Әдеубай Садақбайұлы саналы ғұмырын ғылым мен жоғары білім беру саласына арнаған көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз болды. Ол көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың ғылым жолында қалыптасуына бағыт-бағдар беріп, еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына зор үлес қосты. Ғылым жолында Әдеубай Садақбайұлының орны ерекше. Оның ақыл-кеңесі, талапшылдығы мен қолдауы шәкірттері үшін үлкен мектеп болды. Еңбекқор, ғылымға адал, шәкірттеріне қамқор жан еді. Ол «2008 жылы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанған.
Техника ғылымдарының докторы, профессор, РЖҒ академигі. 1950 жылдың 12 сәуірі күні Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Қазақстанға қоныс аударды. Тараз қаласындағы №5 Жамбыл атындағы орта мектепті 1969 жылы бітіріп, 1970 жылы Жамбыл гидромелиоративтікқұрылыс институты жанындағы дайындық бөлімінде оқыды. 1971 жылы осы институттың «Гидромелиорация» мамандығына оқуға түсті. 1977 жылы осы оқу орнын бітіріп, оның ғылыми-зерттеу бөлімінде аға инженер, кіші ғылыми қызметкер қызметтерін атқарды. 1978 жылдың қаңтарынан бастап аға ғылыми қызметкерлікті атқарып, ғылымизерттеу бөлімінде экспедицияны басқарды. 1980 жылы «Мелиорация және суғармалы егіншілік» мамандығы бойынша аспирантураның күндізгі бөліміне түсіп, оны бітіргеннен кейін аға ғылыми қызметкер, кафедрада ассистент қызметтерін атқарды. «Мелиорация және суғармалы егіншілік» мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, ал докторлық диссертациясын «Геоэкология» мамандығы бойынша қорғап, профессор атағын алды.
2009-2011жылдар аралығында ғылыми-зерттеу жұмыстарын мемлекеттік деңгейде орындауда «Ғылым қоры» АҚ-ның грантын жеңіп алды. Бұл тақырып бойынша ізденуші-аспиранттар, докторанттар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Ал 2010-2011 оқу жылының қорытындысын кешенді бағалау нәтижесінде «Экология кафедрасының үздік оқытушысы» номинациясының жеңімпазы атанды. Профессор Ә.Сейітқазиевтің жетекшілігімен 11 ізденуші-аспирант техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін, PhD философия докторы атағын алды. 35 магистрант магистрлік диссертациясын қорғап, ғылым магистрі атағын алды. Педагог-маман ретінде 100-ден астам инженер-гидротехник, 40-тан астам студент эколог-бакалавр жоғары кәсіби білікті атақтарға жетуіне жетекшілік етті. Ғылыми-әдістемелік жұмыстар саны – 500-ден астам. Бұдан басқа 9 оқу құралы және оқулық авторлармен бірлесіп баспадан шықты. 10-нан астам әдістемелік нұсқаулары, 12 өнертабыс жұмыстары баспада жарияланды.
Сондай-ақ ғылымдағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. 2008 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2009 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағымен, 2010 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағымен, 2012 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен, 2015 жылы «Мұхаммед Хайдар Дулати – Үздік табыстары үшін» төсбелгісімен, 2018 жылы М.Х. Дулати атындағы университеттің 60 жылдық мерейтойында ҚР БҒМ-нің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2020 жылы Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент мүшесі атанып, «Ресей Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі» атағын алды. Ғылым жолын өмірінің басты мұратына айналдырған ғалым-педагог Әдеубай Садақбайұлы терең білім мен талғампаз таланты тоғысқан жан еді. Ол тек ғылыми ізденістермен шектеліп қоймай, рухани әлемін байытқан шығармашылықпен де белсенді айналысты.
Жүрек тербейтін жырлары арқылы келешек ұрпақты терең ойға жетелеп, сезімін оятты. Ғылыми еңбектерімен қатар, оның қаламынан туған бірнеше кітап жарық көрді. Атап айтқанда, «Ойлан балам...» (2012 ж.), «Уақыт өмір өлшемі» (2014 ж.), «Өмір толғауы» (2016 ж.), «Мен ұрпаққа сенемін» (2024 ж.) атты туындыларынан ғалымның ішкі жан дүниесі, өмірге деген көзқарасы мен биік парасаты айқын сезілді. Ғалым-педагог бұл шығармашылық еңбектерінде жалынды жастық пен албырт жігіт кезінен бастап, ел ағасы деңгейіне жеткен өмір өткелдері, әке жолы, ұрпақ тәрбиесі, ардақты әке, асыл жар, сонымен қатар ұлттық сана, табиғат тазалығы, тіл тағдыры, жастарды кәсіби біліктілікке шақыру жайлы ой қозғайды. Осындай жан-жақты дарын иесі ғылым мен өнердің арасын жалғап, келешек ұрпаққа ой саларлықтай өшпес із қалдырған тұлға ретінде ерекшеленді.
Айтулы ғалымның соңында қалдырған өлшеусіз еңбегін ескеріп, алдағы уақытта өзі қызмет атқарған оқу орнынан арнайы кабинет ашылса ерекше құрмет болатын еді. Алланың ісіне қарсы тұра алмайсың. Өмір өз ағысымен ағып келеді. Марқұмның отбасында жұбайы, екі ұл, екі қыз, 21 немересі, 11 шөбересі қалды. Өнегелі әулеттің өрісі кең дегендей, артынан ерген ұрпақтары Алланың қолдауымен болашаққа жарқын қадам басып жатыр. Шәкірттерімен биік шыңдарға қол жеткізген ардақты ұстаздың жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!
Айжан ӨЗБЕКОВА
журналист
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




