«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әр қадамымызды халық игілігі үшін жасап отырмыз

Әр қадамымызды халық игілігі үшін жасап отырмыз
Автор
Елімізде цифрландыру үдерісі қарқынды дамуда. Бүгінде Қазақстан жаңа технологияларды енгізуде Орта Азияда көш бастап келеді. Бұл бағыттағы ілгерілеулер еліміздің «50-in-5» жаһандық бастамасына қосылуы арқылы бұдан әрі қолжетімді бола түспек. Бұл бастама елдердің күшін біріктіре отырып, цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның негізгі элементтерін жедел енгізуді мақсат етеді. Бұл технологиялар заманауи, ыңғайлы, проактивті мемлекеттік қызметтерді дамытуға негіз болып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және цифрлық экономиканы ілгерілетуге ықпал етеді.

Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым – бұл цифрлық төлемдер, сәйкестендіру және деректер алмасу жүйелерінің қауіпсіз әрі өзара әрекеттесе алатын жиынтығы. Цифрлық дәуірде бұл жүйелер экономика мен әлеуметтік өмірге толыққанды қатысудың басты алғышартына айналды. DPI барлық мемлекеттердің орнықты әрі инновациялық экономика құрып, азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуі үшін қажет. «50-in-5» – бұл цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды енгізу арқылы цифрлық күн тәртібін жеделдетуге бағытталған елдер бастамасы.

Бастама Билл және Мелинда Гейтс қоры, Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым орталығы, Co Develop ұйымы, Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы және БҰҰ Даму бағдарламасымен (ПРООН) бірлесіп жүзеге асырылады.

Аталмыш жобаның негізгі мақсаты – 2028 жылға дейін 50 ел кем дегенде бір DPI элементін енгізуі. Бұл тәжірибе алмасу және ашық цифрлық өнімдерді қолдана отырып, бірлескен шешімдер әзірлеу шығындарды азайтып, трансформацияны жеделдетуге мүмкіндік беретініне негізделген.

– Еліміздегі цифрлық трансформацияның басты өзегі – адам. Біз үшін технология – жай ғана технология емес, ол азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған құрал. Осы мақсатта біз әр қадамымызды халық игілігі үшін жасай отырып, ашық, түсінікті және тиімді цифрлық мемлекет құрып жатырмыз. Цифрлық шешімдер қашықтықты қысқартады, осы арқылы адамдар қайда тұрса да, біз оларға жақынырақ бола аламыз. «50-in-5» бастамасына қосылу – адамға бағытталған цифрлық трансформациямызды үдетіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Елімізде цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның негізгі элементтері табысты енгізіліп, бүкіл өңірлерде кеңейтілуде. Цифрлық сәйкестендіру жүйесінің (Digital ID) негізгі бөлігі – eGov Mobile мобильді қосымшасы. Бұл – ресми электрондық үкіметтің супермобильді қосымшасы, ол қауіпсіз авторизация, қашықтан жеке басын растау және мемлекеттік қызметтердің кең ауқымына қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Бүгінде eGov Mobile қосымшасын 10,9 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады, оның ішінде ай сайынғы белсенді аудитория 5,3 миллион адамды құрайды, ал тәулігіне орта есеппен 354 мың пайдаланушы қосымшаға кіреді. «Қызметтер» бөлімінде 200 түрлі сервис қолжетімді, ал eGov Mobile арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 82 миллионнан асты. Пайдаланушылардың ерекше қызығушылығын «Цифрлық құжаттар» бөлімі тудырады. Онда жеке куәліктен бастап жүргізуші куәлігіне дейін 38 түрлі электрондық құжат қолжетімді.

Бұл функция іске қосылғаннан бері құжаттарды 25,7 миллионнан астам рет қолданған. Қазақстандағы мемлекеттік жүйелер арасында деректер алмасу үшін Smart Data Ukimet ақпараттық-талдамалық платформасы жұмыс істейді. Оған 124 мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі біріктірілген.

Бұл интеграция азаматтардың өмірлік жағдайларына автоматты түрде жауап ретінде проактивті мемлекеттік қызметтерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда әлеуметтік бағыттағы 45 проактивті мемлекеттік қызмет әзірленген. Олар азаматтарға, әсіресе өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға бағытталған атаулы көмек көрсетуге арналған. Осындай қызметтер 4,3 миллионнан астам рет көрсетілді. Smart Data Ukimet, Электрондық үкімет шлюзі және Smart Bridge бірігіп, ұлттық деректер алмасу жүйесінің негізін құрайды.

Еліміз үшін бұл жобаға қатысу – ұлттық цифрлық әлеуетті нығайтып, әрбір азаматтың мүддесіне жұмыс істейтін орнықты цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам саналады. Бастама аясында елдер цифрлық көшбасшылармен тәжірибе алмасып, халықаралық үздік тәжірибелерді зерделеп, техникалық және әдістемелік қолдау ала алады.

 

Нұрболат АМАНБЕК.

Ұқсас жаңалықтар