
Науқастардың қас-қабағын бағып, адам жанының арашашысы болып жүрген кейіпкеріміз – Байзақ ауданы, Мырзатай ауылдық округіндегі мамандандырылған оңалту орталығының бас дәрігері Төлеген Бүгібаев. Жақында ғана облысымыздың 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «Денсаулық сақтау саласындағы үздік ұйымдастырушы» байқауында топ жарған осы Төлеген Тәкежанұлы. Ол жиырмаға жуық дәрігер бақ сынаған байқауда бас жүлдені иеленіп, 500 мың теңге қаржылай сертификат алды. Өңірлік кадр пулын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жарыста өз біліктілігін, ұжымының ерен еңбегін көрсетіп, кәсібилігін дәлелдеді.
Ол 1989 жылы 22 наурызда Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүниеге келген. Отбасында үш бала тәрбиелеп отыр. 2005-2009 жылдар аралығында Жамбыл медициналық колледжін тәмамдап, «Емдеу ісі» мамандығы бойынша диплом алған.
Колледжден соң бірден Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетіне оқуға түсіп, 2014 жылы «Жалпы медицина» мамандығы бойынша тәмамдапты. Сол жылы интернатураға түсіп, 2016 жылы «Жалпы практикалық дәрігер» мамандығын алып шыққан.
2017-2019 жылдар аралығында Қазақстандық медицина университетінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша медицина ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын 2005 жылдары Тараз қалалық жедел жәрдем станциясында көшпелі бригаданың санитары болып бастапты.
2012 жылдары Алматы қаласының жедел жәрдем станциясында травматология бөлімінде мейіраға, Алматы қалалық кардиология орталығында реанимация және интенсивті терапия бөлімінде мейіраға қызметтерін атқарған. Үлкен еңбек жолына аттаған алғашқы қадамы 2016-2018 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінде эксперт қызметінен басталыпты.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі ретінде Астана қаласында өткен «Астана ЭКСПО-2017» арнайы дүниежүзілік көрмесінде берілген тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтан Алғыс хат алған. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап осы күнге дейін облыстық мамандандырылған оңалту орталығының басшысы қызметін атқаруда. Оңалту орталығын басқаруға келген жас басшы креативті идеяларымен орталықтың жұмысын жандандыруда. Осы орайда біз басшының өзімен сөйлестік.
– Дәрігер мамандығының халық алдында жауапкершілігі зор. Білікті дәрігер болу үшін өзіңді үнемі жетілдіріп отыру керексің. Болашақ медицина қызметкерлеріне айтарым – дәрігер болу деген адамдарға денсаулық, кейде өмір сыйлау деген сөз. Ауру деген жасқа да, кәріге де қарамайды. Жаның көзіңе көрініп қиналғанда шипа іздеп баратын адамыңыз кім? Әрине, дәрігер. Өзім дәрігерлік антыма адалмын. Заманның көшіне қарай бүгінде біздерде заманауи болдық. Жақсы дәрігер атану – қиынның қиыны. Біздің қате жіберуге құқығымыз жоқ. Дұрыс диагноз қою, ең жақсы ем-дом жүргізу – күнделікті бұлжытпай орындайтын міндетіміз дене шынықтыру. Орталықта жалпы 85 маман жұмыс істейді. 8 дәрігеріміз бар. 3 массаж қызметкері, 4 емдік инструкторы, 17 медициналық бикелер бар. Орталық емделушілеріне бар жағдай жасалған. Арнайы ем-дәм мейірбикесі диеталық тағамдар мәзірін дайындайды. Денені балқарағай бөшкесі арқылы тазарту дейсіз бе, бізде ем түрлері көп, – дейді Төлеген Тәкежанұлы.
Облыстық мамандандырылған оңалту орталығының негізгі қызметі неврология және нейрохирургия, кардиохирургия, травматология және ортопедия, пульмонология профильдері бойынша ересектер мен балаларды оңалту болып табылады. 10 шаршы метр аумақты алып жатқан орталық 3 қабатты типтік ғимаратта орналасқан.
Алғашқыда бұл орталық 2016 жылы Байзақ аудандық туберкулезге қарсы ауруханасы ретінде ашылған. 2019 жылдан бері ересектерге арналған облыстық мамандандырылған оңалту орталығы болып жұмыс істейді. Орталыққа Төлеген Тәкежанұлы басшы болып келгелі оңалту көмегінің кешенді тәсілі арқылы еңбекке қабілетті жастағы мүгедектікті төмендету және мүмкіндігі шектеулі пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жоба жасалыпты.
Бұл жоба 2023 жылдың наурыз айында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ұсынылған. 2023 жылдың тамыз айында қор тарапынан қолдау тауып, Эксперттік комитеті және Қамқоршылар кеңесінен өтіп, Жол картасы әзірленді. Жоба бойынша орталықтың 4 дәрігері және 5 емдік шынықтыру мейіргерлері Литва мемлекетінің «Кауно Клиникос» университетінде білікті мамандардан тәжірибе алмасып келіпті. Жобаның келесі кезеңі орталықты медициналық оңалту құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуді іске асыруды көздейді.
Жоба осы 2024 жылы аяқталады.Осы жобалардың іске асырылуы орталықтың стратегиялық дамуына, қаржылық тұрақтылықты қалыптастыруына және медицина мамандарының біліктілігін үнемі арттыруына үлесін қосады.Барлық үш жобаның бюджеті 650270 062 теңге. Оңалту орталығында тірек қозғалыс аппаратында ақауы бар, инсульт, инфаркт, омыртқа жарақаты, остреохондоз және басқа да аурулардың салдары бар науқастарды оңалту үшін құрылған. Мұнда сүйектерге қойылған эндопротезден кейін, жүрекке жасалған отадан соң, өкпенің зақымдануынан соң оңалту ем шаралары жүргізіледі.
Дәрігердің нұсқаулығымен осында магнитотерапия, ультрадыбыстық терапия, лазерлік терапия, биаптрон, массаж, хирудотерапия, белсенді және пассивті кинезотерапия, балшықпен емдеу, парафин, СПА процедуралары, логопед, емдік денешынықтыру алуға болады. Орталықтың дәрігерлері мен ем-дом туралы емделушілер тек жақсы пікірде. Реабилитациядан негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу қажет болғанда, қатты ауырсынудан, хирургиялық операциялардан және жарақат алғаннан кейін, сырқат салдарынан адамның қимыл қозғалысы шектелген жағдайларда өтуге болады. Осындай оңалтуға келген жанның бірі – ауыл тұрғыны Қарлыкүл Спанова. Жасы 76-дағы апамыз қан айналым жүйесінің жіті бұзылуына шалдыққан. Инсульттан кейін қайта қалпына келу үшін ем алуда.
– Медициналық оңалту – бүгінде ауыл тұрғындары үшін де қолжетімді болды. Жас күнімізде еңбек еттік. Ештеңеге қарамадық. Бүгінде қартайдық, қайғы ойладық. Барлық аурудың басы уайым ғой. Мұндағы дәрігерлер осыны айтты. Дәрігерлері мен медбикелеріне риза болдым. Қолдары жеңіл. Үнемі күлімсіреп жүреді. Тамақтары да жеңіл, диеталық, – дейді Қарлыкүл апамыз.
Оңалту орталығында мультитәртіптік команда жұмыс істейді. Бұл дегеніміз – медициналық реабилитология бойынша дайындығы бар және кешенді оңалту іс шараларын көрсететін әр түрлі мамандар тобы. Команданың негізгі мақсаты – оңалту орталығына түскен әрбір пациентпен жеке жұмыс істеу. Төлеген Тәкежанұлының айтуынша инсульт алғаннан кейінгі бастапқы үш айдың берер мүмкіндігі мол. Ем дұрыс болса үш айда адамның өмірін сақтап қана қоймай, ағзаның қызметі бұзылған біршама функциясын қалпына келтіруге болады.
Орталықта мұндай пациенттерге білікті психологтар, логопедтер, физиотерапевтер, емдік шынығу нұсқаушылары және тағы да басқа мамандар қызмет көрсетеді екен. Пациенттер орталықта орта есеппен 10 күн емделеді және күн сайын денсаулықты қалпына келтіретін ем шараларды үздіксіз алып отырады. Массаж, физиотерапия, кинезиотерапия сеанстарынан өтіп, логопед, емдік шынықтыру мамандарымен жұмыс істейді. Жаттығу залы түрлі заманауи қондырғылармен жабдықталған. Пациенттердің туыстары науқасты дұрыс күтіп-баптау тәсілдерін де үйрене алады.
Денсаулыққа тек – мемлекет немесе медицина саласы емес, ең алдымен өзіміз жауаптымыз. Денсаулығымызға мұқият болып, дәрігерлердің қадірін бас ауырып, балтыр сыздағанда ғана емес, жай күндері де білейік! Айтпақшы орталықта ақылы да ақысыз түрде де оңалтудан өте аласыз. Орны бөлек орталықта дәрігерлер қысқа уақыт ішінде тексерістен өткізіп, емдік курс тағайындайды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді