Жеке меншік емханалар неге қаржы басқармасына ғана бағынады?
- author «Ақ жол»
- 10 шілде, 2025
- 399

Жиында ең әуелі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2025 жылдың 10 сәуірімен салыстырғанда сақтандырылмаған тұрғындар саны 6 992 адамға азайғанын атап өтіп, бірқатар медициналық ұйымдарға қатысты арыз шағымдарға тоқталды.
– Осы жылдың 6 айында облысымыздағы 35 медициналық ұйымға 437 шағым мен өтініш тіркелген. Олардың 233-і өтініш иесінің қалауымен кері қайтарылса, 204 шағым қаралған. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда түскен шағымдар мен өтініштердің 10 пайызға көбейгені байқалады. Тұрғындар тарапынан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі медициналық көмектің сапасына қатысты, бұл бағытта 77 өтініш тіркелді. Сонымен қатар ауруханаға жатқызудан бас тарту, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, медициналық көмекті ұзақ күту секілді мәселе бойынша бірқатар арыз шағым айтылған. Есепті кезеңде «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде – 17, «Zhanshuak Medical Group» ЖШС – 16, Байзақ аудандық орталық ауруханасында – 14, Тараз қалалық №5 емханасында – 13, Januia Medical Center және Тараз қалалық №2 емханасында – 11 шағымнан тіркелген. Сондай-ақ қалалық №9 емхана, Шу аудандық орталық аурухана мен Мейірім медициналық орталығының әрқайсысы бойынша 9, ал Шу қалалық емханасы бойынша 8 шағым келіп түскен. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік жағдайы төмен, яғни дағдарыстық D және мүшкіл E деңгейіндегі азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл санаттағы азаматтар медициналық көмекті жиі пайдаланатындықтан, олардың жарналарын өтеу тетігі қарастырылып, қажетті есептеулер жүргізілді, – деді Ғайни Түлкенқызы.
Айта кетейік, МӘМС жүйесіне халықтың қосылуына байланысты Жамбыл өңірі республика бойынша 9-шы орынға тұрақтаған. Десе де, облыста сақтандырылмаған азаматтардың үлесі жоғары аудандар әлі күнге дейін бар. Мәселен, «Цифрлық отбасы» картасының деректеріне сүйенсек, Қордай, Меркі мен Шу аудандарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді.
Аталған аудандарда сақтандырумен қамтылу деңгейі облыстық көрсеткіштен едәуір төмен болғандықтан, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттілігі туындап отыр. Ал «А» санатындағы сақтандырылмаған азаматтардың әлеуметтік портретін анықтау мақсатында медициналық ұйымдармен бірлесіп үй аралау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, облыс бойынша 7 241 адам тіркелген. Оның ішінде 683 адам басқа өңірде тұратыны, 17-сі шетелге кеткені, 2-еуі қайтыс болғаны, 110-ы мүлде табылмағаны белгілі болған. Қалған 6 429 адамның көпшілігі жұмыссыздар (2 260), бейресми жұмыс істейтіндер (1 746), үй шаруасындағы әйелдер (694) мен жеке кәсіпкерлер (729).
Сондай-ақ басқосуда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ғайни Түлкенқызы төлем кезінде кездесетін түсініспеушіліктерге тоқталып, көбіне зейнеткерлер мен студенттер тарапынан жасалатын қосарланған төлемді болдырмау үшін жеңілдікті санаттағы азаматтарға бақылау жүйесі енгізілгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұдан былай мемлекет жарна төлеп жатқан жағдайда жұмыс орнынан төлем қабылданбайды. Сонымен қатар жұмыс берушінің жүйеде дұрыс көрсетілмеуі де төлемді өткізбеуге себеп болмақ. Бұл жалған төлемдердің алдын алу үшін қолға алынған әрекет.
Бұдан бөлек сақтандыру мәртебесін тексеру және төлем жүргізу екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асады. Бұдан кейін аппараттық кеңесте облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек тақырыпқа қатысты баяндама жасады. Оның сөзінше, тұрғындар тарапынан жиі шағым айтылатын жекеменшік емханалар заң бойынша тек облыс әкімдігінің қаржы басқармасына бағынады. Осы себепті денсаулық басқармасының жекеменшік клиникаларға тексеріс жүргізуге құзыреті жетпейді.
Аймақ басшысы облыс тұрғындарынан денсаулық сақтау саласына қатысты шағымдардың жиі түсуін ескеріп, тиісті басқарма басшысынан нақты жауапты талап етті. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсеткіштері төмен үш аудан – Қордай, Меркі және Шу ауданының әкімдерін жеке-жеке тыңдап, себеп-салдарын сұрады. Облыс әкімі өз сөзінде медициналық қызмет сапасына ерекше мән беріп, тұрғындардан түскен шағымдардың уақтылы шешілуі тиіс екенін атап өтті.
– Қаржы басқармасымен бірлесіп, жеке меншік емханалардың қызметін қатаң бақылауға алу қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру көрсеткіші төмендігіне басқа өңірлерге қоныс аударған азаматтарға қатысты деректердің дер кезінде алынбайтыны да себеп болып отыр. Заң талаптарын толық білмейтін тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша барлық кемшіліктер қайта қаралатын болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиын соңында Қырым қанды безгегі мен сібір жарасының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де сөз болды. Бұл ретте облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев пен облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы Нұржас Құрмантаев баяндама жасап, эпидемиологиялық ахуал, вакцинациялау және қауіптің алдын алу шаралары жөнінде ақпарат берді.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Конституция күні: Ата Заңның қоғам өміріндегі орны
- 21 тамыз, 2025
Мойынқұмда бір гигаваттық жел электр стансасы салынады
- 21 тамыз, 2025
Ақпарат
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Қоғамдық көлік: саны да сапасы да артып келеді
- 17 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді