Жанна Алшинбаева. Қай салада қызмет етсе де ізденімпаздығымен іскерлігін байқатып келеді. Бүгінде облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасын басқаратын ол бұл қызметтен бұрын облыстағы мәдениет және спорт, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері кәсіподағының төрайымы болды. Кәсіподақта қызмет еткенінде қызметкерлердің құқығын қорғаса, қазір зағип жандардың рухани байлығы мен қуанышы үшін үздіксіз ізденіс үстінде еңбек етуде. Бұл кітапхананы облыс жұртшылығы түрлі форматта ұйымдастырылатын қызықты іс-шараларымен жақсы таниды. Мақсатты жобаларымен әлеуметтік желіде де белсенді. Республикада арнайы кітапханалар арасында үздік үштіктен табылғаны, осы бойынша жақында ғана елордадан марапатқа ие болғаны үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбекқорлықтың жемісі болса керек. Қызметке жауапкершілік, елмен етене жақын байланыста еңбек ету турасында Жанна Тұрарқызымен сұхбаттасып, әңгімелескен едік.
– Арнайы кітапхананың басқа кітапханаларға қарағанда көтерер жүгі ерек, бағыты бөлек. Осындағы қызметіңізге келгелі қандай жаңа жобаларды, тың идеяларды жүзеге асыруға қол жеткіздіңіз?
– Иә, бұл кітапхананың жөні бөлек, себебі мұнда көзі көрмейтін және нашар көретін оқырмандар келеді. Оларға қалаған тақырыбындағы кітапты тауып беруге ғана емес, жабырқаған жанын жұбатуға, өмірге құлшындыруға міндеттіміз. Сондықтан, біз зағип жандардың өміріне пайдасы тиер жобаларды жүзеге асырамыз. Осы қызметке 2020 жылдың қыркүйек айында келдім. Содан бергі уақытта ұжыммен бірге көптеген жаңа жобаларды іс жүзінде атқарып келеміз. Барлық жобаларымызда зағип жандардың қандайда бір кәсіпті үйреніп, өз бетінше еңбектенуіне қажетті білім беруді көздейміз. Мысалы, «Зағип және компьютер» үйірмесін жүргіземіз. Онда Тараз қаласындағы №2 арнаулы «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына zoom платформасымен жұмыс істеу әдістері және зағип тұтынушыларға арналған компьютерлік ойындар туралы сабақтар жүргізілді. Оған 10 адам қатысты. Осы жоба аясында көзі көрмейтін кісілердің ақпараттық технологияларға қолжетімділігін жеңілдету, еркін меңгерту мақсатында «НВДА» бағдарламасымен де сабақ жүргізілді. Үйірмеге мектепинтернаттың оқушыларымен қоса, кітапхананың тұрақты оқырманы Жанерке Сабырова да қатысып, компьютер және сенсорлық телефондарда еркін жұмыс істеу әдісі бойынша дәріс алды. Қазір де жоба жалғасын тауып, №2 арнаулы «Болашақ» мектеп-интернатында 4-7-сынып оқушыларына жүргізілуде. Сабақ жүргізу барысында үйірме жетекші Ербол Бегимов оқушыларға zoom платформасымен жұмыс істеу әдістері және зағип тұтынушыларға арналған компьютерлік ойындар, «LOGOS», сонымен қатар навигациялық бағдарламалар туралы мағлұматтар береді. «LOGOS» бағдарламасы сабақтарына 22 адам қатысады. «Брайлист» үйірмесін де Ербол Аққайұлы жүргізеді. Аталған мектеп-интернатының 2-3 сынып оқушылары Брайль жүйесі бойынша арнайы дәріс алады. Сабақ барысында оқушылар Брайль жүйесімен оқу және жазуды үйренеді. Бұл үйірме жұмысы көз мүгедектігі бар балалардың оқу сауаттылығын арттыруға, ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік бейімделуіне зор мүмкіндік беруде. Бұл сабақтарға оқушылар ғана емес, брайль әріпін үйренуге құштар басқа да оқырмандарымыз қатысады. Кітапханамызда қызмет ететін Ербол Бегимов Жамбыл жоғары медициналық колледжінің білімгері Мадина Абдыгазиеваға да ноутбукты өшіру, қосу әдісін, ноутбуктың құрамы, яғни негізгі және қосымша бөліктері, жүйелі блоктың құрамы, мониторды қолдану жолдары, дыбыс жүйесі жайлы мағлұмат беріп, IOS платформалы ұялы телефондарды қолдану бағдарламаларымен таныстырды. «TIFLO-АСХАНА» жобамызбен зағип жандарды ас үй шаруасына үйретеміз. Осы жобамызбен «Анаға тағзым» орталығындағы «Береке» аспаздық залында «Анама арналған ақ дастарқан» облыстық байқауы өткен болатын. Онда зағип жандарды ас үйде қауіпсіздік ережелерін сақтауға, дыбыс бойынша түрлі тұрмыстық аспаптарын анықтауға, дәмді салат түрлерін жасауға бейімдеу мақсат етілді. Бұдан бөлек, отбасына арналған таңғы ас дайындау, қысқа арнап, түрлі тосаптар мен салаттардан банка жабу бойынша шеберлік класстарын ұйымдастырдық. Оқырмандарымыздың арасында ұлттық дәстүрімізді насихаттау мақсатында «Өшпес мұра» Қолөнершілерінің орталығына барып, қазақтың ұлттық қолөнер дәстүріне арналған «Кілем тоқу» шеберлік сағатына қатыстырдық. Халқымыздың кілем тоқу өнері туралы мәліметтер беріле отырып, тоқымашылық ісі үйретілді. Тағы бір зағип оқырмандарымызды еңбектенуге жетелейтін жобамыз – «Үй тапсырмасы». Бұл негізінен көзі көрмейтін білім алушыларымызға арналады. Мысалы, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің бірінші курс білімгерлерімен «Үй тапсырмасы» жобасы аясында кезекті дауыстап оқу сабағы жүргізілді. Оқу орнында үйге берілген тапсырма «Ас қорыту жүйесінің моторлы- секреторлық қызметін реттеуші дәрілік заттардың клиникалық фармакологиясы» тақырыбы бойынша мәлімет беріліп, кітапханашыларымыз сабақтарына көмек көрсетті. «Үй тапсырмасы» жобасының қатысушылары–кітапханамыздың тұрақты оқырмандары, І топ көз мүгедектігі бар колледж білімгерлері. Осы жоба аясында Жамбыл медициналық жоғары колледжінің білімгерлері «Қазақ соқырлар қоғамында» «Массаж және олардың түрлері» тақырыбындағы оқу-практикасына қатыстырылды. Ісшара барысында массаждың түрлері таныстырылып, массаж жасаудың негізгі әдістері және массаждың маңызы мен пайдасы турасында кеңінен айтылып, нүктелі массажға жалпы шолу жасалды. Іс-шара соңында зағип білімгерлерге денсаулық жайлы кітаптар таныстырылды. Арнайы кітапхананың оқырмандары үшін тиімді жобамыздың тағы бірі – «KENES TIME». Бұл бойынша түрлі сала мамандары біздің оқырмандарымызбен кездесіп, өмірлік маңызы бар қызметтер жөнінде кеңес береді. Жоба аясында облыстық офтальмологиялық орталығының кеңестік диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Абзал Райкулов «Көз жанарын сақтайық!» тақырыбында кездесу ұйымдастырып, көз аурулары неден пайда болатынын, оның емдеу жолдары жайлы кеңестерімен бөлісті. Сонымен қатар, Тараз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командир взводы, полиция капитаны Асхат Ниязбеков және Тараз қаласы полиция батальонының Рота командирі Ержан Ибрагим 2 рет кездесу өткізіп, алдыңғы отырыста айтылған мәселелердің нәтижесін талқылады. Осы кездесудің нәтижесінде Тараз қаласындағы Төле би мен С.Аққозиев көшесінің қиылысындағы бағдаршамның жаяу жүргіншілерге арналған уақыты 8-ақ секунд болатын, соны 18 секундқа создырттық. Себебі, ол нүктеде 3 бағыттағы жол қиылысады. Әрине, он екі мүшесі сау кісілер 8 секундта өтіп үлгерер, ал біздің зағиптарға ол уақыт жеткіліксіз еді. Біздің кітапханамыз бұрын сол тұста болатын және «Қазақ соқырлар қоғамының» облыстық филиалы да аталған көше бойында орналасқан. Бұл жобамыздың тағы бір жемісі – оқу орнынан мамандық алып шыққан зағип оқырмандарымызды жұмыспен қамтуға мүмкіндік тудырғаны. Жұмыспен қамту орталықтарының мамандары кездесуге келіп, мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, біздің оқырмандарымыз жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының өкілдеріне өз шағымдарын айтып, мәселелерінің оң шешілуіне мүмкіндік алды. Төтенше жағдайлар туындағанда не істеу керегін білді. «Тифломузей» жобасымен облыстық тарихиөлкетану музейімен бірлесіп, көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамдық ортаға бейімдеуге, музей қорындағы тарихи экспозицияларды кеңінен насихаттап, оқушылардың танымдық белсенділіктерін арттыру мақсатында іс-шаралар өткіздік. №2 арнайы «Болашақ» мектеп-интернаты оқушыларына арналған «Музей-тарихтың куәсі» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Көрме барысында заманауи үлгідегі QR-код арқылы жалпы 20 жәдігерлер жасақталып, тарих кеңінен таныстырылды. Атап айтсақ, ортағасырлық қыш ыдыстар, қасқырбасты қола көпшек, су құятын ыдыстар, жұмыртастар, қыш құмыралар, музыкалық аспап «Каманча», Айша бибі кесенесіндегі түпнұсқадағы кірпіштері, қыш шырағдандар, шамдар және басқа да жәдігерлерді оқырмандарымыз қолымен ұстап, сипап, сезініп, танысты. Бұл жоба аясында зағип оқырмандарымыз тек тарихи жәдігерлермен танысып қоймай, ақ кенепке сурет салу, жүн бұйымдарын өңдеу сабақтарына да қатысты. Сондай-ақ, «Инклюзия және театр», «Кітапхана TV» жобалары өнерпаз оқырмандарды актерлық шеберлігін шыңдауға тәрбиелеп, сұхбат беру арқылы сөйлеу мәнерін қалыптастыруға баулыды.
– Осы кітапхана ұйымдастырған іс-шаралар бір-біріне ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын, қызықты болып жатады, ұжымдастарыңызға қандай талап қоясыз?
– Жемісті жұмыстарымызға түгел ұжым болып бірлесе еңбектенудің арқасында жеттік. Мұның бәрі де ұжымдық жұмыс. Сондықтан, ұжымдастарыма идея тастаймын, олар сол тақырып аясында өз ойларын айтып, пікірлесеміз. Ақылдасу нәтижесінде тиімді жобаны бекітеміз де соны іске асыру үшін не істеу керек, бәріміз теңдей өз міндеттерімізді бөліп аламыз. Біздің ұжымда «бастық», «жұмысшы» деген түсінік жоқ, ортақ іске барлығымыз теңдей жұмыламыз. Ұйымдастыратын іс-шараларымыздың әрқайсысы ерекше болуы үшін жұмыс уақытынан тыс кезде де оймен ізденісте жүреміз және ұжымдастарыма да осыны көп айтамын. Әлеуметтік желіден тек пайдалы ақпараттарды қараймыз, кітапты көп оқимыз. Бұл – ой еңбегі. Білесіздер, ой еңбегіне уақыт көп керек. Сондықтан, біз әр секундты жоғары бағалаймыз. Бос өткізбейміз. Сол еңбектің арқасында бүгінде кітапханамыздың 2310 тұрақты оқырманы бар. Ал, келушілердің саны – 23679. Кітап қорымыз – 40588. Іс-шараларды тек мерекелік күндерге ғана емес, оқырмандарымыздың қызығушылығына қарай қажеттілікке байланысты да ұйымдастырамыз. Жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын брайль қаріпінде қайта басып шығарып, олардың тұсаукесерін өткіземіз. «Ақынға 100 сұрақ» жобасымен оқырмандарымызбен еркін кездесулер ұйымдастырамыз. Қайырымдылық, экологиялық тазалық, кітап сыйлау бағытында да түрлі форматтағы іс-шараларды өткіземіз. Осындай жұмыстар барысында бірқатар мекеме, ұйымдармен бірлесіп, байланыс орнатамыз. Мысалы, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Музыка» бөлімінің оқытушылары кітапханамызға келіп, арнайы «Баян аспабын үйрену мектебі» атты оқу құралын сыйға тартты. Сыйға тартылған әрбір кітап – кітапхана үшін маңызды. Келген оқытушыларға брайль қарпінің маманы Ербол Бегимов көру қабілеті нашар білім алушыларға музыкалық нота белгілерін нүктелі – бедерлі қаріпінде жазылуы турасында әңгімеледі. «Кітапқа өмір сыйлап, өзгеге бер» кітап сыйлау акциясы аясында Болашақ мектеп-интернатының кітапханасына Брайль қарпінде шыққан Қ.Мырза Әлінің «Қызыл кітап» поэмасы мен М.Мағауиннің «Тазының өлімі» кітаптарын сыйға бердік. Наурыз мейрамының Көрісу күні – Амал мерекесінде Достық үйіне ұжымымызбен көрісе барып, бір-бірімзге тілектерімізді ақтардық. «Ұлттар достығының алтын көпірі ؘ– Наурыз» тақырыбында дәстүр times мерекелік іс-шарада Қоғамдық келісім үйінің өзге ұлт өкілдерінен келген қонақтарды құшақ жая қарсы алып, төс қағыстырып, дастарқаннан бірге дәм таттық.
– Өңірде көп жыл кәсіподақ төрайымы қызметін атқардыңыз. Қызметкерлердің құқын қорғауда қандай жағдайларға тап болдыңыздар?
Мәдениет, спорт, ақпарат құралдарының кәсіподағында 11 жыл төрайым болдым. Сонда ұққаным – басшы болу үшін әуелі қызметті кәсіподақтан бастау керек екен. Себебі, қарапайым қызметкерлер әр алуан жағдайларда құқығының тапталғанын кәсіподаққа келіп ашық айтады. Сондай жағдаяттардан қалай дұрыс жол тауып шығу керегін кәсіподақтан үйренуге мүмкіндік мол. Тағы бір кәсіподақтан үйренетін нәрсе – заң талаптары. Бізде көп басшылар осы жағынан білместік жасап, кейде жауапқа тартылып жатады. Иә, басшылар үшін де, қызметкерлерге де заң талаптарын түсіндіретін курстар ұйымдастырылады, әкімдік тарапынан қатысуға жіберіледі. Бірақ кәсіподақта қызмет ету заң талаптарын тәжірибе түрінде үйретеді. Мен кәсіподақта қызмет еткен жылдары кеңестерімен көп көмектескен Гүлсін Орынбаеваны ұстазыма балаймын. Ол кезде кәсіподаққа шағымданып келушілер неше түрлі жағдайларды алға тартып келетін. Ондайда біз психологияға жүгінеміз. Алғашқыда ашуланып келген кісінің бар шағымын сөйлесіп отырып жазып аламын. Кейін басшысына барып, мән-жайды түсіндіремін. Кей кісілер ымыраға келіп, шағымданушы жұмысшысымен сөйлесіп, татуласады. Енді бір басшылар «Қайда барса, онда барсын» деп айтқанынан қайтпай отырады. Ондайда ол кісіге де уақыт беріп, қайта алдына барамын. Жағдайды сотқа жеткізбей шешуге шақырамын. Халықтың «Уақыт – емші» дейтіні рас. Қаншалықты қатты ашуланса да уақыт өте келе адам сабасына түседі, жан-жақты ойланады, қай жерде өзінің қате кеткенін есіне алып, кешірімге келеді. Шүкір, 11 жыл ішінде бір де бір рет сотқа барып көрмеппіз. Қайтсек те татуластыруға, қызметкердің құқын таптатпай, қорғауға барымызды салдық. Себебі, біздің ұстанымымыз – кезкелген ұйымда әуелі еңбек қауіпсіздігінің сақталуы және еңбеккер құқығының қорғалуы болды. Қазір де кітапхана ұжымында осы екі ұстанымнан тайған емеспін. Барлық басшыға да, қызметкерге де ортақ нәрсе – жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқару іскерлікке жеткізетінін ұмытпау. Іскерлік – жұмысшыны да, басшыны да жетістікке жетелейді. –
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
«Еңбек еткенде қарапайым ережені сақтау маңызды»
- 4 қараша, 2025
Жаңа заңда не өзгерістер бар?
- 23 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




