«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Шер-ағаңды жұмысқа алғанымды мақтанышпен айтамын...»

«Шер-ағаңды жұмысқа алғанымды мақтанышпен айтамын...»
Автор
Жамбыл жұртшылығына кеңінен танымал өнер иесі Асқарбек Сейілхан биыл мерейлі 75 жасқа толып, «Шер-ағаның шекпенінен шықпасам да» атты кітабын жарыққа шығарған болатын. Қаламгер жаңа кітабын туған жері Қордай ауданында тұсауын кесіп, ауыл тұрғындарымен кездесіп, емен-жарқын пікірлесті. Және кітабының 100 данасын аудандық кітапхана қорына табыстады. Одан бөлек тағы 30 кітапты кездесуге келген оқырмандарға өз қолтаңбасымен үлестірді.

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы мен Қордай ауданы әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Әлжан ана ауылындағы мәдениет үйінде өткен кітаптың таныстырылымы еркін сұхбат форматында өрбіді. Аталмыш іс-шараға аудан ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ардагер журналист, мәдениет майталманы Асқарбек Сейілханның шәкірті, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық сұхбатты жүргізіп, ұстаз бен шәкірт арасында тағылымды әңгіме өрбіді.

– Әдетте, қалам ұстағанның біразы «Шер-ағаның шекпенінен шықтық» дейді, ал сіздің кітабыңызды «Шерағаның шекпенінен шықпасам да...» деп атауыңыздың сыры неде? Олардан да биікпін дегеніңіз бе, әлде басқаша себебі бар ма? – деген Жасұлан Әбдіхалық алғашқы сұрақтан ақ, көпшілікті қызықтырып әкететін әңгімеге тартты.

– Шерғаның шекпенінен шығу – үлкен мәртебе, дегенмен сол Шерағамыздың аттан түсіп, саяси изоляцияға жіберілген шағында «шекпенінен» шықтым деген азаматтың «Шерхан болса, өзіне Шерхан» деген сөзінен кейін ойымыз сәл өзгергені бар. Көкемізге демеу болайық әрі ол кісінің әлі де елге берері көп деп, сол кездегі телеарна директоры Бекет Момынқұлға «Шерхан Мұртазаны жұмысқа алайық» деп ұсыныс айттым. Құба-құп қабылдады, алайда біраз кедерг і лер болатынын білгендіктен, сол кездегі орынбасары ретінде Шерағаны жұмысқа қабылдау туралы құжатына мен қол қойған едім. Қазір ол жайтты әзілдеп, мақтана айтамыз, – деп ағынан жарылды Асқарбек Ақылшаұлы.

Іс-шара барысында Асқарбек Ақылшаұлы Шераға образында сахналық қойылымнан үзінді оқып, жиылған елдің сұрақтарына жауап берді. Әдеби кешке келген Еркінбек Құттықов сонымен қатар, жазушы-журналист Бекет Момынқұл, облыстық «Aq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт кітапта баяндалған оқиғаларға кеңінен тоқталып, Асқарбек Сейілханның өнегесін елге жеткізді. Қордай ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет бастаған бір топ ақсақалдар да туған жерге тағзым ете келген мәдениет майталманына құрмет көрсетіп, жылы лебізін білдірді.

– Туған жеріме, Қордайдың қоңыр желіне, саумал самалына кеудемді тосып, Әулиешоқыға арқамды сүйеп, жерлестерімнің ыстық ықыласына, бауырларымның алғаусыз пейілдерімен жайған құшағымен қауыштым. Ең бастысы «Әлжан ана» ауылының мәдениет үйіне жиналған жұртшылықтың өнер мен мәдениетке, әдебиетке деген құрметін өз көзіммен көріп, жан-жүрегіммен сезініп, төбем көкке жеткендей, мерейім асып, көңілім тасыды. Осы іс-шараның басында тұрып, бастамашы болған Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығына, Қордай ауданының әкімдігіне бек ризашылығымды білдіремін. Бұл іс-шараны облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты жобасымен «Бір біріңе кітап сыйла» үндеуінен басталған игілікті істің жалғасы десек болады. Бұл Қордай сапары алдында дәл осындай кітап сыйлау акциясы Жуалы ауданында және Шерағаның туған ауылы Талаптыдағы «Шерхан Мұртазаның әдеби мемориалдық музейі» үйінде болған еді. Ол жолы ауданға 30 кітап сыйға тартсам, бұл жолы қордайлықтарға кітабымның 150 данасын сыйға тарттым. Шын көңіліммен ұсынған кітабымды ақжарма пейілмен қабыл алған жерлестеріме көп-көп рақмет, – дейді кеш кейіпкері Асқарбек Сейілхан.

Іс-шарадан соң қонақтар Әлжан ана музейін тамашалады. Ауыл тұрғындары сол күні әдебиет пен өнердің ордасына айналып, ел мен ерді жалғайтын көркем кешке куә болды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар