«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді..

Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді..
Автор
Зымырап аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай... Көктемгі ақ жауындай елге пайдасы тиген Досымжан ағамыздың да ортамыздан кеткеніне жыл болып қалыпты.

Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген Досымжан ағамызды өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны екен... Арамызда жүрген жақсы адам өмірден өтіп кетсе де, көңілден ешқашан өшпек емес. Оның артында ұстамы жақсы ұрпақ, қабырғаны қайыстырған қимастық пен Алатаудай сағыныш қалады.

Бұрынғылар «Талайлар өтті-ау жалғаннан, көрген адам таң қалған» деп тамсанғанда азаматтықтың айнасындай болған Досымжан ағамыздай нар тұлғалы азаматты еске алған болар. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Досымжан Сахуұлы Бержанов Сыр елінің тумасы, Арал ауданының Құланды ауылында 1950 жылы дүниеге келген. Теңізде туып, теңізде өскен ағамыз Қазақ химия технология институтын бітіріп, Жамбыл облысындағы «Химпром» өндірістік бірлестігінде жетекші инженер-технолог, цех бастығы, бас инженері қызметтерін абыроймен атқарған.

Қаратау-Жамбыл аймақтық өндірістік кешенінде фосфор өндірісін дамытушылардың бірегейі, оңтүстік өңірлердегі химия кластерінің негізін қалаушысы, ғылым мен өндірісті қатар алып жүріп, қазақ ғылымында өзіндік орны бар фосфор өндірісінің дамуына сүбелі үлес қосқан мықты технолог, профессор, ғалым, мықты ұйымдастырушы басшы, қоғам қайраткері болып еліне адал қызмет ете білді. Өзінің ізденіс жолында техника ғылымдарының докторы, профессор, академик атанды, 3 ғылыми монография, 40-тан астам ғылыми мақала жазған, 15 авторлық куәлік пен патенттердің авторы атанған текті тұлға.

Мәскеу қаласындағы Д.Менделеев атындағы химия-технология институтында кандидаттық және докторлық диссертацияларын абыроймен қорғаған. Ағамыз қасиетті Әулие-Ата еліне жақсы танымал болып, абыройлы қызметін атқарып жүрсе де туған жеріне, туған еліне үнемі сағынышпен келіп, жақындарын аралап, өзінің ағайынымен тығыз байланысын үзбей жүрген бауырмал азамат еді. Елге келген кездерінде Сыр елінің азаматтарымен жақын араласып, ғылым мен білімнің ізденіс жолдарында жүрген ағаларымен рухани туыстық қарым-қатынас орната білді. Сондай өзіне ағалық қамқорлығымен өзіне жақын тұтқан, Сыр елінен шыққан ұлағатты ұстаз, тұңғыш философ, өңірдегі философия ғылымдарының алғашқы кандидаты, академик Матаев Мұстафа Матайұлымен еліміздегі ғылыми жобалардың дамуы, өңіріміздің жарқын болашағы, тағылымға толы ізденістер мен тарихи шежірелер жөнінде рухани байланыс, пікірлесу, сырлы сұхбаттар өрбіген екен.

Абыз ақсақалға әрдайым үлкен ілтипатын көрсетіп, рухани сабақтастықтың көркем үлгісін көрсетіп жүрді. Досымжан ағамыз «Жақсы адамның артында жақсы ісі мен сөзі қалады» деген сөз бар, Досымжан аға біздің әулетке өте жақын жан, әкеміздің бел баласындай көріп, алтыншы балам деп жанына жақын тартқан, Төле бидей болмаса да, төбе бидей баянды беделі бар, өнегесі өзгеше, шапағаты мол, ортамызда жүргенде әкемізге үлкен құрмет көрсеткен мықты азамат еді. Естеліктерге тоқтала кетсек, әкеміз Мұстафа Матайұлы 2000 жылдан 2015 жылға дейін денсаулығына байланысты жыл сайын жаз мезгілінде Жамбыл облысындағы «Мерке» сауықтыру шипажайында екі айдай ем қабылдап, демалатын кездері болды. Сол кезеңдерде әкемізді күтіп алып, Қызылордалық жерлестердің бас қосуын ұйымдастырып, қызметін көрсетіп, ақсақалдың ақ батасын алған адал ұлы болды. Отбасымызбен араласып, сыйластық құрметке ие болып, жақындығымыз артып келген.

Адамға ерекше қасиет, телегей теңіз дарын бергенде, Алла тағала оның кескін-келбетін, болмыс – бітімін, түр-тұлғасын, жүріс тұрысын, кесімді сөзін, кесек ой толғамдарын соған сай етіп береді екен. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген, тірісінде тірлігінен айнымай, отбасына үлгілі отағасы ғана емес, ағайын-туыстың бірілігін ойлап, үлкен істердің басында жүрген көшбасшы, ортамыздағы бетке ұстар азаматы, ақылшы ағайымызға айналған бауырымыз Досымжан ағамыз туралы айтылар сырлы сөздер таусылмайды.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтылмаған, осындай артында салмақты ой толғатар із қалдырған бауырымыздың жақсылықтары өшпейді, рухы біздің арамызда мәңгі жасай бермек.

Артында қалған отбасына, бауырларына сабыр тілейміз. Ағамыздың пейіште нұры шалқысын, әрқашан артында қалған ұрпағыңызға шапағатшы болыңыз, Фердоуси жәннаты мекеніңіз болсын!

Бақұл болыңыз, Дос Аға!

 

Талғат МАТАЕВ,

экономика ғылымдарының докторы.

Ұқсас жаңалықтар