Жамбыл облысында Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті
- author «Ақ жол»
- 5 шілде, 2025
- 281

Концерт «Саз серісі – Әбдімомын» деп аталып, ұлттық өнердің асыл мұрасын насихаттады.
Әбдімомын Желдібаевтың әйгілі «Әулиеата» күйі кеш шымылдығын түрді. Бағдарлама барысында композитордың елге кеңінен танымал күйлері мен әндері орындалды. Сахна төрінде Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының талантты әртістері өнер көрсетті.
Мерекелік шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, концертті салтанатты түрде ашып берді.
Айта кетерлігі, биыл облыс әкімдігінің қолдауымен филармония оркестрінің репертуары жаңартылып, жаңа партитуралар жазылып, өңдеуші-композиторлар мен дирижерлар үшін шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Осы жобаның нәтижесінде дайындалған «Әулиеата әуендері» атты аудиожазбаға енген төрт жаңа шығарма тұңғыш рет тыңдарман назарына ұсынылды. Олар:
• Нұркен Әшіровтың «Жібек жолы» сьюита-поэмасы,
• Еркін Нұрымбетовтың «Тағзым» күй-поэмасы,
• Нұрлан Бекеновтің «Сазды өлке» күй-поэмасы,
• Арман Жайымның «Егеменді Ел» күй-поэмасы (кештің қорытынды шығармасы ретінде орындалды).
Концерт алдында «Баласағұн» концерт залының алдында «Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс» аясында жұмыс істейтін үйірмелердің 200-ден астам өнерпазы қазақ күйлерін бірлесе орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталық» пен «Оқушылар сарайының» жас орындаушылары әуезді әндермен көрермендерге рухани тарту жасады. Жас өнерпаздарға К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі - Аида Смағұлова дирижерлік етті.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық домбыра күні Мемлекет басшысының 2018 жылғы Жарлығымен бекітіліп, жыл сайын шілде айының бірінші жексенбісінде аталып өтеді. Биылғы мереке Астана күнімен тұспа-тұс келіп, елдік пен бірліктің үнін күмбірлеткен, рух пен мәдениетті ұлықтаған тағылымды кешке ұласты.
Ұқсас жаңалықтар
Ұстаздар Ыстықкөлге демалуға кетті
- 12 шілде, 2025
«Шер-ағаңды жұмысқа алғанымды мақтанышпен айтамын...»
- 10 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді