«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Суды үнемдеу – болашаққа салынған инвестиция

Суды үнемдеу – болашаққа салынған инвестиция
Автор
Тараз қаласындағы Су шаруашылығы және ирригация университетінде «Суды үнемде – болашақ үшін сақта!» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымы мол эко-сағат өтті.

Ауқымды іс-шара Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Суды үнемде – болашақты сақта» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жүктелген нақты тапсырмаларды орындауға бағытталған. Жалпы, елімізде табиғи ресурстарды, әсіресе су қорын тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру тек мемлекеттік деңгейдегі саясат қана емес, әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс маңызды бағыт ретінде қарастырылып отыр. Әсіресе жас ұрпақ арасында экологиялық сана мен жауапкершілікті арттыру – уақыт талабына айналып отыр. Эко-сағаттың басты мақсаты – студенттерге су ресурстарының маңызын түсіндіру, суды тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыру және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті күшейту.

Жиынға сала мамандары мен тәжірибелі спикерлер қатысып, өз ойларымен бөлісті. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Су шаруашылығы ғимараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Утелов, Шу-Талас бассейндік су инспекциясының басшысы Нұрсұлтан Ақжолов, Қазақ су шаруашылығы ғылымизерттеу институтының бас директоры Серік Саиров және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болат Сағынбеков қатысып, саланың өзекті мәселелерін көтерді. Алғаш болып сөз алған Сағи Утелов судың тек экологиялық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың негізгі факторы екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан су ресурстары шектеулі елдер қатарына жатады. Елдегі су қорының едәуір бөлігі трансшекаралық өзендер арқылы көршілес мемлекеттерден келеді. Орташа жылдық су көлемінің 44 пайызы сырттан келетінін ескерсек, бұл мәселенің стратегиялық маңызы арта түседі. Сарапшының мәліметінше, еліміздегі судың шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Өнеркәсіп саласының үлесі – 30 пайыз, ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық 10 пайыз көлемінде су тұтынады.

Сонымен қатар соңғы онжылдықтарда өзен суларының көлемі азайып келе жатқаны алаңдатарлық жайт. 1960 жылмен салыстырғанда су ағыны 12,5 текше шақырымға төмендеген. Осыған байланысты мемлекет тарапынан нақты шаралар қабылданып жатыр. Өткен жылы жаңа Су кодексі қабылданып, су ресурстарын қорғау мен тиімді пайдалану мәселелері күшейтілді. Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару тұжырымдамасы бекітіліп, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. Жоспар бойынша 42 жаңа су қоймасы салынып, 37-сі қайта жөндеуден өтеді. Мыңдаған шақырым канал жаңартылып, цифрландыру жүйесіне көшіріледі. Су үнемдеу технологияларын енгізу де айтарлықтай нәтиже беріп отыр. Соңғы екі жылда бұл бағыттағы жұмыстардың көлемі бірнеше есеге артқан. Егер бұрын жылына 30-35 мың гектар алқап қамтылса, қазір бұл көрсеткіш 150 мың гектарға дейін жеткен. Ал 2030 жылға қарай 1,3 миллион гектар жер су үнемдеу технологияларымен қамтылып, 2,2 миллиард текшеметр су үнемделеді деп жоспарлануда. Өнеркәсіп саласында да суды қайта пайдалану жүйесіне көшу көзделген. Жаңа талаптарға сәйкес, кәсіпорындар кезең-кезеңімен айналмалы су жүйесіне өтеді.

Бұл өз кезегінде 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 28 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Жиын барысында күнделікті тұрмыста суды үнемдеудің қарапайым жолдары да айтылды. Мысалы, қысқа уақыт душ қабылдау арқылы жылына 15 мың литрден астам су үнемдеуге болады. Ал тұрмыстық техниканы тиімді пайдалану мен қарапайым әдеттерді өзгерту арқылы бір отбасы ондаған мың литр суды сақтай алады. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Серік Саиров өз сөзінде ғылыми-зерттеу институтының қызметіне тоқталып, бұл мекеменің еліміздегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі екенін атап өтті.

1950 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан институт су ресурстарын тиімді басқару, ирригация және су қауіпсіздігі бағытында маңызды зерттеулер жүргізіп келеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда институт тек ғылыми зерттеулермен ғана шектелмей, халықаралық жобаларға қатысып, өңірлік деңгейдегі маңызды мәселелерді шешуге атсалысып отыр. Сонымен қатар жас мамандарға үлкен мүмкіндік бар екенін жеткізді. Ғылым саласында кадр тапшылығы байқалатындықтан, студенттерді ғылыми бағытта дамуға шақырды.

Іс-шара барысында экологиялық бастамалар да сөз болды. «Мөлдір бұлақ» жобасы аясында мыңдаған адам қатысып, жүздеген тонна қоқыс жиналып, ондаған бұлақ көздері ашылған. Сондай-ақ студенттердің бастамасымен құрылған волонтерлік қозғалыстар мен инновациялық жобалар да таныстырылды. Жиын соңында белсенді студенттер министрліктің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталса, ұстаздарға «Қазақ бас сәулетқұрылыс академиясына – 45 жыл» медалі табысталды. Бұл жастардың экология саласына қосқан үлесін бағалаудың нақты көрінісі. Қорыта айтқанда, су – тіршілік көзі ғана емес, елдің болашағы. Оны сақтау мен үнемдеу әрбір азаматтың парызы. Осындай тағылымды кездесулер арқылы жас ұрпақтың экологиялық санасы қалыптасып, жауапкершілігі арта түсетіні сөзсіз.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар