«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ТЖД хабарлайды

ТЖД хабарлайды
Автор
ТЖД хабарлайды

Бір аптада – 250 шақырту

Өткен айдың соңғы аптасында облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 24 төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркелді. Оның 1-і табиғи сипаттағы болса, 23-і техногенді сипаттағы жағдайлар.

Департамент бөлімшелерінің мамандары апта ішінде 250 шақыртуға шықты. Оның ішінде өрт сөндіру бөлімшелері 228 шақыртуға (өртке – 22, жану оқиғаларына – 197, басқа да түрлі сипаттағы – 4) барып, нәтижесінде 11 адам басқа орындарға көшірілді. Жедел-құтқару жасағы 22 авариялық құтқару жұмыстарына шығып, онда 3 адам құтқарылды.

Апта ішінде «Қазгидромет» РМК облыстық филиалынан 7 дауылды ескерту түсіп, ол туралы облыс тұрғындарын хабардар ету үшін ұялы байланыс операторларына 14 СМС хабарлама жіберілді. 101 және 112 желісіне жалпы 7360 қоңырау түссе, оның 756-сы жедел сипаттағы, 6604-і жедел емес сипаттағы қоңырау болды.

Өртенген пәтерден иесі құтқарылды

1 шілде күні «112 желісіне» облыс орталығында бес қабатты тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.

Департаменттің өрт сөндірушілері 50 жастағы пәтер иесін түтін басқан үйден аман-есен алып шықты. Зардап шеккен әйелді оқиға орнында апаттар медицина орталығының дәрігерлері қарап, оны ауруханаға жатқызу қажет болмады. Тұрғындарды эвакуациялау жүргізілген жоқ.

Осылайша құтқарушылар үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында үлкен зардаптың алдын алды.

Жауынгерлік тексеруден өтті

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша арнайы тактикалық дайындық бағдарламасы аясында қорытынды тексеруден өтті.

Тексеріс барысында қызметкерлердің кәсіби білімі, дене дайындығы және төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдылары жан-жақты бағаланды. Нормативтерді пысықтауға, шынайы жағдайларды модельдеуге және жедел әрекет етуге ерекше көңіл бөлінді. Іс-шаралар барысында түсірілген бейнематериалдар қызметкерлердің дайындық деңгейін айқындап қана қоймай, тәжірибе алмасу, әрекеттерді талдау және мамандардың кәсіби дамуына ықпал ететін тиімді құралға айналды.

Абыройлы еңбекпен – құрметті зейнетке

Шу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тимур Кариевті әріптестері зейнетке салтанатты жағдайда шығарып салды.

Тимур Кариев азаматтық қорғау органындағы қызметке 20 жылдан астам өмірін арнап, жоғары кәсібилігімен, жауапкершілігімен және өз ісіне адалдығымен танылды. Әріптестері подполковникке көпжылдық еңбегі мен азаматтық қорғау қызметінің дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ шара аясында департамент гарнизонының үш қызметкеріне лейтенант шені табысталды. Бұл салтанатты жиын ұрпақтар сабақтастығының, ардагерлерге құрметтің және жас мамандарды қолдаудың жарқын көрінісі болды.

Өрт бекетінің дайындығы қалай?

Жуалы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Ақтөбе ауылындағы өрт сөндіру бекетінің өрт қауіпті кезеңге дайындығын зерделеді.

Профилактикалық іс-шара аясында мамандар өрт бекетінің техникалық жай-күйін, қажетті жабдықтардың бар-жоғын және өрт оқиғаларына жедел ден қою қабілетін бағалады. Сонымен қатар жеке құрамның қатысуымен өрт сөндіру тактикасы бойынша сабақ өткізіліп, қызметтік міндеттерді орындау кезінде қауіпсіздік техникасы талаптарын сақтау жөнінде нұсқаулық берілді.

Мұндай шаралар өрт қауіпті кезеңде жоғары тәуекел жағдайларында әрекет етуге дайындық деңгейін арттыруға және жедел әрекет етуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Арнайы бекіткіштер орнатылды

Талас ауданының төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша акция өткізді.

Акция аясында Қаратау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын көпбалалы отбасылардың пәтерлеріне терезенің ашылуын шектейтін арнайы бекіткіштер орнатылды.

«Іс-шараның мақсаты – балалардың қауіпсіздігін арттырып, қайғылы жағдайлардың алдын алу», – дейді аудандық құтқарушылар.

Техника қауіпсіздігі – басты шарт

Т.Рысқұлов ауданының №10 өрт сөндіру бөлімінде ерікті өрт сөндірушілерге өрт кезінде техника қауіпсіздігін сақтау бойынша қосымша сабақ өткізілді.

Іс-шарада аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Қадырханов еріктілерге өрт сөндіру кезінде дұрыс әрекет ету, жел бағытын ескеру, топпен жұмыс жасау, бұйрықтарды орындау және құралдарды тиімді қолдану қажеттігін түсіндірді.

Мақсат – еріктілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алуына көмектесу.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

Ұқсас жаңалықтар