«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жарғы – әскери қызметтегі қауіпсіздік кепілі»

«Жарғы – әскери қызметтегі қауіпсіздік кепілі»
Автор
Бірер апта бұрын әскери бөлімдер мен мекемелерде «Жарғы – әскери қызмет қауіпсіздігі кепілі» атты кең ауқымды онкүндік өтті. Іс-шара әскери тәртіп пен қызмет қауіпсіздігін арттыруға бағытталды. Бұл бастама Әскери полиция басқармасының ұйытқы болуымен қолға алынған.

Іс-шараның мақсаты – әскери қызметшілер арасында құқықтық тәртіп пен қызмет қауіпсіздігін нығайту, әскери жарғыларды сақтау деңгейін арттыру. Онкүндікке барлығы 805 әскери қызметші қатысты. Оның ішінде 201 офицер, 260 келісімшарт бойынша әскери қызметші, 120 мерзімді әскери қызметші және 80 азаматтық персонал бар. Онкүндік аясында Әскери полиция басқармасының жеке құрамымен бірнеше тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, тәуліктік нарядқа қарумен түсетін әскери қызметшілермен оқ дәрісіз оқтау және оқ алудың әдістемесі бойынша тәжірибелік сабақтар жүргізілді.

Бақылау өткізу пункттерінде қызмет атқаратын әскери қызметшілермен келушілерді, жеке құрамды және көлікті тексеру тәртібі пысықталды. Сонымен қатар нарядқа түскен әскери қызметшілердің қызметтік міндеттерін, қару қолдану тәртібін және штаттан тыс жағдайлардағы әрекет ету тәртібін білу деңгейі тексерілді.

Жеке құрамға «Тәуліктік нарядта қызмет атқару тәртібі және қауіпсіздік шараларын сақтау» тақырыбында слайд арқылы дәрістер өткізілді. Бұл шараларға 103 әскери қызметші қатысса, оның ішінде 28 офицер, 60 келісімшарт бойынша әскери қызметші және 15 мерзімді әскери қызметші болды. Онкүндік аясында әскери қызметшілермен құқық бұзушылықтардың салдары атап айтқанда, әскери бөлімді тастап кету, қашқындық пен қару қолдану ережесін бұзу сияқты әрекеттер үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік, қару жарақ пен техниканы пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ диверсияға қарсы қауіпсіздік, өткізу режимін ұйымдастыру, әскери объектілерді қорғау, әскери қызмет кезінде алкогольдік немесе басқа мастық күйде болуға жол берілмейтіні туралы арнайы дәрістер оқылды. Әділет подполковнигі Еркебұлан Каленовтың айтуынша, бұл шара тек оқыту емес, сонымен қатар әскери ортада тәртіп пен тәрбие деңгейін көтерудің пәрменді құралы.

«Жарғыны сақтау – әскери қауіпсіздіктің басты кепілі. Бұл онкүндіктің негізгі мақсаты – әскери жарғыны терең меңгерту, әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру және қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деген Е. Каленов нарядқа түсетін жеке құраммен жұмыс – ең жауапты бағыттардың бірі екенін де жеткізді.

Ол өз сөзінде әскери қызметшілердің қызмет орнындағы тәртібі, қару қолдану мәдениеті мен сақтық ережелері – барлық әскердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін атап өтіп, мұндай онкүндіктердің болашақта да тұрақты өткізілетінін айтты.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар