
АДАСТЫРМАС ЖОЛ ҚАЙДА?
Әрине, ел ішінде түрлі жағдайлар орын алатыны секілді, сендіре сөйлегендерге еріп, ақиқаттың жолын іздеп, азғыра сендіргендерге алданып, адасып қалатындар да жоқ емес. Мұндай жандарға да дінтанушы, теолог мамандар арқылы тегін көмек көрсетіледі. Мәселен, Талас ауданында биыл оңалту бойынша 6 адамды қоғамдық құндылықтарға және дәстүрлі исламға бейімдеу жоспары бекітіліпті.
Жоспарға сәйкес 27 кездесу өткізіліп, нәтижесінде І тоқсанның қорытындысымен 2 адам оңалтылған. Оңалту жұмыстарына арнайы облыс әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы мекемесінің инспекторы Әлішер Әбдібек қатысқан. Аудандағы діни ахуал туралы Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова мәлімдеді.
– Ауданда діни ахуалды тұрақтандыру, діни экстремизм және терроризм идеологиясының таралуына ықпал ететін мәселелерді жою мақсатында аудандық ақпараттық түсіндіру тобының арнайы жұмыс жоспарлары бекітіліп, соған сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ауданда мемлекеттік тіркеуден өткен 23 мешіт және 4 шіркеу, атап айтқанда «Трех Святителей шіркеуі», Қаратау «Өмір» Інжілдік Христиан – баптистердің шіркеуі, Ехоба куәгерлері және Евангелдік христиан баптистер шіркеуі, жергілікті діни бірлестіктері қызмет атқаруда. Ал мешіт қызметкерлеріне келсек, 1 аудандық бас имам, 4 имам, 3 наиб имам, 16 молда, 4 ұстаз, 1 азаншы бар, 28 қызметкердің 4-еуі жоғары білімді, 9-ы орта білімді, 13-і имамдарды жетілдірудің 2 айлық курсынан білім алған. Аталған мешіттерден бөлек, қазіргі таңда Қаратау қаласы және Үшарал ауылдық округтерінде 2 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Аудан бойынша экстремизм мен терроризмнің, қауіпті діни идеологиялардың тұрғындар арасында таралуының алдын алу мақсатында 15 діни ақпараттық түсіндіру топтары құрылған. Барлығы 47 адам қамтылған. Топ құрамында мемлекеттік қызметшілер, имамдар, ардагерлер кеңесінің төрағасы бар. Топтар ай сайын ауылдық округтерде, білім беру орындарында, аудандық бөлімдерде, медициналық орталықтарда, мешіттерде және тағы басқа белгіленген орындарда діни тақырыптарда ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізеді. Түсіндіру тобының 2025 жылға арналған жоспарына сәйкес бүгінгі күнге дейін 70 іс-шара өткізіліп, оған 1500 адам қамтылды. Экстремистік деп танылған және Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдардың тізімі аудан әкімдігінің бөлімдеріне, қала және ауылдық округтерге, мекеме және кәсіпорындарға жолданды. Шетелдік діни оқу орындарына түсуге ниетті оқушыларды анықтау мақсатында облыс әкімдігінің білім басқармасы тарапынан Талас ауданындағы 35 мектепте 9-10-11 сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнама қорытындысы бойынша Талас ауданынан шетелдік діни оқу орындарына ниетті оқушылар анықталмады. Шетелдік діни оқу орындарында оқып жүрген азаматтар да анықталған жоқ, – дейді Айтолқын Серікқызы.
Қазіргі уақытта осы ауданда туылған 6 студент өз еліміздегі жоғары оқу орындарында «Дінтану», «Исламтану», «Теология» мамандықтары бойынша білім алып жүр. Олар оқуын аяқтағаннан соң Талас ауданына дін саласында жұмысқа тарту бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Дін істері басқармасының хабарламасына сәйкес деструктивті діни ағым өкілдерінің саны 29 адамды құраған. Олардың 27-сі салафизм, 2-еуі таблиғи жамағат бағытында.
«Талдамалық интернет картасы» бағдарламасы аясында Талас ауданының тұрғыны болып табылатын 54 азаматтың «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі деструктивті діни контенттерге тіркелгендігі анықталған. «Аудан азаматтарын тыйым салынған топтардан шығару үшін бөлім тарапынан AIKWorkflow платформасы арқылы тиісті жұмыстар жүргізілуде», – дейді Айтолқын Серікқызы.
53 АЗАМАТ КҮМӘНДІ КОНТЕНТКЕ ТІРКЕЛГЕНІ АНЫҚТАЛҒАН
Сарысу ауданында «Аналитикалық интернет карта» бағдарламасы арқылы тұрғындар арасынан діни сипаттағы күмәнді контенттерге тіркелген 53 азаматтың тізімі наурыз айының басында белгілі болған. Олармен тыйым салынған жат ағым топтарынан шығу бағытында жүйелі түсіндіру және оңалту жұмыстарын теолог мамандар жүргізіп келеді. Атқарылған түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 25 азаматтың қазіргі уақытта жоғарыда аталған күмәнді контенттерге тіркелген парақшаларын мүлде қолданбайтыны анықталыпты. Бұл жұмыс – интернет кеңістігіндегі діни қауіптердің алдын алу және тұрғындардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі.
– Облыстық индикаторлық көрсеткіштің орындалуы бойынша 2025 жылдың қаңтар айында облыс әкімдігінің Дін істері басқармасы тарапынан барлық аудандарға «қбпү» белгісімен «Деструктивті діни ағым өкілдерін қазақстандық қоғам құндылықтарына немесе дәстүрлі исламға бейімдеу» тақырыбында индикаторлық көрсеткіш пен 39 азаматтың тізімі жолданған болатын. Аталған индикаторға сәйкес, Сарысу ауданы бойынша жыл соңына дейін 4 азаматты, яғни тоқсан сайын бір адамнан бейімдеу жоспарланған. Бүгінгі таңда I тоқсанның қорытындысы бойынша, арнайы белгіленген критерийлерге сәйкес бір азаматтың қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделгені туралы ақпарат дайындалып, «қбпү» белгісімен облыстық Дін істері басқармасына жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы тоқсандарда да жоспарға сай жалғасын табатын болады. Биылға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Тұрғындар арасында діни экстремизм және терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық, профилактикалық, танымдық жұмыстар жүргізу» тақырыбы бойынша 1,8 миллион теңгеге «ЖО жастар ұйымдарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз болып танылды. Қоғамдық бірлестікпен келісімшарт жасалып, осы 1 шілдеден бастап аудан көлемінде ауқымды іс-шаралар басталатын болады. Аталған жоба – аудан аумағындағы рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға және радикалды идеологияға қарсы тиімді иммунитет қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ. Ауданда дін саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру мақсатында жүйелі, мазмұнды жұмыстар жалғасын табуда. Алдағы кезеңде осы бағыттағы қызметті күшейту үшін бірқатар басым міндеттер айқындалды. Біріншіден, діни кадрлардың білімін жетілдіру – басты назарда. Имамдар мен дін мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру арқылы діни қызметтің сапасын күшейту көзделуде. Екіншіден, жастармен жұмыс – болашақтың іргетасы. Жат ағымдардан қорғау, рухани иммунитет қалыптастыру – бәрімізге ортақ міндет. Осы мақсатта ашық кездесулер мен танымдық іс-шаралар жалғастырылады. Үшіншіден, ақпараттық кеңістікте сапалы діни контент қалыптастыру. Осы ретте, әлеуметтік желілерде түсінікті әрі сенімді ақпарат таратуға назар аударылады. Төртіншіден, деструктивті идеологияға қарсы жеке оңалту жұмыстары күшейтіледі. Бұл – діни тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызды қадам. Бесіншіден, мешіттердің материалдық техникалық базасын жақсарту және имам тапшылығы бар елді мекендерге білікті кадрлар тарту жоспарлануда. Алтыншыдан, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында халықтың түрлі топтарымен, яғни жастар, әйелдер, осал санаттағы азаматтармен мақсатты жобалар жүзеге асырылады. Жетіншіден, отбасымен және білім ошақтарымен бірлесе отырып, жасөспірімдердің діни санасын дұрыс қалыптастыруға бағытталған іс шаралар күшейтілетін болады, – дейді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов.
Айта кетейік, бұл ауданда 3 конфессиядан тұратын діни бірлестіктер мен филиалдар, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 18 мешіт пен христиандық бағыттағы 2 шіркеу бар. Аталған 18 мешіттің 15-інде арнайы бұйрықпен имамдар тағайындалған. Қалған үшеуінде, яғни Байқадам, Шығанақ және Қамқалы ауылдық мешіттерінде имам тағайындалмаған.
Өткен жылдың қараша айынан бастап Жаңатас қаласындағы аудандық Әбу Бәкір Сыддық мешітінің жанынан ашылған діни сауат ашу орталығынан 10-15 жас аралығындағы 66 дәріс алушы діни білім алып жүр. Оның ішінде 30-ы ер бала болса, 36-сы қыз бала. Ер балаларға екі қари ұстаз, ал қыз балаларға бір әйел ұстаз дәріс жүргізуде.
– Қоғамдағы келісім мен тұрақтылық – еліміздің басты жетістіктерінің бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларының бірінде «Біздің басты құндылығымыз – ел бірлігі, бейбітшілік пен тұрақтылық. Бұл – тәуелсіздігіміздің ең мызғымас тірегі. Діни радикализм мен ұлтаралық алауыздыққа жол бермеу – баршамыздың ортақ міндетіміз» деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзі бүгінгі біздің жұмысымыздың бағыт-бағдарын айқындап, осы игілікті ұстанымның аясында бүгінгі таңда Сарысу ауданында діни ахуал тұрақты деңгейде сақталып отыр. Бұл – мемлекетіміздің дін саласындағы байыпты саясаты мен қоғам ішіндегі өзара сыйластықтың нақты көрінісі. Елімізде барлық дәстүрлі діндердің өркен жаюына, еркін қызмет етуіне толық мүмкіндік берілген. Дегенмен, діни нанымға да білім қажет, сонда адаспас жол таңдалады. Әсілінде, дін игіліктерді құптайды. Аудандағы діни қызметтің сапасын арттыру және кадрлық әлеуетті күшейту, кадрлық қажеттілік бойынша аудандық мешітке 2 найб имам, ауылдық мешіттерге 3 имам мен 2 ұстазды бекіту жөнінде Дін істері басқармасы мен облыстық мешітке ұсыныс хат жолданған болатын. Одан бөлек, қазіргі уақытта аудан әкімдігінің қолдауымен ауданымыздан 3 имам облыстық мешітке қарасты «Һибатулла – Тарази» медресесінде білім алуда. Сонымен бірге, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде имамдарға арналған семинар өткізу жоспарланып отыр. Сарысу ауданында тұрғындар арасында діни иммунитет қалыптастыру және деструктивті ағымдардың алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы да белсенді жүргізілуде. «Сарысу дін» атты парақшада және аудан, қала, ауылдық округ әкімдіктерінің ресми парақшаларында барлығы 65 материал жарияланды. Сондай-ақ, діни құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған ақпараттар, имамдар мен теологтардың түсіндірмелері, ақпараттық-түсіндіру топтарының шаралары, шетелдік күмәнді оқу орындары туралы ескертулер мен отандық діни білім берудің маңыздылығы жөніндегі бейнематериалдар жарияланып тұрады, – дейді Ерлан Дайрабайұлы.
Адасушылықтың алдын алу және қауіпсіздікті сақтау мақсатында мешіттердегі жұмыс та бақыланады. Облыс әкімдігінің дін істері басқармасының тапсырмасына сәйкес, Сарысу ауданындағы қызмет жасайтын 16 мешіт ішкі және сыртқы бейне бақылау камераларымен қамтамасыз етілген.
Қазір Арыстанды ауылындағы мешіттің құрылысы жүргізілуде. Оған облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасынан құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат құжаттары алынған. Аудан бойынша мешіттерге жұма намаздарына келуші жамағаттың саны 2 мыңға жуық, ал күнделікті мешітке 100-ге жуық адам келеді. Ауданнан шетелдік діни оқу орындарында білім алып жатқан азаматтар жоқ.
– Ауданда діни әдебиет пен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тарататын арнайы үй-жай тіркелмеген. Діни мақсаттағы заттарды, мысалы жайнамаз, зәм-зәм су, иіс сулар және сол секілді бұйымдарды сататын Жаңатас қаласында 7 дүкен бар. Ал, христиандық діни бірлестіктердің қызметі бойынша ауданда Жаңатас қаласының 2-шағын ауданында «Иегова куәгерлері» мен «Агапе» христиандық діни бірлестіктері тіркеліп, өз қызметтерін жүзеге асыруда. Олардың қатарында «Иегова куәгерлерінен» – 25 адам, «Агапе» бірлестігінен – 13 адам жексенбі күндері жиналады. Екі бірлестіктің де жетекшілері – қазақ ұлтынан. Аталған бірлестіктердің қызметіне қатысты Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істері басқармасы тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, дін саласындағы қолданыстағы заңнама талаптары мен құқықтық нормалар кеңінен түсіндірілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік – біздің басты байлығымыз. Біз ішкі тыныштық пен татулықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек» дегеніндей, ел ішінде араздыққа жол бермеу – басты назарда. Бұл бағыттағы жұмыстар Сарысу ауданында алдағы уақытта да жүйелі, пәрменді әрі нәтижеге бағытталған түрде жалғасын табатын болады, – деген Ерлан Ермағанбетов бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыстарын да мәлім етті.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары – діни тұрақтылықтың берік тірегі. Сарысу ауданында дін саласында 11 ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. Олардың біреуі аудандық болса, тағы біреуі қалалық және 9-ы ауылдық топ. Аталған топтардың құрамына теолог мамандар, мешіт имамдары, ардагерлер мен белсенді жастар енгізілген. Барлық топ құрамына облыстық Дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы, білікті теолог – Мақсат Мырзағараев енгізіліп, кездесулер барысында мазмұнды және терең діни түсіндірмелер берілуіне жағдай жасалған.
Аталған топтардың жұмысын үйлестіру мақсатында Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен Жаңатас қаласы және ауылдық округ әкімдері аппараты арасында 2025 жылға арналған «Дін саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының тұрғындармен кездесуі» атты нысаналы индикаторлық көрсеткішке сәйкес, әр айда кемінде бір іс-шара өткізу міндеттелген.
Жыл басынан бері ақпараттық-түсіндіру тобымен аудан бойынша тұрғындармен 55 іс шара өткізіліп, онда 5 мыңға жуық тұрғын қамтылған. Оның ішінде жастар аудиториясымен 24 кездесу ұйымдастырылып, 2 мыңға жуық жас қатысыпты.
Бұл кездесулер білім беру және спорт мекемелерінің қызметкерлері мен жастары, мешіт жамағаты, мектептер мен колледждердегі тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтар, орталық базар қызметкерлері, пробация есебіндегі азаматтар мен түрлі кәсіпорын ұжымдарынан қамтылған. Сонымен қатар адрестік бағытта мақсатты кездесулер де ұйымдастырылған.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Саяхатқа шығамын деп сан соғып қалмаңыз
- Бүгін, 04:23
Өз тілің - бірлік үшін, өзге тілің - тірлік үшін
- 14 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді