
Сәйкесінше, соттардың қызметін жетілдіру, судьялардың тәуелсіздігін күшейту, саланы жаңғырту, судьялардың жұмысына халықтың сенімін арттыру бағытында заң жобалары да қабылдануда. Әрбір істің артында адам тағдыры тұрғанын анық сезіне білгендіктен судьялардың жүктемесін азайта отырып, әрбір іске олардың мұқият дайындалуын қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылды. Осының арқасында соңғы жылдары сот жүктемесін азайту, азаматтық процесті жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттырып, ашықтығын қамтамасыз ету бағытында көптеген кешенді жұмыстар жүзеге асты.
Шыны керек, қарапайым халық көп жағдайда сот үкімімен келіспей, дау тудырып жатады. Өйткені сотқа қатысушы тараптардың барлығы заң тілін мұқият түсіне бермейді. Сондықтан көп жағдайда сот актісін түсінбегендіктен келіспей, шағымданып, сот жүктемесінің одан әрі артуына ықпал етіп жатады. Бірінші сатыдағы сот шешіміне қанағаттанбағандар келесі инстанцияға шағымданып, істі күрделендіріп жіберетін. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту аясында соңғы жылдары судьяларға сот актілерін түсіндіру талабы қойылды. Нәтижесінде бүгінгі күні халықтың сот шешімдеріне қатысты шағымы айтарлықтай азайып, бұл өзгерістің оң нәтиже бергенін байқап отырмыз. Бұрын сот актісін оқи сала сот отырысынан шығуға асығатын судьялар қазір халыққа бәрін жан-жақты түсіндіріп, сот актілерін процеске қатысушыларға қарапайым ұғынықты тілмен жеткізіп, халықтың көкейіндегі күдігін сейілтіп, істің ақ қарасын жан-жақты жеткізуге тырысатын болды. Демек судьялардың халыққа жақындауы, олардың сот органдарына деген сенімін күшейте түсті деп айта аламыз.
Реформалардың да халық көңілінен орын алғанда ғана өміршең болатынын сезіне түстік. Сот шешімдері көбінесе қиын, түсініксіз тілмен жазылады. Оның үстіне шешімді жариялаған соң судья оны түсіндірмей, залдан дереу кетіп қалады. Сондықтан нормативтік қаулы қабылдау арқылы сот актісінің мазмұны, құрылымы, тіліне қатысты тиісті талаптар бекітілді. Енді үкімнің, шешімнің, қаулының мазмұны қарапайым адамға түсінікті тілде жазылып, тараптардың келтірген әрбір уәжіне жауап беріледі. Сонымен бірге судьялар өз шешімдерін жариялаған соң сот залында не себептен осындай шешімге келгенін тараптарға түсіндіруге міндетті.
Бүгінде сот шешімдеріне қатысты жоғары сатыларға шағымданудың азаюына ықпал еткен бұл өзгеріске халық дән риза! Сондықтан дәл осындай халық сенімін күшейтетін шаралардың маңызы зор болып отырғанын сеземіз.
Атап өтер жайт, сот жүйесіне көптеген реформалар жасалуда. Сот жүйесіндегі ол реформалардың тиімділігін уақыт дәлелдеуде. Соның ішінде судьяларға да біршама еркіндіктің берілуі олардың қарақылды қақ жарған әділдігін арттыра түсті.
Қазіргі таңда заң мүмкіндік берген шекке дейін судьяларымыз біршама тәуелсіздігін, еркіндігін пайдалану үстінде. Бұл да болса халықтың сот орындарына деген сенімділігін арттыруға бағытталған бір мысал.
Жалпы халықтың сотқа деген сенімін арттыруға соңғы кездері цифрлы технологияның салаға көбірек енгізілуі де зор ықпал етті. Қазіргі таңда адам факторы азайып, көптеген жұмыстардың технология көмігімен автоматты түрде атқарылуы халықтың көңіліндегі көп күдігін сейілтті. Сондықтан саланы халыққа жақындататын, халық сенімін күшейтетін мұндай өзгерістердің көбірек енгізілуі сала жұмысына серпін бермек.
Б.Төребекұлы,
Тараз қаласы №2 сотының судьясы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді