Елімізде ұлттық деңгейдегі халықты жаппай профилактикалық скринингтен өткізу бағдарламасы 2008 жылдан бастап енгізілді. Яғни, 2008 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі халықтың нысаналы топтарына арналған Ұлттық скринингтік бағдарламаны іске қосты. Бағдарламаға алғашында жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті, жатыр мойны обыры, колоректалды обыр сияқты ең жиі кездесетін ауруларды ерте анықтауға бағытталған тексерулер енді. Кейінгі жылдары бағдарлама кезең-кезеңімен кеңейтіліп, жас топтары мен ауру түрлері толықтырылды.
Скрининг қоғамдық денсаулықты сақтау мақсатында жүргізіледі. Скринингтен өту үшін емделушінің МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы қажет. Бұл сақтандыру азаматтарға тегін немесе жеңілдетілген жағдайда скринингтік зерттеулерден өтуге мүмкіндік береді. МӘМС жүйесі арқылы халық арасында «жаман ауру» аталып кеткен қатерлі ісіктер мен басқа да жиі кездесетін ауру түрлеріне ерте диагностикалық тексерістер ұсынылады. Бұл – ауруларды ерте уақытында анықтап, өмір сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Аталмыш тексеруді тұрғынның тіркелген жері бойынша емханалар жүзеге асырады.
Тексерістің ауқымына антропометриялық өлшеулер яғни бой, дене салмағы, бел шеңбері сынды өлшемдер, қан қысымын өлшеу, сондай-ақ мақсатты топқа байланысты зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізу жатады. Жалпы скрининг дайындық, қарап тексеру және зерттеу мен қорытынды кезеңдерінен тұрады. Скринингтік тексерулердің белгілі бір жаста өткізілуі бекер емес. Әр аурудың даму қаупі артып, ерте анықтау ең үлкен пайда әкелетін кезеңі бар. Бұл медициналық-биологиялық деректерге, статистикаға және ірі зерттеулер нәтижелеріне негізделген. Әр аурудың ең жиі пайда болатын кезеңі болады. Мысалы, жатыр мойны обыры көбіне 30-60 жас аралағындағы әйелдерде кездессе, сүт безі обыры 40-45 жастан кейін, ал тоқ ішек обыры 50 жастан кейін жиі кездеседі. Сондықтан тым ерте тексеріс жасау тиімсіз. Ал скринингтің мақсаты – ауру түрін клиникалық белгілері жоқ ерте кезеңде анықтау.
Бұл кезде ауруды емдеу жеңілірек және нәтижелі болып келеді. Ал кешірек өткізілсе, скрининг ауыр асқынулардың алдын ала алмайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде скринингтік тексеру нәтижесінде жүрек-қан тамыр аурулары бойынша – 93917 адамды тексерістен өткізу жоспарланған және 2025 жылдың 10 ай қорытындысымен 88186 адам тексеруден өткізілген. Оның ішінде 6372 тұрғында ауру анықталып, толық диспансерлік есепке алынды. Сондай-ақ қант диабеті бойынша 2025 жылға 93917 жоспарланған тұрғыннан, осы жылдың 10 ай қорытындысымен 88 186 адам тексеруден өткізіліп, 815-нен ауру анықталып, бәрі дерлік диспансерлік есепке алынды. Глаукома бойынша жоспарланған 93917 адамның 88186- сы тексеруден өткізіліп, оның 67-нен ауру анықталып, науқастар диспансерлік есепке тұрғызылды. Сонымен қатар колоректальды қатерлі ісікті ерте анықтау бойынша, тексерістен өтуге 63118 әйел жоспарланып, 10 айдың қорытындысы бойынша оның 36937-сі цитологиялық зерттеуден өткен. Қала тұрғыны Бақтыгүл Омарқұлова жыл сайын скринингтен уақытыл өтетін емделушілердің бірі.
– Жасым елуден асты. Соңғы жылдары денсаулыққа ерекше көңіл бөле бастадым. Скринингке жыл сайын барып тұрамын, себебі ерте анықталған ауруды емдеу жеңілірек. Кейде уақыт тапшы болса да, бұл тексерулер өзім үшін жасайтын маңызды қадам екенін түсіндім. Әсіресе қан қысымы, қант мөлшері, онкологиялық тексерулер сияқты қараулардың пайдасын көрдім. Скрининг – өз денсаулығыңа деген жауапкершілік, сондықтан барлық адамға уақытылы скринингтен өтіп тұруға кеңес беремін, – дейді.
Қазақстанда әйелдер денсаулығы мәселелері ішінде сүт безі обыры мен жатыр мойны обыры ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қатерлі ісіктердің бұл екі түрі әйелдер арасында сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткішінің айтарлықтай бөлігін құрайды. Дегенмен бұл аурулардың көпшілігі ерте кезеңде анықталса, толық емдеуге болады. Сондықтан ұлттық скрининг бағдарламасына қатысу, ақпараттандыру жұмыстарын күшейту және жеке профилактикалық әдеттерді қалыптастыру – әйел денсаулығын сақтаудың ең тиімді жолы. Облыста сүт безі обыры бойынша биыл ерте анықтауға 51476 әйел жоспарланып, 44253 әйел маммографиядан өтті. Сондай-ақ жатыр мойны обыры бойынша ерте анықтауға 42560 әйел жоспарланып, 36937 әйел яғни әйелдің 86,8 пайызы цитологиялық зерттеуден өткен.
Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша бүгінгі күні әлеуметтік мәндегі сырқаттанушылықты ерте анықтау жұмыстары тұрақты бақылауда.
УЗИ дәрігері Айнұр Абдрассилова:
«Қазіргі уақытта әйелдер арасында қатерлі ісіктің жиі кездесуі алаңдатарлық деңгейде. Ерте кезеңде ауру белгілері байқалмағандықтан, әйелдердің көбі ауруды кеш кезеңде біліп жатады. Сол себепті профилактикалық тексерістер мен скринингтік зерттеулердің маңызы зор. Бұрын біз әйелдерге жылына бір рет узиге түсу жеткілікті дейтін болсақ, бүгінгі күні жарты жылда бір тексеріліп тұруды жөн көреміз» – дейді.
Скринингтік зерттеулер – халық денсаулығын сақтаудың ең тиімді және ғылыми негізделген әдістерінің бірі. Олар ауруларды ерте кезеңде анықтап, уақытында ем бастауға мүмкіндік береді. Ерте диагноз қойылған жағдайларда емнің нәтижелілігі артып, асқынулардың және өлім-жітімнің алдын алуға болады.
Қазақстанда енгізілген ұлттық скрининг бағдарламалары халықтың денсаулығын қорғауға және ауруларды ерте кезеңде анықтауға айтарлықтай үлес қосып келеді. Бұл бағдарламалар әсіресе әйелдер арасында сүт безі обыры мен жатыр мойны обырын, сондай-ақ басқа да жиі кездесетін ауру түрлерін ерте анықтап, уақытында ем жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, скринингтік тексерістерден уақытылы өтуі – ұзақ және сапалы өмірдің маңызды кепілі.
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта
- 29 қараша, 2025
Ұлт саулығы - бәрінен биік!
- 29 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




