«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астана - болашақтың қаласы

Астана - болашақтың қаласы
Автор
Отыз жылға таяу уақыт ішінде Астана – Еуразия құрлығындағы ең әсем қалалардың қатарынан табыла білді. Бүгінде елордамыз бүкіл әлемдегі 200-ден астам шет мемлекет басшыларының басын қосып, келелі жиын өткізетін диалог алаңына айналды. Жыл өткен сайын мұндағы халықтың саны артып, қаланың инфрақұрылымы кеңейіп, шетелдіктердің қызығушылығын тудыруда. Сондай-ақ ел аумағында жаңа технологиялардың барлығы да бас қаладағы тәжірибе негізінде қалыптасып, өңірлерге таратылуда. Мемлекет басшысы Астананың 25 жылдық мерейтойында елорданың инновациялық технологиялық әлеуетін жоғары бағалап, «Болашақтың қаласы» деп атады.

– Астана – болашағы зор қала. Осы орайда біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің екі мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Президент.

Бүгінде елордада цифрлық технологиялар бойынша ең үздік әлемдік тәжірибелер жүзеге асырылуда. Соның бірі әрі бірегейі – «Ақылды қала» жобасы. Оның экономика, басқару, өмір, ұтқырлық, адамдар, қоршаған орта секілді негізгі алты бағыты бар.

Аталмыш жоба шетелдік кеңесшілермен бірлесіп жүргізілуде. Соның арқасында бүгінде еліміздің бас қаласы әлемдегі ақылды қалалар рейтингінде 21-ші орынға көтерілген. Алайда ілкімді бастама тек бүгінгінің бағындырған белесі емес. Ол осыдан 14 жыл бұрын индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту саласында білікті мамандар мен талдаушылар тобын құру арқылы қолға алынды. Жыл бойы қала толыққанды зерттеліп, тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету процестеріндегі проблемаларды анықтады.

Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, команда қазіргі заманғы қалалық инфрақұрылымға қатысты ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану есебінен анықталған проблемаларды шешуді ұсынды. Осылайша, «Астана Innovations» акционерлік қоғамы ұсынған Smart Astana жобасының тұжырымдамасы пайда болды. Astana Innovations «Smart Astana» жобасының сервистік интеграторы ғана емес, сондай-ақ «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру операторы, қаланың инновациялық экожүйесін дамыту институты бола білді. Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдардағы қылмыстық ахуалды және апаттылықты барынша азайту, жол жүру ережелерін бұзудың алдын алудың тиімділігін арттыру, қылмысты ашуға қажетті деректерді іздеу және талдау үшін техникалық құралдарды пайдалану жаңа мегаполистің маңызды міндеттерінің біріне айналды.

Елордада бастау алып ел аумағына таралған жаңа технологияларды танытуда Astana Hub технопаркінің де үлесі зор. Технопарк инновациялық жобаларды дамыту орталығына айналу, серпінді IT компанияларды шығару, сондай-ақ бүкіл әлемнің жас және талантты IT мамандарын тарту секілді функцияларды басты міндетіне айналдырған.

Қазіргі уақытта Astana Hub қатысушылары ретінде 574 компания тіркелген. Олардың аталмыш бағыттағы жиынтық кірісі 166 миллиард теңгені құраса, ал тартылған қаржыландыру көлемі – 56,5 миллиард теңгеден асқан.

Технопаркке шетелдің қатысуымен 54 компания тіркелген болса, тиісінше шетелдік жұмыскерлер саны бүгінде 184 адамды құрайды. Құрылғалы бері жеті жылдың арасында IT хаб бірнеше жетістікке де жетіп үлгерген. Қазіргі таңда Astana Hub Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Tech Orda бағдарламасын іске асыруда.

Бағдарлама қазақстандықтарға IT мамандықтарды оқытуға 600 мың теңге көлемінде қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. 2021 жылы алғаш іске қосылған бағдарлама бүгінде 100 қазақстандыққа жетекші бағдарламалау мектептерінде оқуға квота береді. Сондай-ақ технопарк аумағында Alem бағдарламалау мектебі жұмыс істейді. Бұл күнде мектепте 200 ден астам адам оқиды.

Аlem-дегі дағдыларының арқасында халықаралық ІТ компанияларға жұмысқа орналасқан жастар қатары көп. Мысалы, аталмыш мектептің ең жас студенті 17 жастағы Әділбек Тұрсынбек қазір Microsoft та қашықтан әзірлеуші болып жұмыс істейді. Astana Hub аясында бастау алған жобалар көп. Солардың бірі – ApartX қызметі. Ол күнделікті жалға берілетін жылжымайтын мүлік иелеріне арналған мобильді қосымша. Қосымша ақылды құлыптар көмегімен объектілерді қашықтықтан және қауіпсіз басқаруға мүмкіндік береді. Стартап Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Ақтөбе, Көкшетау мен Мәскеу секілді қалаларда сынамадан өткен. Astana Hub акселерация бағдарламасының түлегі саналатын тағы бір компания.

Makdent – стоматологияларды автоматтандыруға арналған онлайн-сервис. Macdent сервисі стоматологиялардың өз клиенттерімен әрекеттестігін жақсарту үшін әзірленген. Ол клиенттерді жазу, қабылдау және қайтару үдерістерін автоматтандырады. Осының арқасында клиенттердің адалдығы артады, қызметкерлеріңіздің қағаз жүктемесі азаяды, клиниканы басқару процестері айқындалады.

Акселерация аясында алынған білімнің арқасында компания енді өз өнімін басқа елдерге белсенді түрде кеңейтуде. Сервисті Қазақстан, Қырғыз және Ресейде 200-ден астам стоматология пайдаланады. Осыдан жиырма жеті жыл бұрын, кең даланың қақ ортасында Қазақстан астанасы бой көтерді.

Үнемі жетілдіру, халықаралық тәжірибені зерделеу, «ақылды» қала үшін ең жақсы технологиялық және инновациялық шешімдерді қабылдау секілді басқа да көптеген міндеттерді жүзеге асыру арқылы елорда бүгінгі кейпіне жетті. Бұл жолда өз ісін сүйетін адамдардың, ұйымшыл және өршіл басшылық пен мамандар тобының, қоғамдық құндылықтар мен дәстүрлердің бір ортаға тоғысуының арқасында Алаш арманы шындыққа айналды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

 

Ұқсас жаңалықтар