүйесі қалыптаспағандықтан, ауруға қарсы күресе алмайды. Сондай-ақ, жасөспірімдер мен жастар, орта жастағы адамдар да аталған аурудың «құрығына» тез ілігеді. Өйткені, жас адам тәуекелге барады, яғни салқын тисе, тамағы ауырып, қызуы көтерілсе, елемей жүре береді. Өз денсаулығына бұлай салғырт қараудың соңы көп жағдайда қайғылы оқиғаларға апарып соғады.

 

Майра ҚҰРАҚБАЕВА,

«Қамқор» медициналық орталығының дәрігері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support