«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Инфрақұрылым мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Инфрақұрылым мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Ашық дереккөз
Инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдықтарының бірі. Бұл бағытта Мемлекет басшысы да инфрақұрылымдық жобалардың сапасын арттырып, негізгі міндеттер қатарында логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, шалғай және ауылдық елді мекендердегі азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мәселесі болу керектігін баса айтып келеді. Президент тапсырмасы аясында бүгінде облыс орталығында да бірқатар жұмыстар жалғасын тапқан.

22 мыңнан аса азамат пәтер кезегінде тұр

Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты ел Президентінің басты назарында. Бүгінде Тараз қаласында 22 мыңнан аса азамат пәтер алу кезегіне тіркелген. Сондықтан баспана мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала береді. Бұл бағытта өткен жылы «Сәулет» шағынауданында 16 көпқабатты тұрғын үйлердің 12-і пайдалануға қабылданған. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтың сөзінше, қалған 4 үйдің құрылысы биыл жалғасын таппақ.

– «Ұлы дала» шағынауданында 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12 үйі пайдалануға берілсе, қалған 22 үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен бірге «Әулиеата» шағынауданында 22 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ, Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Оның отызын биыл бастауды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, «Тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алынды, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.

Шаһар басшысының сөзінше, жер кезегіне 2005 2025 жылдар аралығында 130479 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында А.Асқаров көшесінің соңынан 312 гектар, «Хамукат» 126 гектар және «Қарасай» 126,6 гектар алқаптарынан жалпы көлемі 564,6 гектар болатын үш алқапты мемлекет қажеттілігі үшін алып, инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда.

Бұдан бөлек, 16 шаруа қожалығынан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынған.

16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылады

Бүгінде облыс орталығының тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 151 барак типтес үйлер және 1287 екі қабатты және одан жоғары үйлер. Қала аумағында өзекті мәселелерге жататын 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның 553-і күрделі жөндеуден өтсе, қалған 550 үй жөндеуді қажет етеді. Айта кетейік өткен жылы 5,1 миллиард теңгеге 53 көппәтерлі тұрғын үйлер жөндеуден өткен болатын.

Қайтарым қаражат есебінен 870 миллион теңгеге 10 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биылғы жылы 73 үйді күрделі жөндеу үшін 7,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылған.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Ал биыл Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түспек.

Жылыту маусымына дайындығымыз қалай?

Халқымызда «Қыстың қамын жазда ойла» деген жақсы сөз бар. Жылыту маусымы аяқталғанда, жылу желілерін жаңғырту жұмыстары бірден қолға алынатыны ертеңгі күннің қамы десек те болады.

Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша былтыр Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 4,6 шақырым жылу құбырлары ауыстырылған болатын.

Биыл Төле би даңғылының Қ.Тұрысов көшесіне дейінгі бөлігі аяқталып, қазір Қ.Тұрысов көшесінде құрылыс жүруде. Бүгінде Қазыбек би көшесінің аралығындағы М-3 жылу магистралын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл ретте 1,5 шақырым жылу құбырларын ауыстыру жоспарланған. Сонымен қатар «Ұлы дала» шағынауданындағы магистралдық және ішкі кварталдық жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын.

Жалпы қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша құны 27,3 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба республикалық бюджетке ұсынылған. Осы жобалар іске асырылған жағдайда жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8 пайыздан 51 пайызға дейін төмендемек.

Ауыз сумен қамту жұмыстары толық аяқталуға жақын

Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан жақты шаралар қабылдау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Суды таза және жеткілікті мөлшерде ұсыну – әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамудың негізгі факторларының бірі саналады. Қазіргі таңда Тараз қаласын толығымен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Шалғай Қарасу» алқаптарына ауыз су желісінің құрылысы жүргізілуде.

Өткен жылы қала аумағында 9,8 шақырымды құрайтын он көшенің ауыз су құбырлары жергілікті бюджет тарапынан жаңартылған болатын. Қала әкімінің сөзінше, тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысы бойынша жобалау сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім ұсынылған.

– Магистралды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты, Айша бибі көшесінен Ы.Сүлейменов көшесіне дейінгі, «Төрткөл» алқабы және бас су мұнарасынан ТЭО-4-ке дейінгі магистралды су құбырларын жаңғыртуға және Абай даңғылы, Қойгелді, Асқаров, Көшек батыр, Желтоқсан және Ниетқалиев көшелеріндегі магистралды су құбырларын қайта жаңғырту бойынша сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім берілді. Тараз қаласындағы «Теміржол су – Алматы» мекемесінен қабылданған Тынышбаев, Пірманов, Локомотив және Шаумян көшелерімен Песочный алқабындағы су құбыры желілерімен ұңғымаларын қайта жаңғырту бойынша сараптама қорытындысы алынып өтінім ұсынылды. Сонымен қатар «Сәулет» шағынауданын ауыз сумен қамтамасыз етудің 2-ші кезеңі аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде, – деді Бақытжан Орынбеков.

Бүгінде Тараз қаласы аумағында Шөлдала, Құмшағал, Көлтоған, Қызыл-Абад, Жиделі, Қарасай және Тектұрмас тұрғын алқаптарында «Ақылды қала» жобасын ауыз су саласында дамыту үшін, су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне қолжетімділікті ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асырылады.

Бұл тұтынушылардың су есептегіштерінен деректерді тікелей «Жамбыл су» МКК-на жолдауды қамтамасыз етеді. Ал мүлдем ауыз су желісі жүргізілмеген Новоджамбулец, Дорожник және Талас елді мекендерін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға ұсынылып, оң қорытынды алынған.

85 көше жарықтандырылады

Жалпы қала тұрғындарымен кездесу барысында көп қойылатын сауалдардың бірі – көше жарығы. Осы мақсатта былтыр 76 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды. Биылғы жылы 85 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланған. Оның ішінде 30 көшенің жұмыстары биыл аяқталса, 55 көшенің жұмыстары 2026 жылға өтпелі саналады.

Өткен жылы қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй аулалары, 79 кіреберіс жолдар және 44359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек, С.Сейфуллин көшесінің бойына және Жамбыл даңғылына жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылып, іске қосылған болатын. Сонымен қатар Сейфуллин көшесінің Саңырақ батыр мен Қонаев көшесі аралығының бір жақ бетіне түнгі жарық шамдары орнатылды. Ал биыл қаладағы негізгі көшелерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру жұмыстары басталды.

Атап айтсақ, Жамбыл, Гамелей, Койбақов, Сәтпаев, Асқаров, Төле би, Көшеней, Сыпатай батыр, Менделеев, Көшек батыр, Абай, Дүрінбетов, Қазыбек би, Әйтеке би, Жүнісалиев, Қонаев, Байзақ батыр, Желтоқсан, Рахимов, Рысбек батыр, Сүлейменов, Бәйтерек шағынауданы, Қант зауыты, Темір жолдың арғы беті және Солнечный алқабындағы тұрғын үйлер жарықпен қамтылмақ.

Сондай-ақ былтырдан бері қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоба құны 8,7 миллиард теңге болатын жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы жүргізілуде.

Жол сапасы 72 пайызға дейін жақсарады

«Жол қадірін жүрген біледі» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Бүгінде әр елдің экономикалық жағдайы, сауда-саттық хал-ахуалы да транзиттік әлеуеті арқылы өлшенеді. Өйткені бүгінде жол – экономика күретамыры саналады. Жалпы қалада 1715 көше жолдары бар болса, олардың жалпы ұзындығы – 2214,5 шақырымды құрайды.

Өткен жылы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өткен болатын. Ал, биыл қала әкімі Бақытжан Орынбековтың айтуынша 61,4 шақырымды құрайтын 95 көше, бұрылыс, тұйық және өткел жолдары орташа жөндеуден өтпек. Одан бөлек ұзындығы 34,6 шақырымды құрайтын 20 саяжайдағы 100 көшеге шағал төселеді. Сонымен қатар ұзындығы 35,3 шақырым болатын 12 жаяу жүргінші жолдарын салу жоспарланған.

Бұдан бөлек бүгінде Рысбек батыр, Қойгелді және Асқаров көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Сондай-ақ халық арасында көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүруде. Бүгінде «Бурыл А, Б, В» алқаптарында 75 көшенің 64 көшесін асфальттау жұмыстары толық аяқталған болса, қалған 11 көшені жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұдан өзге биыл «Барысхан» тұрғын алқабында 24 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған.

Өткен жылы 9 көшенің асфальт жол жабындысы төселген. Жалпы бұл жұмыстарды биылғы жылы аяқтау жоспарда тұр. Сонымен қатар «Ұлы Дала» шағын ауданынан Асқаров көшесіне «Қапал» каналының үстінен автомобиль көпірі құрылысы жүргізілуде.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шаһарда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 72,5 пайызға дейін арта түспек.

Мектеп, емхана, мәдениет үйі мәселесі...

Жыл басында ел Президенті республикалық «Ana tili» басылымына берген сұхбатында қоғамдағы маңызды мәселелерге назар аударып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру маңызды міндет болып қала беретіндігін жеткізген болатын. Сұхбатта Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы іске асырылып жатқан жұмыстарға да тоқталып, Ұлттық инфрақұрылым жоспары аясында жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру қарастырылғанын атап өтті.

– Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылады. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жобаның аясында ауылдық жерлерде медицина нысандарын салу жұмыстары жалғасады. Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның 105-інің құрылысы аяқталды. Мақсатымыз – апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін, сондай-ақ мектептегі орын тапшылығына қатысты түйткілдерді толығымен шешу, – деді ел Президенті өз сөзінде.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыс орталығында да жалғасын табуда. Білім саласы бойынша өткен жылы «Казарма», «Арай» алқаптарында, «Бәйтерек» және «Ұлы дала» шағынаудандарында жайлы мектептер пайдалануға берілді. Сонымен бірге биылғы жылы «Ұлы дала» шағынауданындағы 2000 орынды жайлы мектеп пайдалануға берілсе, «Шөлдала» тұрғын алқабындағы 600 орынды жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар №15, №7 мектеп-гимназияларына 300 орынды және №27 орта мектепке 600 орынды жапсарлас ғимараттарының құрылысы басталған. Ал, туризмді дамыту мақсатында «Тектұрмас» кешенінде «Көне қамал» қорғанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінде қамалда аптаның әр жұмасында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Қазіргі таңда «Құмшағал» тұрғын алқабында 140 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде.

Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандарды жаңарту мақсатында «Қаратау» шағынауданындағы Отбасын қолдау орталығын күрделі жөндеу, Асқаров көшесіндегі өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарды қайта әлеуметтендірілуге арналған орталықтың жаңа ғимаратын салу жоспарланған.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар