– Досымжан аға, өнердегі жолыңыз қалай басталды? Алғаш рет сахнаға шыққан сәтіңіз есіңізде ме?
– Сөзімді бастамас бұрын менімен сұхбатт асуға ықылас білдірген облыстық «Aq jol» газетінің ұжымына алғысымды білдіргім келеді. «Aq jol» газеті бала кезден көріп, біліп, оқып өскен басылымымыз. Балалық шағым облысымыздың Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылында өтті. Ата-анам, бауырларым бәрі де өнерге жақын болды. Алайда менен өзгесі кәсіби түрде өнерге кеткен жоқ, бірақ бәрі де өнерден қаражаяу емес. Өзінің ортасында, жиында сөз бастап кететін, той бастап кететін қабілеттері бар. Әкешешем мал баққан қарапайым кісілер болғанымен, мені өнерге баулыған сол кісілер. Кішкентайымнан көпшіліктің ортасында жүріп халық әндері мен ауылдың алтыауызына сусындап өстім. Темірқазығымның халық әндерінен тұратыны да содан болар. Ауылдың әнші балапаны болдым. Ең алғаш сахнаға жаңа жылдық кешке домбыра ұстап, ән айтып шыққаным есімде. Домбырам өзімнен үлкен, қолым әзер жетіп тұрған еді. Содан кейін сол ауылдағы ағайынның ортасында жарапазан айтатынбыз. Ауылда қандай да бір іс-шара болса, соның бәрінде өнер көрсететінмін. Мектептің атынан ауыл-аймақтағы ән сайыстарында, айтыстарда, жыр мен терме, жалпы өнер сайыстарының бәріне атсалысып жүретінмін. «Жігіт сұлтаны» байқауына да қатыстым. Бір сөзбен айтқанда, бала кезімнен өнерге өте жақын болдым. Уақытымның көп бөлігін ауылдағы мәдениет үйінде өткізетінмін.
– Осы тұста өнерге баулыған ұстаздарыңыз жайлы айтсаңыз.
– Мектепте ән сабағынан берген Қожа атты ағайым ең алғаш домбыра тартуды үйретті. Ал ауылдың мәдениет үйіндегі Атқамбек, Алтынбек, Бақытжан деген ағаларымның бірі баян тартса, енді бірі домбырада ойнап, ән айтатын. Сол алдыңғы буын ағаларымыз қолымнан жетектеп, өнерге баули түсті. Одан кейін аудан мен облыс көлеміндегі өнер сайыстарына қатыса бастадым. Сол уақыттарда белгілі айтыскер ақындар Шорабек Айдаров, Берік Қалиев, Әзімбек Жанқұлиев сынды алдыңғы буын ағалардың қасында, термеші Аяз Бетбаевтың шапанының етегінде әндерін тыңдап, сол кісілермен бірге өлең айтып, сол кездегі өңіріміздің барлық өнерпаздарымен біте қайнасып жүрдік. Мектепті бітірген соң, Жамбыл технологиялық институтына оқуға түстім. Бағыма қарай сол кездегі институттың басшысы Мәди Өскенбаев ағамыз өнерге жақын болды да, менің өнерімнің ары қарай дамуы үшін үлкен көмегін тигізді. Оқу орнының ішіндегі барлық іс-шараларға қатысып жүріп, енді ауылдың емес, институттың «жұлдызы» болдым. 1993 жылы Алматыдағы «Көктем» фестиваліне қатыстым. Осылайша өнерім шыңдала берді. Тараздағы барлық өнерпаздармен бірге өстік. Студент кезде жүрген ортам мықты болды. Ақындардан Ахметжан Өзбеков, Айнұр Тұрсынбаева, Алтынкүл Қасымбекова, әншілерден Маралбек Бабақұлов, Гауһар Қаспақова, Индира Расылхан, Тахмина Әшімбекова, Бейбіт Сейдуалиева, Құрмаш Маханов сынды алдыңғы буын ағаларымызбен Тараз топырағында бір заманда құлынтайдай тебісіп өстік. Республикалық конкурсқа ең үлкен сапарымыз Абайдың 150 жылдығына орай Жамбыл облысының атынан барған кезіміз еді. Көп ұзамай Қырғызстанға Манастың 1000 жылдығында өнер көрсеттік. Мұның бәрі 1993-1995 жылдардың кезі еді. Ең алғашқы шығармашылық ән кешімді өзім оқитын институттың қабырғасында бердім. Оқу бітірген соң институт қабырғасындағы ісшараларды ұйымдастырушы болып жұмыс істеп, ұйымдастырушылық қабілетімді дамыттым. Осындай әдемі шақтар мен әдемі кезеңнің бәрі Жамбылдан, яғни туған жерден басталды. Біз жақсы болсақ, демек бізді тәрбиелеген, бізге жол көрсеткен кісілер дұрыс болды. Өңірде өтетін салтанатты іс-шаралардың бәрінде өнерімізді көрсете жүріп, облыстағы танымал әншіге айналдым. Сол кездегі «ЖТД» телеарнасы әндерімді, бейнебаянымды үзбей беріп, менің таныла түсуіме өз үлесін қосты. Институтта екі жыл еңбек еткеннен кейін облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармонияға әнші болып жұмысқа тұрдым. Ал 2000 жылы Астанадағы Президент оркестріне шақырту алып, сол жаққа көшіп кеттім.
– Сіз салған әндерді жастар, орта буын өкілдері және әрине, үлкен кісілер де сүйіп тыңдайды. Репертуар таңдағанда нені басты назарға аласыз?
– Біздің қатарластарымыз тәуелсіздік алған тұстағы өнерге келген буын болғандықтан, егемендікке қазақи үн қоса білген, елдің арасынан шыққан жастар болып келдік. Сондықтан болар, репертуар таңдағанда да халыққа жақын, елдің құлағына жата кететін қазақи әндерді таңдауға тырыстық. Менің замандастарымның қай-қайсысын алсақ та, мейлі ол Мейрамбек Бесбаев болсын, Тоқтар Серіков, Саят Медеуов, Мақсат Базарбаев, Сәкен Майғазиев бәрі де тәуелсіздік алып, енді ес жия бастаған тұста елдің арасынан жарып шығып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген жастар болды. Сондықтан да ән таңдағанда елдің құлағына, көңіліне жақын, жүрегіне жететін әндер арқылы танылдық. Менің замандастарым айтқан әндер әлі күнге дейін елдің аузында айтылып жүр. Ауылдағы үлкен кісілердің қастарында жүріп, әндерін тыңдап, жалпы көпшіліктің ортасында жүріп өскендіктен болар, нотамен емес, жай ғана оларға қандай әндер ұнайтынын біліп, сезіп өстік. Елдің ортасындағы танымал емес сазгерлердің әнін жарыққа шығаруға тырыстық. Менің алғаш орындаған әндерім халық әндері мен халық композиторларының шығармалары болса, одан кейінгі сазгерлер Дүйсеналы Бықыбаевтың «Біз екеуміз», Бауыржан Есебаевтың «Аққуым», Серік Қалиевтің «Сені ойлап» сынды тамаша әндері жүректен шығып жүрекке жетті. Халық әндерін мен бұзбай сол қалпында, өзінің ырғағында жеткізуге тырыстым. Содан кейін де болар халық менің айтқан әндерімді жақсы қабыл алды.
– Сіздің орындауыңыздағы «Құралай» әнімен алғаш таныла бастаған кезіңізде тыңдармандардың дені сізді даусыңыздан болар, үлкен кісі деп ойлады. Бұл сөз жоқ сіздің даусыңыздың өзіне тән бояуы. Өз даусыңызды алғаш «менің үнім» деп қашан қабылдадыңыз?
– 1997 жылы өзім оқыған институт басшылығының ұсынысымен шығармашылық кешімді өткізген болатынмын. Кеште Тараз триосымен бірге ән шырқадым. Құрмаш Маханов, Назгүл Дүйсенбаева, Индира Расылхан замандастарым қонақ болып қатысты. Концертке 1995-1996 жылдары біздің өңірге арнайы жолдамамен жұмысқа келген Бағлан Омаров ағамыз да қатысты. Сол кездерде ол кісі Құрмаш Маханов пен Гауһар Қаспақованы «Жас Қанат», «Азия дауысы» сынды конкурстарға дайындап жүрген еді. Композитор Бағлан Омаров ағамызбен таныстығымыз сол кезде басталды. Амалбек Тшанов ағамыз әкім болып тұрған тұста облыста ең бірінші рет Шәмшінің «Менің Қазақстаным» мен «Жамбыл жұлдыздары» деген үлкен екі конкурс болды. Сол конкурсқа қатарластарымыздан бәріміз қатыстық. Біріміз дипломант болсақ, біріміз бірінші, тағы біріміз үшінші орын алдық, шыңдалдық. Сол тұстарда Бағлан Омаров ағамыз бәрімізге ұстаздық жол көрсетіп, додаға салып, бағыт-бағдар көрсете білді. Әндерімізді өңдеді. Сөйтіп ол кісі Алматыға ауысып кетерінің алдында жолығып, шығармашылық жөнінде әдемі әңгіме құрғанымыз әлі есімде. «Мен сенің концертіңді көрдім. Мүмкіндігінше ізден, Алматыға кел. Үлкен ортаға, үлкен додаға түс. Оған сенде барлық мүмкіндік бар. Тек қана іздену керек» деп ағалық кеңесін айтқан болатын. Сосын ол кісі Алматыға көшіп кеткенде, 1998 жылы артынан барып, қасында бір ай болдым. Бірге отырып ән таңдадық. Сол кезде Бағлан ағамыз менің репертуарыма «Құралайды» қосты. Ол кісі әннің өңдеуін жасап, маған шетінен айтқызып жатып: «Мына өлең сенің даусыңа керемет келіп тұр. Әйтпесе бұл ән біраздан бері жатқан ән. Біраз кісілер айтты да. Бірақ бұл ән сені күткен екен» деп, оң бағасын берді. Осы ән мені көпшілікке танытқан ән болды. Досым Саят Медеуовтың: «Шал дауыс десе де, мыңның ішінен жазбай табатын өнерпазсың ғой. Сенің тембрің, үнің, қазақи даусың ешкімге ұқсамайды» дегені бар. Ең алғаш Алматыда бір тойда Тұңғышбай ағамыз тыңдап: «Сен менің ауылымның жаңа шыққан жусанының иісі мен саумал қымызының дәмін алып келдің. Сенің көмейіңде елдің үні бар. Мына әніңмен Жетісу, оның арғы жағында Шу мен Қаратаудың сарынын алып келгендей болдың» деп, жоғары бағасын берген еді. Бағыма қарай «Құралай» әні осылайша жаңа форматта халыққа жетті. Әннің бейнебаянын Серік Аббасшах пен Мұрат Бидосов түсірген. Ол кісілердің де алғашқы туындысы «Құралай» болды. Осылайша, ән мен бейнебаяны бір-бірімен үндестік жалғасын тауып, сәті түскен дүние шықты. Қазақта сөз бар ғой «тоғыз балам бір төбе, еркетайым бір төбе» демекші, мені алғаш үлкен сахнаға алып шығып, халыққа танытқан «Құралайдың» да мен үшін орны бір төбе.
– Қай әніңіз халыққа ерекше жақын деп ойлайсыз?
– Үлкен өнердегі төлқұжатым – «Құралай» болса, жеке куәлігім ол – «Аққуым», «Біз екеуміз», «Сені ойлап», «Ақсәулем» әндері деп айта аламын. Құдайға шүкір, елдің құлағына жаққан, халықтың құлағына жеткен жақсы әндермен кезіктім. Барған жерімде халық осы әндерді сұрап, зор ықыласпен тыңдап жатады. Сондықтан мен үшін аты аталған әр әннің өнер жолымда ойып алар орны бар.
– Биыл Астана мен Алматы, сондайақ Тараз, Түркістан қалаларында 50 жас қарсаңындағы мерейтой концерттеріңізді бердіңіз. Халықтың қошеметі мен ілтипаты қалай болды?
– Иә биыл сахнада жүргеніме 30 жыл толды. Соған орай «Ердің жасы – елу» деп, еліміздің бірнеше қаласында халыққа есеп беру концертімді өткіздім. Ең қызығы, 2004-те ең алғаш рет Алматыда ән кешімді беріп, содан кейін өткізбеген екенмін. Бірінші Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Астана қаласынан бастау алған ән кешім, кейін өнердің ордасы – Алматыда, туған жерім – Таразда және киелі Түркістанда жалғасын тапты. Астанаға 2000 жылы көшіп барып, содан бері 25 жыл болыпты осында тұрып жатқаныма. Бас қалада мемлекеттік қызметте де жұмыс істедім, мекеме басқардым. Туған жерім Жамбыл өңірі болса, Таразда қалай жетіліп өссем, жігіттік, азаматтық кезім, жалпы осы 50 жасқа дейінгі әдемі шақтар осы бас қалада өтіпті. Елордамен бірге өстім, өркендедім, дамыдым, жетілдім. Президент оркестрінде 20 жыл әнші болдым. Сондықтан Астана қаласы әкімдігі ән кешімді өткізуге қолдауын білдірді. Сондай-ақ концерттерімнің абыроймен өтуіне алдыңғы буын ағаларымыздан Нұрғали Нүсіпжанов пен Тұңғышбай Жаманқұлов, замандастарымнан Мейрамбек Бесбаев, Саят Медеуов, Ардақ Балажанова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Қанат-Света Айтбаевтар, «Формат» тобы сынды өнердегі достарым да әсем әндерін шырқап бір кісідей атсалысты. Қай қалада болмасын халық құшағын жайып қарсы алып, үлкен қошеметке бөлеп жатты. Әсіресе туған жерім Таразға барғанымызда ел іші болған соң, өзім қызмет еткен облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармония ұжымынан бастап, мәдениет басқармасы, қала әкімдігі бар – барлығы қолдау білдіріп, ат мінгізіп, шапан жауып, әспеттеп, марапаттап бір марқайтып тастады. Әрине, осы елдің тумасы болғаннан кейін, «елім» деп келгенде оның қолдауын, пейілін күтесің. Сол бір сәттердің бәрі әдемі үйлесім тапқан секілді. Сондықтан осы сұхбатты пайдаланып, барша жерлестеріме алғысымды білдіргім келеді. Осылайша қолымыздан келгенше біреуден ілгері, біреуден кем осы өнердің ортасында келе жатырмыз.
– «Өнер – тәрбие құралы» деген пікірмен келісесіз бе?
– Әрине, өнер адамды тәрбиелейді, жол көрсетеді, мәдениетке жетелейді. Өнердің артында үлкен ұлттық идеология мен ұлттың салт-дәстүрі, генетикасы жатыр. Өнердің артында атабабаларымыздың аманаты тұрғандығын әр өнерпаз ұмытпауы керек. Өнерге қызмет ету үлкен адалдықты, махаббатты талап етеді. Өнер халықтікі болғандықтан, оған шынайы қызмет етпеген тұста жай жүрген адамдарды жағасына шығарып тастайды. Өнердің артында халық тұр, ал халықты ешқашан алдай алмайсың.
– Жаст ардың дәстүрлі әнге қызығушылығы туралы пікіріңіз қандай? Дәстүрлі әнді заманауи өңдеуге қалай қарайсыз?
– «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, әрине дәстүрлі әндерді заманауи етіп өзгертуге болады. Қазіргі технологияның дамыған уақытында уақыт өзгерген сайын ұлттық дүниелерімізді жаңартып, бірақ өзінің ырғағынан, қалпынан, бояуынан жоғалтпай, елге ұсынуымыз керек. Оны құптаймыз, бірақ әннің өз болмысын жоғалтпаған жөн. Осы жағынан сақ болуымыз керек. Өкінішке қарай мұның да таяқтың екі ұшы болатынындай, екі қыры бар. Бүгінгі күні өлеңнің ырғағы мен құрылымы, айту манералары үлкен дағдарысқа түсті. Оның қаншалықты өміршең болатынын енді уақыт көрсетеді. Бірақ оның бәрін жаман деп те айтуға тағы болмайды, өйткені барлығы да заман талабына, жастар талғамына сай жасалып жатқан дүние.
– Қазіргі арманыңыз қандай? Жалпы, өзіңізді арманына қол жеткізген азаматпын деп санайсыз ба?
– Адам баласының арманы ешқашан таусылмайды және ол таусылмасын да. Болдым, толдым, жеттім, жетілдім деп те адам айтпауы керек. Адамның мүмкіндігі ешуақытта тоқтамайды. Тек сол жолда шаршамаса, өзінің дұрыс жолынан айнымаса, ол елмен бірге жасай береді. Сондықтан алдыға қойған армандарым да, жоспарларым да көп. Аллаға шүкір, бір жыл бойы дайындалған концерттерімді елдің қолдауының арқасында абыроймен өткізіп алдым. Кешегі сахнада айтқан барлық әндерімді көрермен танып-біліп, бірге шырқап жатқанына қарағанда бағытым дұрыс секілді. Енді осы жолымды кеңейтіп, бар әндерімді заманауи өңдеп, жаңа форматта, жастардың ырғағымен елге қайта жеткізіп көруім керек шығар деп ойлаймын. Өйткені біздің келешегіміз ол – жастар. Бізді үлгі әрі ұстаз тұтып өсіп келе жатқан іні-қарындастарымыз бар. Оларға жол көрсетуіміз керек. Биылғы жылды аяқтап, келесі жаңа жылға жаңа дүниелерді жаңа қырынан ұсынамын деген жоспарым бар.
– Әңгімемізді қалай түйіндер едіңіз?
– Жамбыл жерінде туғанымды мақтан тұтамын. Менің Досымжан Таңатаров болып қалыптасуым туған өлкемнің, ата-анам мен ағайынның және елдің, өңірдің, жалпы Жамбыл облысының берген тәрбиесі деп білем. Осындай жетістікке жеткенім дұрыс ортадан, дұрыс бағыт алып, дұрыс жүріп өскеннен кейін болар деп білемін. Өз өлкемді жақсы көргенім шығар, өзім көзін көрген жерлес ағаларымыздан Аяз Бетбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Әбдімомын Желдібаев, Алтынбек Қоразбаев, Дүйсеналы Бықыбаев, Әуесхан Салабеков, Болатбек Әбішов, Мэлс Өзбеков, кейінгі жас композиторлардан Сәрсенбек Бәкіровтың ән-өлеңдерінен менің репертуарымда 20-30 ән бар екен. Ол менің туған жерге деген сағынышымды білдіреді. Ел қашанда маған ыстық. Елдің құрметі бөлек. Туған жерге келгенде бала кезің, жастық шағың еске түсіп, өзіңнің де бір еркелеп сала беретінің бар. Келген жаңа жылымыз құтты да, табысты, берекелді жыл болсын! Қуанышқа, жақсылыққа толы жыл болсын! Елге деген сәлемімді, толғаныспен берген сұхбатымды жеткізіп жатқан өздеріңізге рақметімді айтамын. Амандықта, саулықта болайық! Жақсы кеш пен әдемі әндердің аясында жолығуымызды Алла нәсіп етсін!
– Әңгімеңізге рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
МӘМС: Жаңа жүйе өз тиімділігін дәлелдеді ме?
- 11 желтоқсан, 2025
«Айтқан ұсыныстарыма Президент құлақ асып, жауаптыларға тапсырма берді»
- 9 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




