
Жалпы, өткен оқу жылында ауданның білім қызметкерлері кәсіподағының күшімен көп жұмыс атқарылды. Мереке күндердің бірде бірі ескерусіз қалған жоқ. Басты жеңісіміз, Білім және ғылым салалық кәсіподағының 100 жылдығына орай Тараз қаласында өткен «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты IX облыстық кәсіподақтар спартакиадасында жалпыкомандалық есеп бойынша Шу ауданының құрама командасы 3 орынды иеленді. Бұл біз үшін үлкен жеңіс болды. Біздің бүгінгі күні алға қойып отырған басты міндеттеріміздің бірі – еңбек адамының рөлін арттыру, оның жұмысына кедергі келтірмейтін мүмкіндік жасау.
Мұғалім болса жүктемесін толтырып беру, қосымша төлемдердің заң аясында төленуін қадағалау. Сондай-ақ, зейнет жасына толған педагогке оқу жылының соңына дейін жұмыс істеп, бір лауазымдық жалақы көлемінде өтемақы алу жағын қарастыру. Жалпы, салада атқарылып жатқан жұмыс ауқымы кең. Кәсіподақ мүшелері қоғамдық жұмыстармен қатар түрлі байқауларға да қатысып, белсенділік танытуда. Сондай-ақ бүгінгі күні кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары Еңбек заңына сәйкес қорғалған.
«Жалпы, кәсіподақ ұйымы еңбек адамына не береді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бүгінгі күні кәсіподақ ұйымына мүше болу еңбеккер үшін келесі тиімділіктерді береді. Атап айтсақ, тегін және сапалы заң кеңесі; мемлекеттік органдарда, соттарда тегін өкілеттілік; жалақы есептету, төлету, өндіру; мәдени-көпшілік, спорттық іс-шараларға қатысу, қамтылу; материалдық, қайырымдылық көмек пен қолдау; жеңілдетілген жолдамалар арқылы сауықтыру, тарихи орындарға саяхаттар, балалардың жазғы демалысы және тағы басқа шараларды ұйымдастыру.
Сондай-ақ бүгінгі күні кәсіподақ комитетінің жұмысын ұйымдастыру – алқалы басқару органдарының қызметі Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының кезекті ХХVІ съезі мен 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» атты стратегиялық құжаты, сала кәсіподағының ХІV съезі, облыстық ұйымның ХV конференциясының шешімдері мен бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Бұл бағыттарды саралап-сараптау, зерделеу, тиісті шешімдер қабылдау мақсатында аудандық комитетте биыл Атқару комитетінің 4 мәжілісі өткізілді.
Білім қызметкерлері кәсіподағының Шу аудандық комитетінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының санын арттыру, кәсіподақтарға жаңа әрі тың күштер тартуда бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Ынталандыру жұмысы өзінің оң нәтижелерін де беруде. Осы жылдың 1 қаңтардағы cтатистикалық есеп бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 89, ал ондағы мүшелер саны– 5507 адамды құрады.
Кәсіподақтың ерекше басымдық беретін жұмыс бағыттарының бірі – әлеуметтік әріптестік саналады. Бұл ретте жұмысшылар мен жұмыс берушілердің мүдделерін бір арнаға тоғыстырудың тиімді нысандарын іздеудегі ауқымды жұмыстар жалғасуда. Жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасындағы әлеуметтік әріптестік бойынша еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құралдың бірі – Ұжымдық шарт екендігі бәрімізге мәлім. Ұжымдық шарт жұмыс берушілердің шынайы, яғни орындалуы қажет, қамтамасыз етілетін міндеттемелер алуын, еңбек жағдайлары мен еңбекақы төлеудегі олқылықтарды мейлінше жедел және тиімді түрде жоюды қамтамасыз етуде.
Салада шынайы әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарттар жасау мен оның орындалуын қамтамасыз ету, сала өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауда өзара мәмілеге келе білудің жақсы үлгісі қалыптасқан. Осы орайда, келісімдер мен ұжымдық шарттарда көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің ең ұтымды тәсілі ретінде Әлеуметтік әріптестік жөніндегі екі жақты және жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссияларының тұрақты әрі пәрменді жұмыс істеуін айтуымызға болады.
Жалпы өткен жылдың 12 маусымында 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шарт жасалды. Осының аясында бірқатар жұмыстар өз шешімін тапты. Атап айтар болсам, мектеп кітапханашыларының жалақы мөлшері 35 пайызға, есепшілер мен үнемдеушілердің жалақысы 30-50 пайызға, сонымен қатар, қосалқы қызмет жұмыскерлері – қызметтік бөлмелерді тазалаушылар үшін 36 күн еңбек демалысы мен сауықтыруға арналған жәрдемақының берілуі келісілді. 2024 жылы құзырлы органдар тарапынан жүргізілген бақылау тексеру нәтижесінде Ұжымдық шартен көзделген бірқатар нормалардың заңға қайшы деген қорытынды шығарып, бүгінгі күнге Ұжымдық шарт нормалары бойынша проблемалар туындап, кәсіподақ тарапынан сотқа талап арыздар беріліп, тиісті процедуралық жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтары үшін конкурстық тағайындау қағидалары, аттестаттау, жалақы төлеу мен есептеу, басшылардың ротациясы сынды ережелерді түсіндіру, орындау және дұрыс қолданумен байланысты тұрақты түрде көптеген сауалдар, проблемалық әрі даулы мәселелер жиі туындауда.
Биыл аудандық комитетке кәсіподақ мүшелерінен 9 жазбаша өтініш түсіп, жеке қабылдауда 922 адам болды. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік әріптестік негізінде жұмыс берушілерге тиісті ұсыныстар беру, келіссөздер жүргізу арқылы, қолданыстағы заңдылықтар мен ұжымдық шарттардағы талаптарды басшылыққа ала отырып оң шешімі табылды. Кәсіподақ заңгерлері тікелей қатысқан азаматтық істердің басым көпшілігінде, сот органдарының шешімдері сала өкілі – кәсіподақ мүшесінің және кәсіподақтың пайдасына шешілуде.
Кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделеріне қатысты арыз-өтініштер мен шағымдарды қабылдау тиісті деңгейде жүзеге асырылуда және қосымша электрондық пошта мен әлеуметтік желідегі Facebook және Whats App парақшалары арқылы жүргізілуде. Сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің білім беру сапасын арттыру, Кәсіподақтың оқыту саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Биыл 4 кәсіподақтық оқу ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да кәсіподақ бұл бағыттағы жұмысты жандандыру мен жетілдіруді баса назарда ұстайтын болады. Бүгінгі күні еңбек адамдарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара тиімді әріптестік ісін одан ары жетілдіру қажет. Бұл серіктестіктің берер оң нәтижесі бар екендігі даусыз.
Билік құрылымдары, жұмыс берушілер алдында біз жақсы ұйымдасқан, тәртіп пен реттілігі жоғары, іргесі берік, қандай жағдайда да көмек қолын соза алатын біртұтас ұйым ретінде әрекет етудеміз. Осы ретте жылда аудандық білім бөлімімен бірлесе, аудан мұғалімдерінің дәстүрлі Тамыз кеңесін, «Еңбек күні», «Кәсіподақтар күні», «Ұстаздар күні», «Республика күні», «Тәуелсіздік күні» мен тағы басқа мерекелерін атап өтумен байланысты іс-шаралар ұйымдастырылып отырады.
Кәсіподақтың аудандық ұйымы әлеуметтік әріптестік, құқықтық қорғау аясындағы жарғылық міндеттермен қатар сала өкілдерінің құқықтық сауатын арттыру, ақпараттық-имидждік жұмысты жетілдіру, еңбек қауіпсіздігі шараларын күшейту, жастармен жұмыс, сала қызметкерлері – кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, демалдыру мен рухани қолдау шараларын жоспарлы түрде жүргізеді.
Кәсіподақ ұйымы, сондай ақ сала еңбеккерлерінің тынығуы, демалысы мен бос уақытын қызықты өткізуі, рухани дамуына ерекше назар аударады. Сауықтыру шараларымен биылғы жылы 800 кәсіподақ мүшесі және олардың отбасы өкілдері қамтылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Түркістан тарихи-танымдық саяхатына – 50, Алакөлге – 50, Ыстық көлге – 50 сала өкілін апару жоспарлануда.
Сонымен қатар, аудандық комитет ұзақ емделуді қажет ететін кәсіподақ мүшелеріне өз өтініштері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының шешіміне сәйкес қайырымдылық көмек те көрсетіп тұрады. Кәсіподақтың басты мақсаты – еңбек адамына деген құрмет, кәсіптік одақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделеріне өкілеттік етіп, лайықты қорғай білетін ұйымға айналу. Осы ықылас пен ынта көрінген ортада бәрі де жемісті болмақ.
Мұның барлығы да мұғалімге деген шынайы құрмет, шынайы қамқорлық, оның жанкешті еңбегіне деген лайықты бағалау деп білемін. Себебі, ұстазын лайықты құрметтеген қоғам ғана қарыштап ілгері жылжитыны ақиқат.
Аида БЕКМУРЗИНА,
аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы.
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Бекзат – халықаралық турнир жеңімпазы
- 19 шілде, 2025
Футбол алаңы – тұрғындар игілігіне
- 17 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді