- Advertisement -

Жамбылым қандай тамаша!

772

- Advertisement -

Жұрт аузынан түспейтін танымал
әннің мәтіні осылай жазылған

1958 жылдың жазында Талас ауданының көркемөнерпаздары Алматыға барып олжалы оралды. Біріккен хор ұжымы ақын, әуесқой композитор Шона Смаханұлының туған өңірі жайлы жазылған туындысын опера және балет театрының сахнасында орындап жүлделі екінші орынды иемденді. Ұжымның ұйытқысы да, дирижері де автордың өзі. Сол жолы аузы дуалы өнер жұлдыздары мен атақты ақын-жазушылармен тілдесіп, көптеген мақтау сөздер естіген Шона елге қанаттанып қайтты. Біржолата Алматыға қоныс аудару туралы шешімге келді. Бұл тоқтамға тектен-тек келген жоқ. Сатира саласында көптен бері қалам тартып таныла бастаған ақын-жазушылар қауымының назарына да іліккен еді. Ең бастысы – аузы дуалы Асқар Тоқмағамбетовтен бата алған. Репрессия кезінде сардары мен сарбаздарынан айырылып қазақ әдебиетінде кенжелеп жүрген сатира жанрының селкеу көшіндегі серкесі де, қосшысы да Асекең болса, сол көшке қосылған қатары селдір талапкер топтың ішіндегі ең үміт күттірері Шона еді.

Жедел жиналған салт басты, сабау қамшылы Шөкең жалғыз шамаданын қолға алып Алматыға жол тартты. Республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетіне орналасты. Ал жұбайы Ақкөлде қалып, мектеп кітапханасындағы қызметін жалғастырды. Үй-ішін келер жылы өзі әбден орнығып алған соң көшіріп алды. Отырған үйі бір танаға бағаланды. Күзге қарай сол малды сату үшін Ақкөлге оралады.
Жақын туысы, әрі досы Аралбайдың үйіне түсті. Арекең соғыста бір қолынан ажырап, елге аман оралған азын-аулақ майдангердің бірі. Соған қарамастан он екі тілді сырнайды жалғыз қолмен-ақ құйқылжыта ойнайды. Ертесіне Шона Аралбектің атына мініп өрісте ен жайылып жүрген қашарды іздеуге шықты. Ауыл шетінде күзге қарай көктемгі қарқынынан ажыраған Аса өзені кейбір тайыздау тұсында шылжырап ағып жатыр. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Мақтан етем Таласымды, Көк лентадай өзені жарасымды» – деп өзінің әнге қосқан Аса осы.
Жақында белгілі композитор Садық Кәрімбаевпен дастархандас болып, әңгімелескен.
Екеуінің сөзі бірден жарасты. Шонаның Талас жастарына арнаған өлең жазып, оған ән шығарғанын естіген Садық ерекше қызығушылық танытты. Әуенін тыңдағаннан кейін тіптен ашыла түсті.
– Біздерде мақташы, тракторшы, шопан қыз туралы жауыр болған тақырыптардағы әндер көп. Жеке адамның еңбегін марапаттап, қызықтауға әуеспіз. Ал туған жер жайлы тебіреністен туған әуен сирек. Әр қазақ өскен өлкесін сүйеді, мақтан тұтады. Сенің аудан жастары жайлы шығарған әнің композиторларға үлгі боларлық дүние екен. Екеуміз қосылып жаңа бір ән жазсақ қайтеді? Менімше Жамбыл өңірі төңірегіндегі тақырып оң жамбасыңнан келеді. Бағанадан бері байқап отырмын, туған жерің туралы көсіле сөз етіп, мақтанышпен айтып отырсың. Сол ойларыңды жинақтап, шамырқансаң жақсы бір дүние өмірге келгелі тұр. Мәтінін сен жаз, музыкасын маған жібер! – деген тосын тілек білдірді.
Шона алғаш абдырап қалды. Кәрімбаев сияқты есімі Қазақстанға мәлім сазгермен қосылып ән авторы аталу үш ұйықтаса түсіне кірмеген жәйт. «Талас жастарының әні» әуесқойлықтан туған дүние. Оның тыңдарманы мен айтушысы бір аудан тұрғындары. Ал бүкіл Қазақстан халқы ұйып тыңдайтын әуеннің сөзі де салмақты болуы керек. Осындай жауапкершілікті сезінген Шөкең атбасын ала қашқанымен, Садық: «Жақсы текст жаза алатыныңа сенемін.» – деп отырып алды. Ақыры келісімін берді. Ауылға бет алғалы бері өлеңнің ұштығын таппай қиналып жүр. Көңілі күпті, әлденеге алаң. Кертөбел аттың әдемі аяңы өн-бойын тербелте түскен сайын жаны жадырап, көмейге бір ырғақты әуен келгендей. Көз алдына Жамбыл қаласының көркі келеді. Осыдан он бес жыл бұрын майданға кетер алдында алдын-ала әскери дайындықтан өткен жер. Соғыстан аман-есен оралғанда құшағын жая қарсы алған мекен. Қаланың теріскейі мен күншығыс беткейіне жапсарласа орналасқан «Қызыл партизан» және «Төңкеріс» колхоздары сонау жаманшылық жылдарында Талас ауданынан қоныс аударған жұрт мекендейтін мүйіс, елден келгендер атбасын бұрып аялдайтын тұс. Жергілікті жұрт неге екені белгісіз сонау 1931-1932 жылдардағы халқының жартысынан астамын жалмаған нәубетті «ашаршылық» деп тікелей өз атымен айтпай осылайша «жаманшылық» дей салатын.
Өндіріс орындары шамалы шап-шағын болса да жасыл желек жамылған қала соғыстан кейін қанат жайып ұлғая түсті. Қырқыншы жылдардың аяғына қарай шаһардың теріскей тұсынан ұзын мұржаларынан сары түтіні будақтаған алып химия зауыты бой көтерді. Ертегілерде айтылатын ғажайып бураның дыбысындай таңертең жұмысшыларын жаңа ауысымға шақырған зор үн қаланың ол шеті мен бұ шетіне жететін. Бұл дауыс Әулиеата өңіріне келе жатқан техникалық прогрестің ілкі хабаршысы іспеттес еді.
Қалың ой құшағындағы ақынның тіл ұшына «Көркіңді көріп сүйінем, Жасампаз қала – Жамбылым» деген жолдар орала кетті. Сегіз буынды шалыс ұйқас. Иә, сәт! Енді қаланы көрген сайын көңілге ұялайтын шат сезімді бейнелейтін сөз керек. Сонымен алғашқы шумақ:
Көркіңді көріп сүйінем,
Жасампаз қалам – Жамбылым.
Шырқаған көңіл күйімен
Арналсын әсем ән-жырым, – деп құйылды.
Енді қайырмасын табу керек. Ән қайырмасы жауһардай жарқырап, ойнақы реңк пен ырғақ беруі тиіс. Ежелгі «Әулиеата» 1939 жылдан жыр алыбы Жамбылдың атын алған, мың жылдық тарихы бар қаланың биік мәртебесін асқақтатар айшықты ой түю қажет.
Қойылған сәтті өзіңе,
Жамбыл деп даңқты ұлы есім.
Тарихқа дарқан сенің де
Ғажайып қосқан үлесің.
Қайырманың үшінші жолындағы «тарихқа» сөзі кейіннен «өмірге» болып өзгертілді. «Бастапқы шумақ көтеріңкі, экспрессивті леппен басталған соң екінші шумақ Жамбыл өңірінің келбетін ашатын, оның береке-байлығын паш етуі тиіс» – деп түйді ақын ішінен.
Ақын толғаныс, терең ой үстінде. Көңілі желді күнгі Ақкөлдің айдынындай толқу үстінде. Сол тербелген сезім толқынын, жыр тілімен сөйлету оңай емес. Ой ағысы осы жерге келгенде алда тұрған кедергі, бөгетті бұзып-жарып, өлең болып құйылды.
Көркейткен жайсаң жерімді,
Кенім бар бақыт – берекем.
Кенелткен байтақ елімді
Ақ алтын дәнге мол екен.
Жалғыз жолаушы аттың бірқалыпты тербеген жүрісімен Жалғамысқа жеткенін де білмей қалыпты. Көктемде су жайылған көлтабан орнында ажырық пен өлең шөп бітік өскен. Өріс толы топ-топ болып жайылған сиыр. Аттың тізгінін қаққан Шона жан-жағына шола қарап таныс ала қашарды көзімен іздейді. Іздеген жоғын табын арасынан кезіктірмеген соң аттың басын Домалақкөлге қарай бұрды.
Елуінші жылдардың басында уақ, майда колхоздарды ірілендіру нәтижесінде ауылдағы жұрттың жағдайы едәуір түзелді. Қырық жылға жуық қиындықтарды басынан өткерген халықтың мейір-шапағаты артты. Үстеріне жамаусыз киім ілді. Нанға тойынды. Құдайға шүкір елдің тұрмыс жағдайы бұрынғыға қарағанда едәуір түзелді. Аудан орталығында төбесін қамыспен жапқан аласа, табаны сыз үйлердің орнына шифермен жабылған еңселі жайлар соғыла бастады. Аралбек туысы да Абай көшесінің ең басынан еденіне тақтай төселген төрт бөлмелі үй салып алды. Қалада сәулетті, екі қабатты үйлер бой түзеді. Осының бәрі ақынның көңіл ауанына әсер етіп те жүрген. Өңірге келген өзгерісті өлеңге қосты.
Сәулетті, сәнді, тұрмысты,
Байлығың шалқар шалқыған.
Ақпейіл, азат, ырысты
Айналдым туған халқымнан.
Жамбыл қаласы орналасқан мекен Талас пен Аса өзендерінің аралығындағы жап-жасыл шұрайлы аймақ. Қала айналасын табиғи желек көмкерген. Түстік шығысындағы Алатаудың бір сілемі Талас өзенінің жағасына тұмсығын тірей тоқтаған. Күнбатыс бетінде қатпар-қатпар қарт Қаратаудың жатаған төбелері басталады. Әрі батысқа өрлеген сайын кеудесін керіп, бойын көтере түсетіндей. Таудан басталып, сансыз бұлақ суынан нәр алған шәрбет дәмді қос өзен қаланың қос қабырғасымен капталдай ағады. Қаланың сансыз көшелеріндегі арық арнасымен үй маңындағы мәуесі төгілген жеміс ағаштарын ылғалдандырады.
Алатау менен Қаратау
Тоғысқан жері – тұрағың.
Сімірсем суы шәрбат-ау,
Мөлдіреп ерке бұлағың.
Әннің соңғы қайырмасына кезек келді. Әдетте ән қайырмасы шумақ сайын қайталанып отырады. Алайда ноқтаға басы сыя бермейтін Шона бұл қағиданы елемей әр шумаққа жеке-жеке қайырма келтіруді мақұл көрді. Кең даланың төсінде бүйірі қызып көсіле шапқан жарау аттай шалқыған шабыт бой берер емес.
Ақын қаланың қазіргі сипатын көз алдына елестетті. Көне қаланың орталығы көкбазардан басталатын кең көше Қарахан ата мазарының бір қапталын ала ескі атшабардың жоғары жағымен терістік-батысқа қарай бой түзеді. Айналасы атшаптырым Атшабардың үсті тегістеліп облыстық партия комитеті мен атқару комитетінің кеңсесі бой көтерген. Алды кең алаң. Мұндай алаң еш облыстың орталығында жоқ. Сол көше бойында күйдірген қыштан екі қабатты тұрғын үйлер қаз-қатар жарыса бой түзеген. Құрылыс жылдан-жылға қарқын алып қала жасара түскендей. Көшеге жасыл желек көрік беріп, жайқалған жас орман қанатын жаюда. Қаланың бас қақпасы темір жол вокзалынан басталып Абай көшесі бойындағы зәулім шынарлар көкке бой түзеп қаланың ажарын ашты. Қала қандай көрікті,қандай әсем десеңші!
Қанатын жайып жас орман,
Үйлерің өскен жараса.
Жыл өткен сайын жасарған
Жамбылым қандай тамаша! – деген жыр жолдары тілге оралады…
Атақты «Жамбыл жастары вальсінің» мәтіні қаладағы жұмыс үстелінде емес осылайша кең даланың төсіндегі Ақиық – Жалғамыс – Домалақкөл – Ақкөл аралығында ат үстінде туған еді.
Ақын Алматыға барысымен ән мәтінін композитордың қолына тапсырды. Артынша әуен де дүниеге келді. Қос автордың шығармашылығынан туындаған жаңа ән радио толқыны арқылы ұшы-қиырсыз қазақ кеңістігіне таралып кетті.
Қазіргі таңда қазақтың облыс, өңірлері, аудан, қалалары, тіптен жекелеген ауылдарына арналған әндер өте көп. Ал ақын Шона Смаханұлы мен композитор Садық Кәрімбаевтың «Жамбыл жастарының вальсі» сол туған өлке жайлы жазылған әндердің алғашқы қарлығашы еді. Көп ұзамай бұл вальс жамбылдықтардың сүйікті әуеніне айналды. Сыртта жүрген әр жерлесіміз туған жерге деген сағынышы мен мақтанышын «Жамбылым қандай тамаша» деген ән жолдары арқылы жеткізетін. Басқа өңірдің тумалары әуен айтылғанда жамбылдықтарға қызыға қарайтын. Әсіресе, Алматыда оқитын жерлес студенттер бас қосқанда ерекше екпінмен айтылып жүрді.

Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support