«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Біздің отбасымызда ерекше күтетін екі мереке бар»

«Біздің отбасымызда ерекше күтетін екі мереке бар»
Автор
Көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз нәзіктік пен парасатты, сұлулық пен сабырды бойына тоғыстырған аяулы жандар туралы көбірек айтқымыз келеді. Осындай жандардың бірі – Жамбыл өңірінің тумасы, елімізге танымал әнші, қазақ эстрадасындағы жұлдызды жұп Тоқтар Серіковтың жары Бейбіт Сейдуалиева. Өмірде – адал жар, ардақты ана, қоғамда – өзіндік орны бар парасат иесі атанып жүрген Бейбіт ханыммен сұхбат барысында біз отбасы құндылығы, өнер адамының жанындағы жарының жауапкершілігі, туған жерге деген сағыныш пен бүгінгі әйелдің болмысы жайында әңгіме өрбіттік. Мереке қарсаңындағы мазмұнды сұхбатымызда кейіпкеріміздің жан дүниесін, ұстанымын және өмірлік қағидаларын жақынырақ тануға мүмкіндік алдық.

– Бейбіт ханым, сізді ең алдымен Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймыз! Өзіңізге белгілі, тоқсаныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында – Жамбыл өңірі үшін рухани серпіліс кезеңі еді. Сол бір уақыттарда қасиетті Әулиеата топырағынан талай дарынды, арманшыл жастар қанат қақты. Өнерге, әнге, сөзге ғашық буын елдің үмітін арқалап, сахнаға сеніммен қадам басты. Сол жалынды толқынның жарқын өкілдерінің бірі өзіңіз болдыңыз. Жалпы өнерге келу жолыңыз қалай басталды?

– Иә, мен Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Бірлесуеңбек деген кішкентай ғана ауылда дүниеге келгенмін. Сол өңірде өніп-өстім. Әке-шешем де сол ауылда туып, өскен. Өте өнерлі адамдар болған. Әсіресе, анам мықты әнші болатын. Әкем «Алтын домбыра» ансамблінде домбыра мен гитарада ойнаған. Екеуінің де мамандығы бөлек болғанымен, сол замандарда облыста өтетін өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындар алып жүрді. Сондай әке-шешенің қанымен, сүтімен дарыған талант біздің әулетте маған келген болса керек. Әжеміз де кезінде суырып-салма ақын болған екен. Кішкентай кезімде Жаңатас қаласына көшіп бардық. Сол жерде анам мені би үйірмесіне берді. «Айжан қыз» атты би ансамблінің құрамында билеп жүріп, ән де айта бастадым. Осылайша өнерге деген махаббатым мен құштарлығым ашыла түстім. Жаңатас қаласында көптеген үйірмелерге қатысып жүрдім. 10-сынып оқып жүрген кезімде қалалық «Жас қанат» байқауы өтті. Байқаудан жүлделі бірінші орынды жеңіп алдым. Осы бәсеке мені алдыға жетелеуге себепкер болды. Одан кейін Байқадамда «Илья Жақановтың әндері» деген үлкен байқау ұйымдастырылды. Сол жерге Асанәлі Әшімов пен Илья Жақанов аталарымыз келіп, мен орындаған ән екінші орын алып, ол байқау да маған тағы демеу беріп, Тараздағы М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университетінің педагогика факультетінің, музыка мамандығына оқуға түстім. Осылайша Таразда студент болып жүріп, әртүрлі қалалық, облыстық ән байқауларына қатысып, өнеріммен және де жақсы әндеріммен жергілікті жұртқа таныла бастадым. Оқып жүргенімде «Ариран» деген корей тілінде ән айтатын ансамбльдің әншісі болдым. 1998 жылы Астанада өткен «Алтын таспа» фестиваліне, 1999 жылы Алматыдағы «Жас қанат» байқауына қатысып, дипломант атандым. 2000 жылы оқуымды тәмамдап, Алматыға көшіп келдім. Қорғаныс министрлігіне жұмысқа тұрып, репертуарымды кеңейтіп, жақсы ұстаздардан дәріс алып, өнерімді шыңдай түстім. Осылайша жайлап теледидарларға да шыға бастадым. Сол жылы «Жаңа ғасырға – жаңа ән» деген республикалық үлкен байқауға қатыстым. Өзім орындаған төрт ән бойынша жүлделі болдым. Бағлан Омаровтың «Өткен күндер» әні, Исраил Сапарбаевтың «Ностальгия» әні, Кеңес Дүйсекеевтің «Аралдағы аққулар» деген әні бірінші орын, Бағлан Омаровтың «Қайран жастық» деген әні жүлделі үшінші орын алып, үлкен дәрежелі сыйлыққа ие болдым. Байқауға қатысқан елімізге танымал әншілермен, Мақпал, Роза апаларымызбен бірге тұрып, сонша өнерпаздың ішінде небәрі жиырма жастағы талдырмаш қыз – менің әндерімнің бірінші орын алуы деген енді мен үшін, шыны керек, бір түс сияқты болды. Тоғыз күнге созылған байқаудың соңғы күні Республика сарайында өткен гала концертте Бибігүл Төлегенова мен Ермек Серкебаевтай кісілердің қолынан диплом мен грамоталарды алып, өзімді толыққанды әнші ретінде сезіне бастадым. Талантымның, даусымның барына сол кезде ғана көзім жетіп, өнерімді бағалай бастадым. Қорғаныс министрлігінде әнші болып жүргенімде 8-9 тілде ән айтатынмын. Қытай, түрік, ұйғыр, өзбек, ағылшын, орысша әндерді джаз, блюз, поп сынды стильдерде эстрадалы-симфониялық оркестрмен орындайтынмын. Содан үлкен сахнаға шыға бастаған кезімде Тоқтарды кездестіріп, екеуіміз дуэт айтып, көптеген әндерді жарыққа шығардық. Әндерімізді жақсы жеткізе білген болармыз, халық бізді өмірде де қоса бастады. Осылайша халық біздің отбасылық жұп болумызға үлесін қосты десек те болатын шығар. Содан бері өнерде де, өмірде де Тоқтар мен Бейбіт атанып кеттік.

– Қарап отырсақ, сіздің өнер жолыңыз бір күнде жарқ етіп жанған жұлдыздың тағдырындай емес екен. Қазіргі биігіңізге бір ғана байқаудың жеңісімен немесе кездейсоқ мүмкіндікпен жеткен жан емессіз. Жалпы бүгінгі күні өнерде жүргеніңізге қанша жыл болды? Сізді халыққа кеңінен танытқан қай әніңіз деп ойлайсыз?

– Сахнада жүргеніме биыл 28 жыл болыпты. 1998 жылдан бастап Астанада өткен «Алтын таспа» байқауына қатысып бастаған кезден үлкен сахнаға шыққан кезеңім басталған екен. Содан бері 30 жылға уақыт зуылдап өте шығыпты. Халыққа мені кеңінен танытқан сол Бағлан Омаровтың «Өткен күндер», «Арнадым саған әнімді», «Ностальгия» әндері шығар деп ойлаймын.

– Тоқтар Серіковпен шығармашылық тандем басталған кездерге қайта оралсақ. Арадағы сезім оты қалай тұтанды? Сахна сыртында сіздер қандай жансыздар?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, бізді өнер табыстырды. 2000 жылы қазанның онында «Нұр-Мұқасан» дуэтінің 10 жылдық шығармашылық кеші болды. Сол жерге қонақ есебінде көрермендер арасында Лұқпан Жолдасов пен Тоқтар Серіков те шақырылған. Концертке мен кеш қонағы ретінде сахнаға «Өткен күндер» деген әніммен шыққан болатынмын. Ол видео қазір ютубта да, әлеуметтік желілерде де жүр. Сол сәтте Тоқтар мені алғаш көріп, өнеріме, дауысыма ғашық болған екен. Қазақ сахнасына жаңа буын, жаңа дауыс келді деп, тамсанған көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, сол кезде мені сахнадан көріп, ұнатып қалған ғой енді. Содан көп ұзамай Исраил Сапарбаев ағамыз өзінің «Ностальгия» деген әніне жас, жаңа буыннан жақсы әнші іздейді. Сол кезде Лұқпан аға мен Тоқтар ол кісіден маған орындатып көруін өтініпті. Содан Исраил ағамыз мені іздеп тауып, өзінің «Ностальгия» әнін орындатады. Осылайша бұл ән «Жаңа ғасырға – жаңа ән» байқауында жүлделі бірінші орынға ие болады. Сол кездерден бастап Тоқтармен ағалы-қарындас болып, бір-біріміздің әнімізді сүйсіне тыңдап, бір сахнада ән айтып араласып, сыйласып жүріп, шыны керек, қалай сезімнің пайда болғанын да білмей қалыппыз. Әсіресе, дуэт айтып жүріп, әннің ішінде махаббат жайлы сөздер болғандықтан болар, сезімге ерік беріп, арада махаббат оты тұтана бастады. Сондықтан бізді қосқан, ұлы сезімге алып келген – ол өнер, сахна, ән дер едім. Осылайша өнерде қол ұстасып жүріп отбасын құрдық. Отбасы деген үлкен жауапкершілік, ал өнер өз алдына бөлек жауапкершілік. Екеуін шамамыз келгенше қатар алып жүруге тырыстық. Біз өнерде қандаймыз, сахна сыртында да сондаймыз. Біздің арамызда ең бірінші үлкен сыйластық, бір-бірімізге деген құрмет бар. Сол сыйластықтың арқасында тату-тәтті өмір сүрудеміз. Ол өнер адамы ретінде, балаларының анасы, жары ретінде мені құрметтесе, мен, әрине міндетті түрде отағасы ретінде, одан кейін үлкен тұлға, ақын, композитор, айтыскер, әнші ретінде, жалпы ер-азамат ретінде құрметтеймін, сыйлаймын. – Әйел бақыты дегенді қалай түсінесіз? – Әйел бақыты деген – әйелдің жан тыныштығы дер едім. Әйелде барлығы болса, яғни көңілі тоқ, жары қасында, бала-шағасы көз алдында аман-есен жүрсе, барлығы жеткілікті, күйеуі сыйлап, құрметтесе, көңіл бөлсе, әйелге одан артық бақыттың керегі жоқ деп ойлаймын. Жалпы әйел үшін күйеуінің көңілінен артық ештеңе жоқ. Кейде бақытты дүниеге, анағанмынаған теңеп жатады, бірақ шындығына келгенде, дүние де басқа да бар болып тұрса да, күйеуінің әйеліне деген көңілі суыса, көңіл аудармаса, әйелдің ішінде бір қыжыл пайда болады. Көңілі орнына түспей, мазасыз күйге түсуі мүмкін. Сондықтан да, менің түсінігімдегі әйел бақыты – ол отбасының тыныштығы.

– Өнер адамдары үшін, әсіресе өнер жолындағы әйелдер үшін, бұл сала әрдайым оңай бола бермейді. Өнердегі әнші Бейбіт пен отбасындағы әйел Бейбіт сіздің өміріңізде қалай үйлесім табады?

– Әрине, әйел заты болып жаратылғаннан кейін біз қалаған уақытымызда концертім бар, тойым бар деп, бала-шағаны тастап, гастрольдетіп, апталап жүре алмаймыз. Ол мен үшін мүмкін емес нәрсе. Затым әйел болған соң, мойныңда бала-шағаңның жауапкершілігі тұрғанда, мен әнші екенмін деп, бәрін тастап кете алмайсың. Сондықтан ыңғайына келтіріп, өнерде де, өмірде де тіршілігіңді реттейсің. Концерттеріміз бен өмірдегі мәселелер бір-біріне кедергісін келтірмейтіндей, ыңғайластырып, тігісін жатқызып, реттеп қоюға тырысып жүрміз. Әрине, оңай деуге де келмейтін шығар. Өйткені әйел ретінде үйдің шаруасы, балалардың мектебі мен үйірмелері, келімді-кетімді қонағың бар. Сонымен қатар сұлулық салонына барып, өзіңді, сахналық костюмдеріңді реттеп, әдемі болып сахнаға шығуың керек. Әсіресе балалышағалы бола тұра, ұзақ гастрольдерге шығу да оңай емес. Сол үшін өнерде жүрген әйел адамдардың күйеулерінің түсінігі мол, қолдауы зор болуы керек. Сонда ғана барлығы ретретімен шешіледі.

– 8 наурыз мерекесі сіз үшін нені білдіреді? Бұл мерекені әдетте отбасыңызбен қалай атап өтесіздер?

– 8 наурыз – әрбір әйелдің жүрегіне жақын, ерекше күтетін мерекелерінің бірі ғой. Әр шаңырақта нәзікжандылар бар. Ал әйел нәзіктік пен әдеміліктің белгісі, жаратқанның гүлдей көркем жаратылысы емес пе?! Мерекелер көп, әрине. Біздің отбасымызда бала кезден ерекше күтетін екі мереке бар, олар – жаңа жыл мен осы 8 наурыз. Әсіресе, 8 наурызды ерекше толқыныспен күтетінбіз. Үйді жинап, айналаны реттеп, «анамыздың мерекесі келе жатыр» деп қуанып жүретінбіз. Таң ата салысымен гүл алып келіп, анамызды құттықтайтын сәттер біз үшін ең жылы, ең қымбат естеліктердің бірі болып қалды. Анам бүгінде арамызда болмаса да, сол әдемі дәстүр үзілген жоқ. Қазір сол мейірім мен құрметті өз балаларымнан көріп жүрмін. Жолдасым Тоқтар да бұл мерекеге әрдайым ерекше көңіл бөледі. Алдын ала жоспар құрып, сол күнді отбасымызбен бірге өткізуге тырысамыз. Біз халықтың адамы болған соң, кейде мереке күндері гастрольдетіп сахнада жүреміз. Бірақ қай жақта жүрсек те, 8 наурыз біздің отбасымыз үшін ерекше тойланатын мереке болып саналады. Өйткені үйдегі барлық жүк әйел адамдардың мойнында болғандықтан, ер-азаматтар оларды құрметтеп, қадірлеп, алақандарында аялап, махаббат пен мейірімділікке бөлеуі керек деп ойлаймын. Біз әйел заты болған соң, балаға да, жарымызға да, үйімізге де өз энергиямызды беріп отырамыз. Отбасымыз пісіріп берген асымызды ішеді, жиналған таза үйде жатады, жуып-үтіктеген киімімізді киеді. Жалпы үйдегі ауа-райы әйел адамға тікелей байланысты болғандықтан, еразаматтар әйел адамның көңіл-күйін бағып, ең болмағанда жылына бір келетін 8 наурыз мерекесінде сый-құрметін аямау керек деп ойлаймын.

– Қазіргі таңда қазақ қыздарына, артыңыздан ерген сіңлілеріңізге қандай ақыл айтар едіңіз?

– Біз – үлкен әже-апаларымыздың тәлімтәрбиесін көріп, олардың өнегесімен өсіпжетілген ұрпақпыз. Қазір адам өзгерді ме, заман өзгерді ме, әйтеуір көп нәрсе өзгеріп кетті ғой. Елдің айтуы бойынша да, өзіміздің байқауымыз бойынша да сол баяғы әжелеріміздің асыл ізімен келе жатқан тәрбиені көріп қалған соңғы ұрпақ біз секілдіміз. Енді сол асыл құндылықтарды артымыздан ілесіп келе жатқан жас ұрпаққа жеткізу, оларға дұрыс бағыт көрсетіп, жақсы үлгі болу – біздің қолымызда. Өйткені ұрпақ тәрбиесі, ең алдымен, отбасынан басталып, үлкендердің өнегесі арқылы жалғасады. Біз ұл-қыздарымыздың әр сөзіне, іс-әрекетіне, қылықтарына мұқият болуымыз керек. Ал артымнан ерген сіңлілеріме айтарым – көп оқысын, ізденсін, білім алсын! Өйткені қазір қылыштың емес, білімнің заманы. Бүгінде балаларымыздың талғамы да, өмірге деген көзқарастары да бөлек. Әрине, бұрынғы заманның ұстанымымен жүру мүмкін емес, бірақ оны да ұмытпаса екен деген тілек бар. Заман талабына сай білім алып, даму барысында ұрпағымыз ата-бабамыздың кім болғанын, салт-дәстүрімізді, тіліміз бен дінімізді жоғалтпаса екен. Құрметті нәзікжандылар, осы сұхбатты пайдаланып, сіздерді көктемнің ең шуақты мерекесі – 8 Наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңырақтың берекесі мен жылуы болып жүрген сіздерге зор денсаулық, шексіз бақыт, отбасы амандығын тілеймін. Жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден мейірім кетпей, әр күніңіз көктемдей құлпырып, шаттыққа толы болсын.

– Әдемі әрі әсерлі сұхбатыңызға үлкен рақмет. Тыңдармандарыңызды әлі талай жүрекке жететін әсем әндермен қуанта беріңіздер!

 

Сұхбаттасқан Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар