«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бала кезден арман болған ––– Астана

Бала кезден арман болған ––– Астана
Автор
«Aulieata-media» холдингіне яғни, осы серіктестікке қарасты басылымдар талай тілшіге қанат байлап, арманына жол ашқан, үлкен соқпаққа салған іргетасы, мықты, құтты қара шаңырақ. Осы газеттерден республикалық басылымдарға ауысып, елордамыз Астанаға қоныс тепкендер жас қалаға барып үйлі болып, қызметте көтеріліп, жетістіктерге жетіп жатыр.

Солардың бірі – Жасұлан Сейілхан. Жазған мақалалары мірдің оғындай Жасұлан бас қалаға бара салып, ел газеті «Егемен Қазақстанға» қызметке тұрды. Саясат және құқық бөлімінің аға тілшісі. Ақорда, Үкімет, Парламент, Сыртқы істер министрлігінің пулындағы журналист. Жұбайы Нұрбану Бердімбетова №7 Астана қалалық емханасында эндокринолог дәрігер. Әзірге редакцияның жатақханасында тұрады. Биыл үшінші жыл қатарынан Мемлекет басшысының қолдауымен елордалық журналисттер үйлі болуда. Соның ішінде егемендіктер жыл сайын пәтерлі болып жатыр. Жасұлан да өз кезегінде баспаналы болатынына сенімді.

– Ә дегеннен-ақ әлемнің назарын өзіне аударған Астанаға мен бала күнімнен қызықтым. Сезімге жақын суретшілік қабілетім болғандықтан ба, әсіресе, сәулеті келіскен, сұлулығы бір-бірінен асып түскен әсем ғимараттарын, елдіктің нышаны болған еңселі монументтерін көруге асықтым. Мектеп бітірерде жоғары оқу орнын елордада оқысам деген арман көкейден бір кетпей қойды. Мен сонау оқушы күнімнен бір көруді армандаған ару қалаға студент кезімде жолым түсті. Ұлттық ұстынымыздың ұранындай болып бой көтерген алып «Бәйтерек», «Қазақ елі» монументтері, «пирамида» атанып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы сынды жауһарлар сонадайдан менмұндалайтын. Қазір олардың айналасына қалың ормандағы қаумалаған ағаштардай сәні мен салтанаты жарасқан сарайлар, сәулетті де дәулетті отелдер, бизнес орталықтары, тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар сап түзеген. Жақын барып қарамасаң, «Бәйтерек» пен «пирамида» қазір қаланың басқа бұрышынан көзге ілінбейді. Бұл елорданың экономикасының қуат алып, табысының тұрақталып, тұрғындарының тұрмысының да түзелгенінің айғағы. Қысқасы, Астана жыл өткен сайын жасарып, ескі үйлер сүріліп, жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, аумағын кеңейтіп келеді. Оны күнделікті тіршілікте көріп жүрміз. Бұдан бөлек урбанизация мәселесі де өзектілігін көрсеткен. Қаланы жағалай жатқан елді мекендер де бүгінде еңсе тіктеген. Әсіресе, Қосшы, Талапкер, Қараөткел, Жібек жолы мен Қоянды сынды ауылдар бір кездері Астанаға қызыға қараған қатардағы қарашаның бірі болса, бүгінде қуат алып, олар да дамып келеді. Мәселен, халық саны көбейген Қосшы ауылы төрт-бес жыл бұрын қала статусын алды. Астананы ажарлы етіп тұрған ғимараттары ғана емес екенін айта кеткен жөн. Елорданың іші, көшелері, саябақтары тап-таза. Еш шағым жоқ. Әрине, бір елдің астанасы болып тұрған шаһардың мұнтаздай таза болуы заңдылық қой. Оған қоса тұрғындарының да ішкі мәдениеті жоғары. Бұл ретте халықты ортақ мүддеге үйлестіре алған санитарлық тазалық, эко бастамалардың да өз нәтижесін беріп жатқаны бар. Астана – алып мемлекеттер санасатын саяси аренаға айналғаны да пафостық әсірелеу емес. Интеграцияға қолайлы, араағайындыққа ашық, геосаяси ахуалдарды талқылауға таптырмас алаң екенін осы журналистік еңбек жолымызда көз жеткіздік. «Егемен Қазақстан» газетінің аға тілшісі, Ақорда, Үкімет, Парламент, Сыртқы істер министрлігінің пулындағы тілшісі ретінде БҰҰ, ШЫҰ, ТМД, АӨСШК, ЕАЭО шеңберіндегі Президент, Сыртқы істер министрі қатысқан талай іс-шараның ішінде жүріп, елдігіміздің еңсесінің биік екеніне тәубе дестік, көңіл марқайды. Әсіресе, Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналғалы осы өңірге қатысты өзекті мәселелер үнемі Астана төрінде талқыланады. Елордамыз «Орталық Азия+» форматындағы саммиттердің саяси хабына айналғалы қашан. Биылдың өзінде осы форматтағы Қытай, Жапония және Италия елдері мүдделілік танытып, бастамашылық еткен үлкен саммиттердің куәсі болдық, – дейді ол.

Келесі кейіпкеріміз – еңбек жолын Жамбыл жерінен бастап, бүгінде бағаналы ордадағы «Astana aqshamy» газетінің тілшісі атанған дүлдүл ақын Шапағат Әбдір. Мақаланың майын тамызатын Шапағаттың жазғандары астаналықтардың көңілінен шығыпты. Қызба ақын бұл күндері поэзиямен қатар жас та болса бас қаланың түйткілді тіршілігі жайлы мақалалар жазып жүр. Шапағат «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты. Ол – «Алдай көрме сен мені» жыр жинағының авторы. «Менің ұлтым – әдебиет, руым – поэзия» дейтін ақын Шапағат әлеуметтік желілерде де белсенді.

– Тараздан кеткеніме де бір жыл болды. Алайда бұл бір жыл Астанадағы өмірге толықтай сіңісіп кету үшін аздық етіп тұр. Дейтұрғанмен, мұндағы өмір менің ішкі әлеміме, шығармашылық болмысыма біртіндеп бойлап, жаңа бір бейімделу кезеңін бастан өткізіп жатырмыз. Біз де енді-енді үйреніп, тәжірибе жинап, астаналық өмірдің ырғағына ілесе бастадық. Сондықтан да мұнда келгелі, ішкі ізденіс пен талпыныс тоқтаған емес. Алда үлкен жоспарлар бар. Солардың бірі – әдебиетті жаңа қырынан насихаттау. Поэзияны оқырман жүрегіне жақындататын поэтикалық дуэльдер, шығармашылық кездесулер мен рухани алаңдар ұйымдастыру ойда бар. Сол арқылы әдебиеттің алауын жағып, поэзияның шырағын өшірмей, осы қалада руханиятқа тыныс берсек дейміз. Не десек те, Астана – тек биік ғимараттар мен саяси шешімдердің ордасы ғана емес, ол – таланттың да, тебіреністің де мекені бола алатынын дәлелдеу – бүгінгі буынның қолында, – дейді ақын жігіт.

Иә, Астана – баршамыз үшін бөтен емес. Бетке ұстар бетпердеміз, әрі-беріден соң болашақтың қаласы деп дәріптейтін жұмақ мекеніміз! Мерекеңмен, Астана!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар