- Advertisement -

ХХІ ғасыр жастарына жан-жақты болған жарасады

46

- Advertisement -

Айнала-төңірек түгел қозғалыста. Дүние дүбірге толы. Шапшаң ауысып, үздіксіз дамып, үрдіс пен үдеріске ұласып жатқан қарбалас бар. Бұрын көз көріп, құлақ естімеген жаңалықтар, қиялдан озған шындықтар туындап жатыр. Соған сай талаптың тұлпарына мініп, тасқияға өрлеуге ұмтылған жастар бар. Ғылым мен өнердің қарыштап өсуі, өркениетпен теңелуі солардың қажыр-қайратымен келіп жатыр. Олардың қайсыбірі ғарышты бағындырып, аузымен құс тістеп әлемге танылса, Димаштай бір перзенті әлемді өз өнерімен тамсандырып, тәнті етіп жүр. Озық ойлы қазақ жастары түрлі кәсіпті меңгеріп, кәнігі шебері болып алды. Өнер жұлдыздары да көбейді. Олар қазақ музыка әуенін түрі жағынан да, мазмұны жағынан да байытуға ұмтылуда. Әттең, бәрі сондай болсашы… Алға шықса, биікпен теңелсе дейсің. Сонда дүние бір дүркіреп жаңғырар еді-ау!
Бірақ олай болмай тұр. Өкініштісі – енжарлары да көп. Мимырт, бойкүйез боп өмір кешіп келеді. Шалқып жануы жоқ, бықсып түтіндеп жатады. Күш-қайраты жетіп тұрса да болмашы, мардымсыз тірлікті қанағат қылып күнелтуде.
Менің бұлай ой қозғауыма мына оқиға түрткі болды. Ауылдан келген бір қария автобекеттегі дәретханадан шыға беріп еді, дәлізде тұрған еңгезердей қазақ жігіті жолын кес-кестеді:

– Ақсақал, ақысын төлеңіз.
– Е.., мұндайы бар ма еді тағы? – деп есептесіп жатты әлгі шал. Былай шығып, ұзай бере жатып кеп күңкілдесін:
– Нәлеті, бүйтіп әжетхана күзетіп, тиын-тебен тапқанша, ауылға барып кетпен шаппай ма, кәсібінің түрін қарашы!?
Жастардың рухани жүдеулігі олардың ой-өрісіне, ішкі пиғылына әсерін тигізбей тұрмайды.
Бір жолы көрнекті ғалым, абайтанушы профессор Мекемтас Мырзахметов топтың ортасында тұрған еді. Жұрттың бәрі қошеметтеп сәлемдесіп жатты. Жүзі таныс бір жас жігіт маған жақындап келді де: «Осы кісі кім өзі, неғып елдің бәрі құрметтеп жатыр?» – деп сұрады.
– О… бұл кісі аты мәшһүр ғалым, әбден ақылды, зерек ойлы кісі, – дедім.
– Шіріген бай шығар, – дейді анау ойланып тұрып.
– Жоғ-а, осы өзіміз сияқты орташа ғана дәулетті.
– Е-е.., онда несі ақылды оның! – дегені ғой әлгі сабазың.
Мінеки, қазіргі кейбір жастардың түсінігі осылай. Бәрін де дүниемен, ақшамен, байлықпен өлшейтін болған. Олардың өзі жеткен өресі де, мәдениеті де, адамгершілік тұрпаты да осылай өзгерген. Соны мәртебе санайды.
Желіккеннен не істерін білмей жүргендер бар. Тапа-тал түсте айылын жимай жұрттың көзінше сүйісіп тұрған жастарды, кіндігін ашып тастап, санын жалтыратып әдейі жыртық шалбар киіп жүрген қыздарды, жалаңаш денесін ашып саудаға салып жүрген немесе атым шықсын деп балшыққа аунайтын қазақ жігіттері шықты. Бойжеткендеріміз қалталы қытайларға күйеуге шығып, жігіттеріміз айдай аппақ қаракөздеріміз тұрғанда, қайдағы бір қара қатынымен шатасып, перзент көре бастады.
Теледидар осының бәрін аймандай қылып көрсетіп-ақ жатыр, сынап та жүр. Бірақ олар айылын жимақ түгіл, соны мақтан санайтын секілді. Күннен-күнге өршіп барады. Осының бәрі Батыстың ықпал-өнегесі, соны талғамай қазақ көрерменіне көрсетіп, баспасөзде жазып жатқан өз кінәміз.
Ал мәдениетсіздікке қарсы не істеп жатырмыз? Жастарды жөнге салып, мәдениетті қалыптастыруда аға буын қандай өнеге көрсетіп жүр? Жақында Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті сондай бір игі бастама көтерді. «Қазақ филологиясы және латын графикасы» кафедрасы университет ректоры Ержан Әмірбекұлының тапсырмасына орай барлық факультеттерде, салалы мамандықтар үшін жаппай «Ұлттық салт-дәстүр» және «Мәңгілік Ел идеясы» пәндері кеңінен оқыта бастады. Кафедра меңгерушісі Тұрсынай Әбдіқадырова студенттердің өз ұлтымыздың үлгі-өнегесінен сусындап, кеңінен танысуына баса мән беріп отыр.

Рахым Садықбеков,
ардагер ұстаз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support