
– Бүгінде мұнай-газ саласында жастарға білім беріп, болашақ мамандарды даярлауда еңбектеніп келесіз, бұл істе қазір қандай мәселелер бар?
– Бүгінгі таңда меніңше тек мұнай-газ саласында ғана емес, барлық салада мамандар даярлауда бірқатар мәселелер бар. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген аталы сөз бар қазақта, осының астарына үңілсек қазіргі жастарға отбасы мен мектептің тәрбиесі мен білімі жетіспейтін сияқты. Әрине, мен барлығы бірдей демеймін, дегенмен басым көпшілігін осы сұрақ ойландыратыны анық. Біздің оқу орны өздеріңізге белгілі жаңадан құрылған – «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті». Бұл оқу орны еліміздің өңірлерінде ашылған бірінші ұлттық университет, оқу орны бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының негізінде құрылды. Өздеріңіз білесіздер, жоғары оқу орындары соңғы 30 жылда бірқатар реформаларға ұшырап, көп оқу орындары барынан айырылып, жабылып қалды, солардың бірі осы оқу орны. Университет 2024 жылы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасындағы гидромелиоративтік құрылыс жоғары оқу орнын қалпына келтіру туралы тапсырмасын орындау мақсатында «Қазақстан Республикасы Ғылым және Жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, «М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті» КЕАҚ және «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» КЕ АҚ болып бөлінді. Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша 2024 жылы құрылған оқу орны бүгінде бірқатар асулардан өтіп, аяққа бірте-бірте тұрып келеді. Кез келген істі жаңадан бастау әрқашан оңай болмайды, дегенмен ұжым өзіне жүктелген міндеттерін орындап отыр. Университетке шет мемлекеттерде жинаған тәжірибесі мол, жас ғалым Камшат Тусупова басшылық жасайды. Университеттің басты мақсаты – нарықта сұранысқа ие болатын сапалы мамандар даярлау. Осы орайда университет ректоры ұжымның алдына нақты талаптар қойып, туындаған қиындықтарды бірге шешуге ұжымды жұмылдырып келеді. Университет 53 білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды, солардың ішінде негізгі бағыты – су шаруашылығына, ауылшаруашылығына, құрылыс пен архитектура, энергетика саласы мен тау-кен ісі және мұнай-газ саласы. Бүгінде университетте мектеп бітіруші жастарды университетке қабылдау науқаны басталып кетті. Енді мұнай-газ саласына келетін болсақ, бұл салада да өзіне тән мәселелер жеткілікті деуге болады. Білім жолы тегіс, даңғыл жол емес екенін өздеріңіз білесіздер, ата-ана балаларын оқу орнына сеніп тапсырғаннан кейін, оған сапалы білім мен тәрбие беру біздің басты міндетіміз. Балалардың барлығы бірдей емес, бірақ солардың барлығына бірдей сапалы білім беру өте күрделі мәселе, оған екінің бірі шыдай алмайды. Әрине, өзін осы жолға арнаған мамандар оны түсінеді деп ойлаймын. Біздің сала бойынша «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру» білім беру тобына қатысты «Мұнай-газ инженериясы», «Мұнай және газды тасымалдау», «Тау-кен ісі» бакалаврлары мен «Мұнай-газ инженериясы», «Тау-кен инженериясы» магистранттарын даярлайды. Аталған білім беру бағдарламалары бойынша бүгінде 300-ден астам студенттер білім алуда, олар негізінен өзіміздің облыстың аудандарынан келген жастар. Оларға 15-ке жуық білікті мамандар білім береді, арасында ғылым докторлары мен профессорлар, ғылым кандидаттары мен доценттер және өндірістік тәжірибесі мол мамандар бар. Еліміздің ірі мұнай-газ және тау-кен салаларымен байланыстар орнатылған. Мысалы Қазақ Газ Аймақ, ИнтерГазОрталық Азия, Азия газ құбыры, Аджип, Қарашығанақ, Алтын-Алмас, Казфосфат сияқты мекемелерде студенттер тәжірибеден өтуде. Жоғарыда аталған білім беру бағдарламалары осы өндіріс орындарының мамандарымен бірігіп жасалған, яғни өндірістің талаптары ескерілген десек болады. Негізгі мәселелердің бірі – білім беретін мамандардың сапасын көтеру, жас мамандарды даярлау, олардың біліктіліктерін арттыру болып табылады. Сапалы білімді тек білікті маман ғана бере алады емес пе, сол үшін оқытушылардың біліктілігін арттыру негізгі талаптардың бірі.
– Қазіргі уақытта табиғи ресурстардың азайып бара жатқаны әлем елдерін толғандырып отыр, осыған орай жасыл экономиканы дамыту қолға алынуда, елімізде бұл істің даму қарқыны қандай?
– Бұл өте күрделі мәселе, тек біздің елдің ғана емес, барша адамзаттың бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелерінің бірі десек те болады. Себебі пайдалы қазбалар қорының азаюы, экологиялық мәселелердің ушығуы, дүниежүзілік энергия тапшылығы және халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайының тұрақсыздығы үрдістер ұлғаю үстінде. Аталған мәселелердің алдын алу және болдырмаудың бірден-бір жолы – «жасыл экономика» және балама энергия көздерін айқындап, олардың қорларын тиімді пайдалану. «Жасыл экономика» ұғымы – бұл елдің әл ауқатын көтеретін, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ететін және қоршаған орта тәуелділігін төмендететін экономика. Елімізде «Жасыл» экономикаға ауысу туралы тұжырымдама 2013 жылы әзірленді. Тұжырымдамада бірінші кезекте міндетті түрде экономиканың белгілі бір салаларын реформалауға бағытталған басым міндеттер тізбесі ұсынылды. Олар – қорлардың тиімділігін арттыру, қазақстандық инфрақұрылымды жетілдіру, халықтың әл-ауқатын жақсарту. «Жасыл экономика» тұжырымдамасы – Қазақстанның 2050 жылға қарай экономикалық, әлеуметтік, саяси құндылықтарының жүйелі дамуының, әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылуының басты шарты және кепілі. Жасыл экономика негізінде таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр. «Жасыл технологиялар» – табиғи ресурстарды сақтауға және жерді ұтымды пайдалануға, қазып алынатын отынды тұтынуды қысқартуға бағытталған технологиялар, өнімдерді қайта өңдеу мен қайтадан пайдалану және қалдықтарды кәдеге жарату, қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдалану. Сондықтан, біз Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласының «жасыл экономика» тұжырымдамасына көшуін жүзеге асыру барысында табиғи қорларды тиімді пайдаланатын және қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін технологияларды қолдануымыз қажет. «Жасыл» экономика табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерді өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. Бірінші кезекте, «жасыл» экономика қазіргі уақытта сарқылуға (пайдалы қазбалар – мұнай, газ) ұшыраған ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Еліміздің мұнай-газ кешенінің экологиялық экономикалық мәселелерінің өзектілігі және «жасыл экономика» тұжырымдамасына көшуді жүзеге асыру шеңберінде саладағы қордаланған мәселелерді шешудің мүмкін жолдарын көрсету, елдің саяси және әлеуметтік дамуындағы мұнай саласындағы рөлін айқындау – негізгі мақсат. Бүгінгі таңда әлемнің дамыған мемлекеттердің назары мұнай-газ өндіру саласының қоршаған ортаға зиянды әсерін азайту немесе мүлдем болдырмау болып табылады. Осыған орай мұнай-газ өндіру мен өңдеу саласына жаңа технологияларды енгізу күн талабындағы негізгі мәселелер болып отыр. Атап айтатын болсақ, «Жасыл» технологиялар нарығындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып Германия мемлекеті саналады. Қазіргі кезде әлем бойынша патенттелетін бүкіл технологиялардың экология саласындағы 23 пайызы және күн мен жел энергетикасы саласындағы 30 пайыздан астамы неміс компанияларына тиесілі. «Жасыл» сектор кәсіпорындарында 2 миллионға жуық адам немесе Германияның экономикалық белсенді бүкіл халқының 4,5 пайызы жұмыс істейді және берілген көрсеткіш тұрақты өсу тенденциясына ие. Соңғы жылдар ішінде, тек қайта қалпына келетін энергетика саласында ғана 370 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылған. Мемлекеттің жалпы энергетикалық балансының 40 пайыздан астамы тек баламалы энергия көздерінен алынады. Ал біздің мемлекетке келсек, бұл көрсеткіш шамамен тек 7 пайызды ғана құрайды. Бүгінде еліміздің кен орындарының күрделі геологиялық ерекшеліктеріне бейімделген «жасыл технологияларды» әзірлеу және қолдану қажет. Бұл технологиялар сапалы автомобиль отынын алуға, ілеспе газды кәдеге жаратуға, қабаттардың мұнай газ бергіштігін арттыруға бағытталуы тиіс. Қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздеріне деген сұраныстың артуына орай, мұнай-газ саласы болашақта энергетикалық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін осы бағыттағы ғылым мен техниканың ең ұтымды тәсілдерін қолдануға, қоршаған ортаға зиянды әсері жоқ, таза технологиялар саласындағы инновацияларға ұмтылуы қажет. Біз мұнай-газ өндіруші компаниялардың неғұрлым тұрақты болуына, шығындарды азайтуға тырысуымыз қажет. Бұл бүкіл саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шараларды одан әрі неғұрлым жылдам қабылдауға итермелейді. Соның негізгі бағыттарына келесі өзекті бағдарламаларды жатқызуға болады. Яғни, деректерді үздік пайдалану, тұщы суды пайдалануды азайту, суды өңдеу технологияларын қарқындылау, метанның кемуін азайту, пайдаланылған майды қайта өңдеу, үдерістерді оңтайландыру-жақсарту, цифрлық кен орындарын құру, жаңартылатын энергия көздерін кеңейту және пайдалану. Мұнай-газ өндіру саласындағы энергияның көп бөлігі механикаландырылған, өндіруге және жер үсті инфрақұрылымының жұмысына жұмсалады, яғни дәл осы салаларда ең алдымен шығындарды азайтуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы технологияларды енгізу қажет. Қорыта келе қазіргі уақытта неғұрлым тиімді технологияларды пайдалана отырып, экономиканың мұнай-газ саласын жаңғырту есебінен қоршаған ортаның ластануын төмендету, көмірсутек ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі іс-шаралардың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету, көмірсутек шикізатының стратегиялық «резервін» құрудың өзектілігін атап айтқым келеді. Дамудың қазіргі кезеңінде жаңғыртылатын энергия көздерін енгізу маңызды міндет болып отыр. Қазақстанға өзінің табиғи байлықтарына деген көзқарасты қайта ойлау қағида тұрғысынан маңызды. Үкімет оларды, қазынаға сатудан түскен табысты жинай отырып, дұрыс басқаруы тиіс және ең бастысы – еліміздің табиғи байлықтарын тұрақты экономикалық өсімге барынша тиімді трансформациялау қажет. Қазіргі кезеңде адамзат көптеген табиғи ресурстарды, атап айтқанда отын-энергетикалық ресурстарды тұтынады. Олардың ішінде «көмірсутекті шикізат» ұғымымен біріктірілген мұнай мен газ ерекше рөлге ие. Әлемде көмірсутекті шикізатты пайдаланумен байланысты көптеген мәселелер пайда болды. Олардың саяси, экономикалық, әлеуметтік, әсіресе экологиялық сипаты бар. Әлемдегі мұнай өндіру мен қайта өңдеудің жоғары және одан да қарқындап өсуі қазіргі уақытта қоршаған ортаның мұнай өнімдерімен ластану деңгейінің жаһандық сипатқа ие болуына алып келді. Қазақстан Республикасы да одан алшақ емес. Қазақстанның едәуір аумақтары мұнай мен газ кен орындарын антропогендік игеру саласына жатады, экологиялық жағдайдың нашарлауы осының салдары. Сондықтан біз табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға негізделген «жасыл экономика» тұжырымдамасын жүзеге асырып, соған орай қазіргі уақытта сарқылуға (пайдалы қазбалар – мұнай, газ) ұшыраған табиғи ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған технологияларды пайдалануымыз қажет.
– Өзіңіз ғылыми еңбектеріңізбен қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
– Біз академиялық білім беру мекемесі болғандықтан, біздің жетістіктеріміз тек ғылымдағы жаңалықтармен шектелмейді. Біздің негізгі жетістігіміз – сапалы мамандар даярлаумен анықталады. Әрине, ғылымды да қатар алып жүруіміз қажет. Себебі, студент жастарға ғылым мен техниканың озық жетістіктерін жеткізу үшін әр оқытушы өз бағытында ғылым мен техниканың даму үрдісінен хабардар болуы тиіс. Қазіргі таңда салалық ғылым дамып жатыр десек, қате айтпаймыз. Бірақ, соның жетістіктері көп жағдайда іске аспай жатады, яғни ары қарай қолдау таппай қалып қоятындары аз емес. Мысалы, ғылымды коммерцияландыру деген ұғым бар, кез келген ғылыми жетістікті ары қарай өндіріске енгізу үшін оған сұраныс болу қажет. Ал, сұраныс болу үшін өндіріспен тығыз байланыс құру қажет, қазір көптеген кәсіпорын жеке қолға өтіп кеткен, олар ғылымға көп көңіл бөлгісі келмейді. Яғни, олар ғылыми жетістіктерге қызықпайды десек те болады. Міне осындай тұйықталған контурда ғылым қалай қарқынды дамысын. Дегенмен ғылымға бей жай қарамайтын оқытушылар мүмкіндігінше өз жетістіктерін ары қарай қолданысқа енгізу үшін әрекет жасап жатыр. Ал өзімнің ғылыми жетістіктеріме келсем, мен 110-нан астам ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторымын, атап айтсам 2 монография, 7 авторлық куәлік пен патент, 9 оқу құралы (оның екеуі министрліктің шешімімен) басылып шықты. Алыс-жақын шет елдердің басылымдарында жарық көрген бірқатар ғылыми мақалаларым бар. Атап айтсақ Анкара, Стамбул, Мәскеу, Санкт-Петербор, Ташкент, Бішкек және тағы басқа қалалардағы ғылыми конференцияларда баяндамаларым жарияланған. Ғылыми дәрежем – техника ғылымдарының кандидаты, ғылыми атағым – доцент.
– Қазіргі жастар арасында ғылымға қызығушылық қандай деңгейде? Өзіңіз болашағынан үміт күттіретін шәкірттеріңізді атап өтсеңіз.
– Кез келген оқытушының негізгі міндеті тек білім беру ғана емес, сонымен қатар тәрбие жұмыстарын қатар жүргізу. Осы орайда қазіргі заманның жастарына заман талабына сай тәрбие беру ең өзекті мәселелердің бірі деп ойлаймын. Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, тәрбиелі жастардың білімі де жоғары болады. Білімді студенттердің жауапкершілігі мен тәрбиесі де биіктігін байқалып тұрады. Дегенмен бес саусақ бірдей емес, көпшілік болғаннан кейін әрине, әртүрлі жағдайлар кездесіп жатады. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының жастарына тәрбиелік мәні бар құндылықтар жетіспейтін сияқты. Азаматтық патриоттық сезім, рухани-адамгершілік қасиеттерді және салауатты өмір салтын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық тәрбиені, студенттердің шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту сияқты негізгі жұмыстарды көргің келеді. Ал, студенттердің ғылымға деген қызығушылығына келетін болсақ, бұрынғы студенттермен салыстыруға келмейді. Себебі заманның ағымына қарай қазіргі студент жастар ғылымға ұмтылудың орнына жеңіл табысқа көбірек қызығатын болған. Әрине, студенттердің араларында ғылымға құштар жастар да бар. Сонау кеңестер одағы кезеңінде, шамамен өткен ғасырдың аяқ кезіндегі жастар мен бүгінгі жастардың болашаққа бағдары өзгеше, мүмкін ол қазіргі нарықтық заманның ықпалы болар. Бұрындары жоғары оқу орнын бітіретін студенттердің ары қарай ғылыммен айналысуға қызығушылықтары жоғары болатын, олар өз болашақтарын ғылыммен байланыстыруға ұмтылатын, ал қазіргі жастардың ондай құлшыныстары төмен деп айтуға болады. Енді шәкірттерге келетін болсақ, осынша уақыт аралығында мақтан тұтарлық шәкірттерді тәрбиелеп шығардық. Түлектердің арасында үлкен жетістіктерге жеткендері де, орта буынды қызметтерде жүргендері де бар. Ғылымда үлкен жетістікке жетпегенімен басқа салаларда жоғары көрсеткіштерге жеткендері мен өз салаларының қыр-сырларын жақсы меңгерген мамандар да аз емес. Біз тау-кен ісі мен мұнай газ саласының мамандарын дайындағандықтан біздің бірқатар түлектеріміз еліміздің ірі мұнай газ компаниялары мен тау-кен саласында қызмет атқарып жүр.
– Елімізде ғылымға қолдау қаншалықты деп ойлайсыз?
– Соңғы жылдары ғылымға деген көзқарас өзгеріп келеді, бұл бұрын бұдан да төмен болатын. Ғылымға деген ішкі шығындар жылдан-жылға өсіп отыр. Ғылыми-ізденіс және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру көрсеткіштері артуда. Қазақстан халықаралық аренада өзінің белсенділігін арттыру үстінде, әлемдік деңгейде 72-орынға көтерілдік деген ақпарат бар. Үкімет басшысы О.Бектенов ғылымды дамыту үшін жастарды университет қабырғасында ғылымға баулу керек деп атап айтты. Әрине, бұл дұрыс үрдіс, дегенмен кейбір оқу орындары оған әлі дайын емес деп ойлаймын, ол үшін ең алдымен материалдық-техникалық жабдықталу қажет. Қоғам Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейінгі соңғы 30 жылда ғылымның, білімнің қайда қалғанын білмей қалды. Кеңестер кезеңінің бір ерекшелігі ғылым іздеген жастар ірі ғылыми орталықтарға, мәселен Мәскеу, Ленинград және тағы басқа жерлерге бара алатын, алайда одақтың ыдырағаны ғылымға кері әсерін тигізді деп ойлаймын. Бүгінде енді-енді білім мен ғылымға деген көзқарас бірте-бірте өзгеріп келеді, дегенмен бұл салада әлі де шешімін таппаған мәселелер жетерлік.–
Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ауылға бос ұран емес, нақты іс керек
- 24 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді