«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төмен ұпай алған үміткер жеңімпаз болды. Неге?

Төмен ұпай алған үміткер жеңімпаз болды. Неге?
Ашық дереккөз
Жергілікті оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподағы, оның филиалдары кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды. Сондай-ақ әлеуметтік әріптестік актілері арқылы кәсіподақ мүшелері үшін көптеген артықшылықтар мен оңтайлы еңбек жағдайын жасап, олардың құқықтық сауаттылығын түрлі семинарлар ұйымдастырып, жүйелі түрде арттырып келеді. Бүгінгі күні кәсіподақ мүшесі болу тиімді екенін сала қызметкерлері жақсы түсініп отыр.

Білім беру ұйымдары, білім басқармасы мен бөлімдерінде құрылған комиссиялардың құрамына да тартылған. Осылайша комиссия қызметіне құқықтық сүйемелдеу арқылы сауалдарды заңнама аясында әділ, дұрыс шешілуіне де мұрындық болып келеді. Бұл комиссиялардың бірі конкурстық, апелляциялық комиссия. Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылдың қараша айынан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларымен бірге, қатардағы педагог қызметкерлер де лауазымдарға тағайындау конкурстық негізде ұйымдастырылатын болды.

Тиісінше, сол уақытта қолданыста болған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагог қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау, қызметтен босату қағидасына» сәйкес, конкурстық комиссия сол білім беру ұйымдарында құрылып, оның құрамына білім бөлімдерінің өкілдері, әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) басшылары, басшылардың орынбасарлары, әдіскерлері, педагог сарапшының немесе педагог зерттеушінің, педагог-шебердің біліктілік санаты, білім беру саласындағы азаматтық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, бір тәуелсіз сарапшы және өзге де қоғамдық ұйымдардың өкілдері енуі тиіс болатын.

Осы бойынша 2024 жылдың наурыз айында кабинетімде күнделікті кәсіподақ мүшелерін қабылдау барысында Тараз қаласындағы №76 мемлекеттік мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымында дене тәрбие нұсқаушысы болып уақытша жұмыс істейтін педагог, әрі кәсіподақ мүшесі Ғ.Тоғжанова келді.

Ол:

«Өзінің қазір уақытша жұмыста болмаған педагогтың орнында дене тәрбие нұсқаушысы болып жұмыс істейтінін, сол себепті Тараз қаласындағы №81 бөбекжай-бақшасындағы «дене тәрбие нұсқаушысы» бос лауазымына жарияланған конкурсқа үміткер ретінде, хабарландыруда көрсетілген құжаттардың барлығын және қосымша өзінің педагогтік лауазымдағы жетістіктерін растайтын құжаттарын да уақытылы, талапқа сай өткізгенін айтты. Алайда, сол «дене тәрбие нұсқаушысы» бос лауазымына конкурс жариялаған №81 бөбекжай бақшасының конкурстық комиссиясындағы қоғамдық ұйымның өкілі осы үміткердің құжатын «талапқа сай емес» деген уәжбен кері қайтарып, үміткерлердің ішіндегі ұпай саны төмен келесі үміткерді жеңімпаз деп тауып, мектепке дейінгі мекеменің басшысына «конкурс жеңімпазымен еңбек шарт жасау туралы ұсыныс берілгенін», – жеткізді.

Кәсіподақ мүшесі Ғ.Тоғжанованы тыңдай келе, сол мектепке дейінгі ұйымның конкурстық комиссиясының осы конкурс бойынша материалдарын мазмұны бойынша қайта қарап, шешімнің негізділігін анықтау үшін кәсіподақ мүшесіне қалалық білім бөлімінің педагог қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау бойынша конкурстық комиссияның шешімін қайта қарайтын апелляциялық комиссиясына өтінішпен қайрылуға кеңес бердім. Себебі, сол уақытта қолданыста болған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагог қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау, қызметтен босату қағидасы» 175-тармағына сәйкес, конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда, конкурсқа қатысушылар жоғары тұрған органның апелляциялық комиссиясында немесе сот тәртібімен шағымданатыны көрсетілген.

Ғ.Тоғжанова бізден кеңес алған соң ешбір кідірместен, өзінің білікті маман екендігіне, үміткер ретінде оның барлық құжаттарды талапқа сай тапсырғанына көзі жетіп, кеңесті дұрыс пайдаланып, қалалық білім бөлімінің педагог қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау бойынша конкурстық комиссияның шешімін қайта қарайтын апелляциялық комиссиясына №81 бөбекжай-бақшасы конкурстық комиссиясының шешімін заңсыз деп танып, күшін жойып, кандидаттардың құжаттарын қайта қарап, жаңа шешім қабылдауды сұрап» өтініш берді.

«Бастаған істі, аяғына дейін жеткізу қажет» – деген қағидамен, кәсіподақтың ұсынысымен білім бөлімінде педагог қызметкерлерін лауазымдарға тағайындау бойынша конкурстық комиссияның шешімін қайта қарайтын апелляциялық комиссиясы құрылып, комиссия құрамы кәсіподақ ұйымының өкілімен де толықты.

Бұрын соңды мұндай алқалы орган білім бөлімінде құрылмағанын және оны құруға кәсіподақ бастамашы болғанын алға тартып, комиссия мүшелерінің бір ауызды шешімімен дене тәрбие нұсқаушысының өтініші бойынша осы апелляциялық комиссияның алғашқы ісін қарауда төрағалық ету кәсіподақ өкіліне ұсынылып, шешім етілді.

Осы ретте, кәсіподақтың төрағалығымен білім бөлімінің апелляциялық комиссиясы, №81 мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымындағы «дене тәрбие нұсқаушысы» бос лауазымына жарияланған конкурс бойынша материалдарды жан-жақты, мазмұны бойынша қарап, өтініш иесінің уәжі толық расталып, бос орынға үміткер ретінде құжат тапсырған үш үміткердің «өзін-өзі бағалау парағын» конкурстық Ереженің №16 қосымшасымен бекітілген нысанмен емес, ескі үлгідегі №2 және №11 қосымшалармен бекітілген нысанмен толтыруы және апелляцияға өтініш берген Ғ.Тоғжанованың ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК «Мектепке дейінгі білім беру педагогтерінің, тәрбиеленушілері мен дене шынықтыру нұсқаушыларының кәсіби құзіреттілігі мен дағдыларын дамыту» тақырыбы бойынша 80 академиялық сағат көлеміндегі сертификаттың QR-коды ұялы телефонның қосымшасы арқылы оқылмауын алға тартып, Ғ.Тоғжанованың конкурстың жеңімпазы болу мүмкіндігінен айырып, құқықтары бұзылғаны анықталды.

Білім бөлімінің апелляциялық комиссиясы, жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, істі қарау барысында ұсынылған, зерделенген дәлелдемелерді, берілген түсіндірмелер мен жауаптарды басшылыққа ала отырып, №81 бөбекжай бақшасының «дене тәрбие нұсқаушысы» бос лауазымына жарияланған конкурс бойынша конкурстық комиссиясының шешімін заңсыз деп танып, күшін жойып, қайта конкурс жариялау туралы апелляциялық шешім қабылдады.

Нәтижесінде, апелляциялық шешім негізінде №81 бөбекжай-бақшасының «дене тәрбие нұсқаушысы» бос лауазымына қайта конкурс ұйымдастырылып, алғашқы конкурсқа қатысқан үміткерлерге бірдей мүмкіндік жасала отырып, өтініш иесі Ғ.Тоғжанова өзге үміткерлерге қарағанда кәсіби жетістіктері бойынша тиесілі жоғары балын жинап, конкурстың қорытынды шешімімен жеңімпаз деп танылып, «дене тәрбие нұсқаушысы» лауазымына тағайындалып, кәсіподақ мүшесінің бұзылған құқықтары апелляциялық комиссия арқылы қалпына келтірілді.

Ескерту: бұл оқиғадағы кейіпкердің аты-жөні және мектепке дейінгі ұйымның нөмірі олардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеу мақсатында өзгертілді.

 

Арман СТЫБАЕВ,

облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Тараз қалалық комитетінің құқықтық сұрақтар бойынша бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар