«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

144 пәтер пайдалануға берілген

144 пәтер пайдалануға берілген
Автор
Қордай ауданында жыл басынан бері 144 пәтердің кілді табысталған. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай айтты.

– Биылғы жылы Қордай ауылында 144 пәтердін кілті тапсырылды. Сондай-ақ Үлкен Сұлутөр ауылында дәрігерлік амбулатория, Сарыбұлақ, Еңбек, Бәйтерек ауылдарында жаңа су құбыры пайдалануға берілді. Аудандағы 41 елді мекеннің 36-сы газбен қамтылған немесе бұл көрсеткіш 87 пайызды құрап отыр. Сәуір айында Керу ауылында газ құбырының құрылысы аяқталып, тұрғын үйлерге қосылды. Ал Бел, Мұзбел, Аңырақай, Бәйтерек ауылдарының ауылішілік газ құбыры құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, энергетика басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды, – деді Дамира Маратқызы.

Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, сонымен қатар Гвардейск қалашығының инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында бүгінде алты жоба қолға алынған. Атап айтқанда, жаңа қазандық салу, жылу желілерін ауыстыру, сумен жабдықтау желілерін қайта құру мен газбен жабдықтау, теміржол арқылы өтетін көпір салу және кәріз тазарту құрылымдарын қайта жаңғырту секілді мәселелер қолға алынған.

Бүгінгі күні сумен жабдықтау желілерін қайта құру жұмыстарына қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары кезегін күтуде. Бұдан бөлек Дамира Маратқызы журналистердің аудан әкімінің брифингке неге келмегені туралы сауалына жауап берді. Естеріңізге сала кетсек, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбек былтыр да бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуге келмеген еді.

– Өздеріңізге белгілі, аудан әкімі өткен аптада Қытай еліне іссапармен кеткен болатын. Бұл халық тығыз орналасқан, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ауданымыз үшін инвестиция тартуға бағытталған маңызды жұмыс сапары. Ал дәл қазіргі уақытта брифингке қатыспау себебі аудан әкімінің оқуға кетуімен байланысты. Журналистердің уәжі өте орынды, расында, мен ауданның әлеуметтік саласына жауапты орынбасарымын. Алайда кей жағдайда осы лауазымдағы әріптестерімнің функционалдық міндетін атқару бұйрық бойынша жүктеледі. Сондықтан бүгінгі брифингте ауыл шаруашылы мен экономика, инфрақұрылым мен инвестиция бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталудамын, – деді Дамира Сүгірбай.

Сондай-ақ ол аудан әкімінің міндетін атқарып жүрген орынбасарының да брифингке келмеуін облыстық әкімдіктегі жоспарлы жиындардан шыға алмай қалғандығымен түсіндірді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар