«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оңтүстіктен солтүстікке көшу жалғаса бермек

Оңтүстіктен солтүстікке көшу жалғаса бермек
Автор
Мемлекеттік маңызы зор, аса өзекті мәселелердің бірі – көші-қон. Елімізде көші-қон саясатына ежелден баса мән беріліп келеді. Себебі, жер аумағы кең мемлекетте халықтың жайлы қоныстануы – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың кепілі. Әрбір азаматтың орнықты жұмысы, баспанасы бар болса, бұл халық өсіміне де оң әсер ететіні анық.

Тараз қаласы бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару жүзеге асырылуда. Бағдарлама өңіраралық және облысішілік көші-қон бағыттарын қамтиды. Еліміздің кең-байтақ аумағында облыстар бірбірінен қашық орналасқан. Осыған байланысты әр өңірдегі халық саны мен жұмыспен қамтылу деңгейі әртүрлі.

Атап айтқанда, Жамбыл, Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстарында халық тығыз орналасқан болса, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында жұмыс күші тапшылығы байқалады. Осы теңгерімсіздікті реттеу мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы қолға алынған.

Бағдарлама аясында қоныс аударушыларды ең алдымен жұмыспен қамтуға баса назар аударылады. Ауылдық жерлерге көшкісі келетін азаматтарға жер беру, кәсіп ашуға қолдау көрсету сияқты ынталандыру шаралары қарастырылған. Мемлекет тарапынан қоныс аударушыларға жанжақты қолдау көрсетіледі. Әр отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту басты назарда ұсталады. Үкімет белгілеген өңірлерге өз еркімен қоныс аударған азаматтарға түрлі жеңілдіктер мен қаржылай көмек беріледі. Атап айтқанда:

* Қоныс аудару үшін бір реттік төлем төленеді. Отбасы басшысына және әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде көмек беріледі;

* Жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейін көшу шығындарын өтеуге материалдық қолдау көрсетіледі;

* Тұрғын үй жалдау (жалдау ақысы) және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу үшін жыл бойы ай сайын төлем беріледі. Қалалық жерге қоныс аударғандар үшін әр адамға 20-дан 30 АЕК-ке дейін, ал ауылдық жерге көшкендер үшін 15-тен 21 АЕК-ке дейінгі мөлшерде материалдық көмек қарастырылған. Төлем көлемі отбасы мүшелерінің санына байланысты анықталады.

Сонымен қатар экономикалық ұтқырлықты арттыру мақсатында 1160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін мобильділік сертификат беріледі. Бұл сертификат тұрғын үй құнының 50 пайызын жабуға мүмкіндік береді. Аталған іс-шаралар қоныс аударушылардың жаңа ортаға бейімделуіне, тұрақты жұмыс тауып, тұрмысын жақсартуына үлкен ықпал етеді.

Қорыта келгенде айтарымыз, жоғарыда аталған бағдарламалар жұмыссыз жүрген адамдардың бәрін оңтүстіктен солтүстікке көшіруді мақсат етпейді. Алайда, ниет білдірген азаматтар Тараз қаласы бойынша мансап орталық филиалына қайырылып, мамандардан толық, сапалы кеңес алуға немесе migration. enbek.kz порталы арқылы жеке кабинетіндегі дербес деректерді толтырып, өтініш білдіруге болатындығын жеткіземіз.

Ең маңыздысы, қоныс аударушылар халық аз шоғырланған Солтүстік, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарының ауылаймақтарын сақтап қалуға өз үлестерін қосуға шақырамыз. Оңтүстіктен солтүстікке көшу әлі де жалғаса бермек...

 

Ақбота ХАМИДОВА

«Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тараз қаласы бойынша мансап орталық филиалының маманы.

Ұқсас жаңалықтар