«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ең алдымен елдің бірлігі қажет

Ең алдымен елдің бірлігі қажет
Ашық дереккөз
Құдайға шүкір, қазір еліміз 80 жылдан бері бейбіт өмір сүріп келеді. Біздің осы бақытымызды көре алмайтындар жоқ емес, бар. Осы күні мен кейбір білгішсымақтардың біздің үкімет неге өйтпейді, неге бүйтпейді деген ақылдарына қайран қаламын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бейбіт саясат ұстанып, елімізді дау-дамайдан сақтап, ішкі және сыртқы саясатта тұрақтылықтың орнығуына барынша күш салып отырса, бізге ел болу үшін, тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін бейбіт өмір, салиқалы саясат керек екенін түсінуге тиістіміз.

Осы орайда Қазақстанның әрбір азаматы парасаттылық танытып, бейбіт өмірдің қадір-қасиетін бағалай білсе деймін. Өкінішке қарай, тыныш күннің мән-мағынасын түсініп жүргендер аз. Көбісі Алаш азаматтарының қуғын сүргінге ұшырап, бірнеше ұлт өкілдерінің сенімсіз ұлт ретінде Қазақстанға және Орта Азияға жер аударылуын осы күнмен байланыстырады. Жоқ, олай емес, бұл күнді сонау 1920-1922 жылдары Азамат соғысы кезінде қазақ халқының 1,2 миллионын жалмаған, 1931-1934 жылдары қазақтың 2,5 миллионын аштықтан қырып салып, 1,5 миллион қазақтың шетелге амалсыздан, лажсыздан, жан сауғалап кеткен боздақтардың өтеуі, еске алу күні деп те түсінуіміз керек. Өзі жанталасып жатып сталиндік зұлматтың құрбанына айналған, жер ауып келген өзге ұлт өкілдерінің аман-есен қалуына адамшылық жасаған ата-бабаларымыздың ұлылығы деп түсінуіміз керек.

Жақында ғана Президент тамаша сөз айтты. «Ашаршылықты қолдан ұйымдастыруға қатысқан тұлғалардың есімдерін ұлықтап, көшелерге аттарын беруді доғару керек», – деді. Осыдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысы Сталиннің социализм құрудағы еңбегіне лайықты бағасын беріп, «бірақ оның Украина мен Қазақстанның ашаршылықты бастан кешіп, қырылып кетуіне себеп болғанын» кешіруге болмайтын әрекет деп бағалады.

Бүгінгі есті ұрпақ осы сөздерден үлкен сабақ алса екен деп армандаймын. Бір-ақ мысал, «Ауылы аралас, қойы қоралас, талайғы тағдыры бір Талас ауданында да қиын қыстау кезеңдер өтті. Ауданда 1930 жылы 48437 адам тіркелсе, 1933 жылы 12630 адам ғана қалған. Демек, 35835 адам я аштан өлген, не жан сауғалап басқа жақтарға көшіп кеткен. 1930 жылы ауданда 633 мың қой-ешкі санаққа алынса, 1933 жылы тек соның 95158-і ғана қалған. 1930 жылы ауданда 22844 жылқы болса, 1933 жылы 1211 ғана тірі қалған. (Еділ Әлиев «Жан қайғы» кітабынан, Тараз 2012 жыл, «Сенім» баспасы)».

Осындай зұлматты бастан кешірген біздің ұрпақ мынау бейбіт заманның бағасын білсе екен дейміз. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның» қадірін түсінсе екен дейміз. Кеңес үкіметі тараған соң Талас ауданында Қаратау қаласын қосқанда 72 мың халық бар еді. Қазір оның ұзын саны 50 мыңнан әрең асады. Бұл да ойланатын жағдай. Құдайға шүкір, қарнымыз тоқ, аш-жалаңаш емеспіз. Бірақ жасыратын несі бар, рухани ашаршылықты бастан кешіп жатқандаймыз.

Жастарымыз еңбектен қашады. Шетелге еліктеп ұлттық құндылықтарымызды тәрк етуде. Отбасы институты бұзылды. Ажырасу көбейді. Оны айтасыз, адамзат баласына жат жаман қылықтар белең алуда. Педофил, суицид, вандализм деген ұғымдар пайда болды. Бұрын осының бірде бірі жоқ еді. Шетел идеологтары осыны өркениеттің бір белгісі деп жымысқы саясатпен қоғамымызға дендетіп ендіріп жіберді. Енді осы кеселдерден құтылу үшін Мемлекет басшысы Үкіметке, Парламентке заңдарға өзгерістер енгізу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Оның нәтижесі де жоқ емес, бірақ, батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады дейді қазақ. Сіз болып, біз болып рухани ашаршылықтан халқымызды ада етуге күш салатын кез келді, ағайын.

Мемлекет басшысы айтқандай, ең алдымен елдің бірлігі керек. Бос сөзден арылғанымыз жөн. Әлеуметтік желілердегі арандатулардан бойымызды аулақ ұстайық. Қыздырманың қызыл тілі ілеспейік. Қай нәрсеге де байыппен қарап, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, барлық жеңістің кілті – еңбекте жатқандығын естен шығармайық халқым. Әр күні бейбіт өмірімізді сақтап қалу үшін ел болып күресейік.

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ

Жамбыл облысының Үздік Биі,

Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар