
Дегенмен, жыл басында Тараз қаласына қосылған он төрт елді мекеннің тұрғындары тарапынан соңғы кездері шағым жиілеген. Осы орайда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тасымалдың жай-күйімен танысу үшін қала әкімі Бақытжан Орынбековпен бірге екі бағыттағы қоғамдық көлікке мініп, тұрғындармен тілдесті.
Талас станциясынан бастап (№62 маршрут) қозғалған алғашқы бағытта облыс басшысы қоғамдық көліктің сапасы, қозғалыс жиілігі мен халықтың жолға жұмсайтын уақыты жөнінде жолаушылардың пікірін тыңдады. Жолаушылар уақыт жиілігі көңілден шықпайтынын, аялдамалар салу, осы бағыттағы автобустардың санын арттыру мәселелерін көтерді. Келесі кезекте аймақ басшысы Қызыл Жұлдыз (№1 маршрут) елді мекеніне қатынайтын автобусқа мініп, бұл бағыттағы да ахуалды бағамдады. Ондағы көліктер ескі, тар, халыққа ыңғайсыз екені анық байқалды.
– Облыс орталығына жаңадан қосылған алқап тұрғындарынан қоғамдық көлікпен қамтуға қатысты шағым көп. Соны көзбен көру мақсатында бүгін арнайы шықтым. Тұрғындар орынды мәселе көтеріп отыр. Жақында сатып алынатын автобустарды бірінші кезекте осы мәселелерді шешуге, көлік тапшылығы қатты сезілетін аумақтарға беру қажет. Тозығы жеткен аялдамаларды реттеу маңызды, – деген облыс әкімі қала басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, өткен жылы қаладағы автобустар саны 330-дан 437-ге дейін, күнделікті қызмет көрсетуге шығатын автобустар саны 270-тен 360-қа дейін артты Жалпы, 2023 жылдан бүгінге дейін Тараздағы қоғамдық көлік парктері 290 жаңа заманауи автобуспен толыққан. Биылғы жылдың соңына дейін тағы 70 автобус жеткізіледі деп жоспарлануда. Ол бойынша тұрғындар сұранысына сәйкес жаңа маршруттар ашылып, қаланы қоғамдық көлікпен қамту мәселесі толықтай шешілмек. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласын аралау барысында Әулиеата ауданына қарасты «Шайқорық» алқабындағы көтерме көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен танысты.
Аталған қойманың жалпы сыйымдылығы – 2000 тонна, ал аумағы – 1000 шаршы метрді құрайды. Жобаны жүзеге асыруға 312 миллион теңге бағытталған. Оның ішінде 100 миллион теңге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан қаржыландырылған. Қоймада -18°С-тан +1°С-қа дейінгі температура режимінде көкөніс және басқа да өнім түрлері сақталады. Ербол Қарашөкеев көкөніс сақтау қоймалары баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін алға тартып, кәсіпкердің бастамасына алғыс білдірді.
– Өнімді ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік беретін қоймалар арқылы маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасының күрт өзгеруінің алдын алуға болады. Біз мұндай қойма салуға ниетті кәсіпкерлерге жан жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы ардагерлердің игілігі үшін бой көтерген Белсенді өмір сүру орталығын да аралап көрді. Мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Ұқсас жаңалықтар
Өзі сұранып, әскерге барып қайтты
- 7 тамыз, 2025
Ақпарат
Бас жүлдені 8 команда сарапқа салды
- 7 тамыз, 2025
Байзаққа бардық, не көрдік?
- 7 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді