«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта

Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта
Автор
Кейде адамның таңдаған мамандығы бойындағы ерекше дарынымен ұштасып, біліктілікке ұласады. Осындай дарынды дәрігердің бірі – Майра Көрпебаев.

Жиын өткізу, анализдердің қорытындысын көру, дәрігерлермен кеңесу, науқастармен тілдесу, сырқатын анықтау– оның күнделікті тірлігі.

«Сырқатыңыздың сырын айтайын ба, әлде емін айтайын ба?» деп сұрайтын невропатолог дәрігер жан саулығының емі – күйгелектенбеуде дейді. Алдына келген сырқат жанға ең бірінші берер кеңесі мынау. Адам уақыттан бұрын күйремеуі керек. Қандай жағдайда да салың суға кетпесін, мықты бол! Жағдай күрделеніп, кей шаруаға шамаң келмей жатса да сасқалақтамай, барлығын сабырмен жасау керек. Міне отыз жылдық еңбек өтілі бар невропатологтың ақылы әрі кеңесі осындай. Мына заманда күйгелектенбеу, ашуланбау мүмкін бе деп сұрарсыз. Иә, мүмкін екен. Ұзақ өмір сүргіңіз, әдемі күй кешіп, ән сала өмір сүру үшін ашуланбау қажет екен. «Ауырдың ба, емі бар. Тек дәрігерді тыңда, жақсы көңіл күйде бол», – дейді дәрігер.

Майра Көрпебаева 1969 жылы облысымыздың Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Дәрігерлік мамандықты Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе медициналық университетінде оқыған. Бүгінде облыстық көпбейінді ауруханада күндізгі стационардың басшысы. 55 адамға арналған күндізгі бөлімде әртүрлі аурумен ауыратын науқастар жатады.

– Невропатолог – жүйке жүйесіне байланысты ауруларды диагностикалау және емдеумен айналысатын дәрігер. Бұл орталықта ми мен жұлын және перифериялық жүйке жүйесінің аурулары, сондайақ орталық перефериялық жүйке жүйесін қамтитын аурулар тобы ем алады. Ал невролог-менингиттің әртүрлі формалары, энцефалиттер, жүйке жүйесі дамуының туа біткен ауытқуларын емдейтін дәрігер. Мен невролог әрі невропатологпын. Күн сайын қабылдауыма сан түрлі науқас келеді. Бірі эпилепсиямен, бірі жүйкесінің тозуымен, бірі Паркинсон дертімен келеді. Соңғы жылдары науқастардың арасында Паркинсон ауруымен ауыратындар санының артуы байқалады. Жақында 50 жас шамасындағы адамдар арасында да бұл дерттің жиілегенін байқадық. Барлық ауру – жүйкеге күш түскеннен туындайды. Мұны мың мәрте естісеңіздер менен мың бірінші мәрте естіп көріңіздер. Жүйкесі жұқарған адамның өмірге құлшынысы азаяды. Ұйқысыздық, жиі суық тию, аяқ-қолдың жансыздануы, қимылдың бұзылуы, ашушаңдық пайда болады. Адамның жүйке жүйесі парасимпатикалық және симпатикалық болып екіге бөлінеді. Біріншісі ағза тыныққан кезде іске кіріседі. Осы сәтте ас қорыту, ұйқы сияқты ағзаны қалпына келтіру жұмыстары жүреді. Сондықтан уақытылы ұйықтап, уайымға салынбау керек, – дейді невропатолог Майра Абланқызы.

Қашанда ақжарқын, жайдарлы мінезімен емделушінің е сінде қалатын Майра Абланқызы білімі мен біліктілігі толысқан жан. Соңғы он жылда науқастардың көбі инсультпен, тоқтаусыз бас ауруымен, нақтырақ айтсақ неврологиялық аурулармен түсіп жатқандығын тілге тиек етті. Медицина саласында жүйкені күтпегендіктен, күйзелістен, депрессиядан туындайтын неше түрлі ауру бар. Солардың бірі – инсульт. Ол – мидың қан айналымының бұзылуын қамтитын жүйке жүйесі ауруы дамуының соңғы нүктесі. Бұл ауру кезінде мидың кейбір аймақтарында қан ағымы азаяды немесе ол жерге жетуді толығымен тоқтатады. Оның екі түрі бар: ишемиялық инсульт, қанның артериялар арқылы ми жасушаларына өтуінің бұзылуынан пайда болады және геморрагиялық, ол мидағы қан кетуден туындайды.

Неврологиялық аурулардың көптігі сонша елімізде невропатолог мамандарда көбейді. Ең қорқынышты ауру – ми ісігі. Ол – психикалық бұзылыс ағзадағы ісіктердің пайда болуының негізі. Мұндай психикалық және жүйке ауруларымен ауыратын науқастар қатты шаршайды, есте с ақт ау қабілеті нашарлайды, басы ауырады, сөйлемейді, есін жоғалтады. Пациенттер ерекше тұрақты күтімді қажет етеді, терапия нейрохирургиялық әдіспен жүргізіледі. Осының бәрін түсіндіріп өткен Майра Көрпебаева ауруханада ем алып жатқан науқастарды көрсетті. Ауырмау үшін жүйкеңді сақта дегенді қайталап айтты.

Жақсы адамның қашанда жүзі нұрланып тұрады. Ақ халатты абзал жан Майра Абланқызы да әрбір науқасқа туысындай қарап жүгіріп жүр. Жылы сөзімен қолдау білдіріп, ем тағайындап, бізге де сұхбат беріп үлгерді. Деніміз сау болсын!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар