Музейге Баукеңнің өз қолымен жазылған шежіресі қойылса...
- author «Ақ жол»
- 5 шілде, 2025
- 177

Экскурсия барысында Дархан Қыдырәліге өңірдегі патриоттық тәрбие жұмыстары, музей қоры мен ондағы құнды жәдігерлер туралы мәліметтер ұсынылды. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын «Данқ» залының бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Мұнда мың шаршы метрге барлығы бір миллион 500 мыңнан астам фотошежірелер топтастырылған. Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерінен хабар береді.
Атап айтсақ, 1941-жылға арналған қабырғада «Барборосса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқасының, генерал-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белашевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосуреттер мен 200-ден аса құжаттар қойылған.
Ал залдың 1942-жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өренім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943-жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан.
Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл Әскердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы орналастырылған. Кешен аумағында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа музейде батырдың шежіресімен танысуға бар жағдай жасалған. Көрмеге Баукең өмірінің әр кезеңіндегі деректер – балалық шағы, әскери өмірі, отбасы, жеке заттары, құжаттары қойылған. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының полковник шеніндегі шинелі, батырдың өзі салған карта, «Ұшқан ұя» және «Артымызда Мәскеу» шығармаларын жазған қалам мен сия сауыты да музейдің төрінен табылған.
Сонымен қатар көрмеден облыстық тарихи-өлкетану мұражайына Бауыржан Момышұлының өзі тарту еткен жеке маузерін, Кеңес Одағының Батыры Алтын Жұлдызының және Ленин орденінің, полковниктің айдаһар бейнеленген қылышының көшірмелерін, кітаптар мен фотосуреттерін көруге мүмкіндік бар. Халық қалаулысы өз кезегінде батыр бабамыздың рухын ұлықтаудағы музей жұмысының маңыздылығын атап өтіп, мұндай нысандардың жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі рөлін жоғары бағалады.
– Расында батыр Баукеңнің жүріп өткен жолы бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Оның мол мұрасы қазақ халқы үшін әлі де зерттеуді қажет ететін қазына саналады. Батырдың мұрасын сақтап, оны жастарға насихаттаудағы музей жұмысының еңбегі орасан екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте музейге Баукеңнің майдан кезінде өз қолымен жазылған шежіресі мен Т.Рысқұловтың портреті қойылса деген ұсынысты айтқым келіп отыр. Естеріңізде болса, Тұрар Рысқұлов Баукеңді студент кезінде көп қолдап, қаржылай көмек көрсеткен. Бұдан бөлек Бауыржан Момышұлы соғысқа дейінгі жылдары бірқатар Алаш арыстарымен байланысып, қызметтес болғандығын да естен шығармау керек, – деді Дархан Қуандықұлы.
Сонымен бірге Сенат депутаты сапар аясында облыс орталығындағы «Қолөнершілер үйі» креативті хабының жұмысымен танысты. Орталықта халық қалаулысына ұлттық қолөнерді жаңғырту, шеберлерге қолдау көрсету және жастардың шығармашылығын дамыту бағытындағы жобалар таныстырылды.
Бұдан бөлек Дархан Қыдырәлі ерте ортағасырлық «Бесағаш» елді мекенінде археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарымен танысып, облыстың шығармашыл жастарымен ашық форматтағы кездесу өткізді. Еркін пікір алмасу алаңына айналған жиында жастар өңір руханиятына қатысты ұсыныстары мен идеяларын айтты. Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі жас буынның белсенділігіне жоғары баға беріп, олардың бастамаларын қолдауға дайын екендігін атап өтті.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді